Абай облысының білім басқармасы мен білім мекемелерінде ата-аналарды қолдау үшін сенім телефоны қойылып, «Call» орталықтары жұмыс істейді. Қазіргі таңда облыс көлемінде 309 жалпы орта білім беретін мекеме болса, соның 302-сі – мемлекеттік, 7-еуі – жекеменшік мектеп. Биыл 10 мың бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды.
Бүгінде жоғарыда аталған бағыттар бойынша балаларға материалдық қолдау көрсету аясында облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 22 641 оқушыға жалпыға бірдей білім беру қорынан 995,840 млн теңге бөлінді. Бұл мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін әр балаға 43 407 теңге мөлшеріндегі қаржылай көмек ата-аналардың немесе қамқоршы есебіндегі адамдардың шотына тікелей аударылады. Осыны жүзеге асыру мақсатында ата-аналар мен әлеуметтік педагогтерге ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп, оқушылардың тізімі мен отбасылардың әлеуметтік санатын растайтын құжаттар жинақталды.
Абай облысы білім басқармасының ұсынған дерегінше, «Arzan-mix-Semey» кеңсе тауарлары дүкенінің демеушілігімен Семей қаласындағы 100 оқушыға оқу құралдары, оның ішінде басқа керек-жарақтары бар мектеп сөмкесі берілді. Сонымен бірге облыс орталығында аталған акция шеңберінде әр аптаның демалыс күндері мектеп жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде оқушыларға арналған мектеп киімдері мен оқу құралдары нарықтық бағадан айтарлықтай төмен сатылады. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы облыс орталығынан бөлек, аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда да жалғасып жатыр. Мәселен, Бесқарағай, Жарма, Үржар аудандарында жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасылардың балаларына қажетті оқу құралдары мен мектеп сөмкелері табысталды. Айталық, Бесқарағай ауданында «Қазақстандағы Адвентистік көмек және даму агенттігі» қайырымдылық қорының жетекшісі В.Михайлов пен «Бірлік» қоғамдық ұйымының басшысы С.Әубәкірова 253 оқушыны мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, 3 822 700 теңге көлемінде көмек көрсетті.
Ал Жарма ауданындағы «Бақыршық Кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры К.Исаев 194 оқушыға 1 194 928 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетсе, Үржар ауданындағы «MED365» компаниясының директоры Ш.Құлахметов отызға тарта әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасының балаларына жалпы сомасы 450 000 теңге көлемінде оқу құралдарын алып берді.
Сондай-ақ Үржар мен Мақаншы аудандарында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлер оқушыларға арналған мектеп формалары мен оқу құралдарын қолжетімді бағада ұсынды.
Абай облысы