Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы ірі компаниялар мектеп оқушыларына сабаққа қажетті құралдарды алып бере бастады. Жақында «Теңіз» кен орнынан Қара теңіз жағалауындағы айлаққа дейін құбырмен мұнай тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы 370 оқушыны оқу құралдарымен қамтамасыз еткен. Бұл балалар биыл мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр.
Қайырымдылық акциясына «Теңіз» кен орнын игеріп жатқан шетелдік инвесторлармен бірлескен «Теңізшевройл» ЖШС еріктілері де қосылды. Олар «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық қорымен бірге 400 оқушыға мектеп құралдары салынған сөмкені сыйға тартты.
«Мектеп оқушыларын күнделікті сабақта пайдаланатын құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жалғасын табады. Бұл игі іске жеке кәсіпкерлер де атсалысқалы отыр. Қайырымдылық акциясы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады», деп мәлімдеді аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Атырау облысы