– Жоғары білім саласы мен кәсіпорындар бірлестігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты ықпал етеді?
– Мұндай байланыстың арқасында, ең алдымен, университеттер пайда көреді. Бүгінгідей мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының тапшылығы тұсында жоғары оқу орындары үшін мұндай серіктестіктің берері көп. Әуелі өнеркәсіп компанияларымен әріптестік орнату арқылы қосымша қаржы көзі пайда болады. Сонымен қатар өнеркәсіп компаниялары кадр даярлау мен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөледі. Бұл ғалымдардың жаңалықтары мен патенттерін өндіріске енгізуге, яғни ғылымды коммерциялизациялауға мүмкіндік береді. Есесіне университеттер өнеркәсіп қызметкерлеріне қысқа оқу курстарын ұйымдастыру, кадрларды қайта даярлықтан өткізу, кәсіби біліктілігін арттыру сияқты түрлі қызмет көрсете алады. Сондай-ақ өнеркәсіп компанияларының ұсыныстарын ескеріп, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды даярлауға септігін тигізеді. Университет оқытушылары, студенттер мен магистранттар қоғам мен мемлекетте болып жатқан шынайы тәжірибелік мәселелерді зерттеумен айналысатын болады. Сайып келгенде осындай ынтымақтастықтың негізінде университеттер академиялық, ғылыми зерттеу және қаржылық тұрғыдан пайда көреді.
– Өнеркәсіп компанияларына қандай пайда болады?
– Олар өздеріне қажетті заманауи кадрларды даярлауға, өндірістік проблемаларды тегін және ақылы зерттеуге мүмкіндік алады. Өндіріске инновациялық идеяларды енгізу, жаңа патенттер мен авторлық құқықтарға қол жеткізу арқылы өндірістің сапасын жоғары сатыға шығарады. Білікті ғалымдар мен сарапшылардан кеңес алып, зертханада сынақтар жасап, сараптама жасайды. Университет ғимараттарында түрлі жиындар өткізіп, бизнес серіктестермен кездесулер өткізеді.
Ал бұл үрдістің ең бастысы қоғамға, яғни сол жердің халқына пайдасы көп. Мысалы, халық тұтынушы ретінде жаңа өнімдер, сапалы тауарлар мен қызметке қол жеткізеді. Өнеркәсіп компаниялары жаңа технологияларды қолданып, істері алға басса, салық та көп түсіп, сол өңірдің экономикасы ілгерілейді. Осының арқасында халықтың жұмыспен қамтылу мәселесі де оң шешімін табады. Демек мұндай ынтымақтастық барлық тараптарға материалдық, рухани, ғылыми және қаржылық жағынан тиімді.
– Мұны халықаралық тәжірибеге сүйеніп айтып отырсыз ба?
– Әрине, Американың әлемге танымал Стэнфорд, Гарвард, Йель сияқты университеттері ірі өнеркәсіп компанияларымен әріптестік орнатудың нәтижесінде әлемді өзіне қаратып отыр. Тек бір ғана Стэнфорд университетінің аумағында Кремний алқабы (Silicon Valley) орналасқан, ол жерде жүздеген алпауыт IT компанияларының офистері ашылған. Соның себебінен бұл университеттер әлемдік деңгейде танылып, мемлекет бюджетінен тәуелсіз болып отыр. Олардың жеке қорындағы қаражат кейбір мемлекеттің біржылдық бюджетінен көп. Мысалы, Гарвард университетінде – 50,9 млрд, Йель университетінде – 41,4 млрд, Стэнфорд университетінде – 36,3 млрд, Принстон университетінде 35,1 млрд долларлық эндаумент қорлары бар. Жалпы алғанда теорияда «Triple Helix Model» сияқты мемлекет-индустрия-университеттер арасында әріптестікті орнатудың тиімділігін негіздеген түрлі теориялар бар. Осындай теорияларды басшылыққа алып, біздің елдің контексінде де зерттеулер жүргізу керек. Мысалы, университеттердің директорлар кеңесін бизнес және индустрия өкілдерін тарту арқылы әріптестік орнатудың алаңына айналдыру керек. Директорлар кеңесінің функционалдық міндеттеріне қатысты бірқатар өзгеріс енгізу қажет деп ойлаймын.
– Бізде де ғылымға қаржы бөлу үшін түрлі ынталандыру шаралары қарастырылған. Мәселен, «Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамада» өңірлік университеттердің ғылыми және инновациялық әлеуетін көтеру, оларды экономикалық және инновациялық хаб ету сияқты жобалар ұсынылды. Нәтиже қалай болды?
– Көңіл көншітерлік емес. Қазір университет пен өнеркәсіп арасында шынайы ынтымақтастық орнады және одан екі тарап та пайда тауып жатыр деп айту қиын. Менің ойымша, мұндай байланыстың орнамауы әлі де тиісті заңнамалық базаның нашар болуында және мемлекеттік органдардың өзара келісіп жұмыс істемеуінде. Нақтырақ айтайын. Заңды түрде өнеркәсіп компанияларын университеттермен ынтымақтастық орнауына негіз болатын жалғыз заң – Жер қойнауын пайдалану туралы кодекс. Осы Кодекске сәйкес бұл салада қызмет ететін компаниялардың барлығы өз инвестициялық салымынан 1% кадр даярлауға және 1% ғылыми зерттеу жұмыстарына жұмсау керек. Алайда бұл кодекстің нормалары әлі де толық жұмыс істемей келеді. Заң ғылымында «өзінің жүзеге асырылу тетігі жоқ құқықтық норма – өлі туылған норма» деген қағида бар. Яғни бұл кодекстің нормалары жұмыс жасау үшін тиісті заңға сәйкес актілер шығарылу керек еді. Өнеркәсіп компанияларын университеттермен ынтымақтастық жасауына міндеттейтін басқа заң немесе заңға сәйкес акт жоқ. Әрине, басқа министрліктердің кадр даярлау және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге жоспарланатын бюджеті болатын шығар, алайда ондай қаржының университеттерге жеткені туралы ақпараттар табу өте қиын. Мысалы, докторлық зерттеу барысында еліміздің ірі мемлекеттік және ұлттық университеттерінің басшылық құрамынан 30 адаммен сұхбат жүргізгенімде, қатысушылардың басым бөлігі университетке өнеркәсіп тарапынан түсетін қаржының әлі де аз екенін айтып кетті. Осының алдында да бес жыл, он жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар Президенттің Жарлықтарымен немесе Үкіметтің қаулыларымен бекітіліп келген. Сол құжаттарда да өнеркәсіп пен жоғары білім саласы бірлесіп қызмет ету керек деп талай айтылған. Алайда өнеркәсіп компаниялары жоғары оқу орындарына тиісті көңіл бөлер емес.
– Екі тарап тізе қосып жұмыс істеуге құлықсыз болғаны ма?
– Олардың мүдделері әртүрлі болып тұр. Университеттер білім беру мен оны таратуға тырысса, өнеркәсіп компаниялары нарықтағы басымдыққа ие болуға ұмтылады. Осы тұста Ұлыбританиядан үйренеріміз көп. Мәселен, ол жақта 165 университет бар. Соның бесеуі ғана жекеменшік, қалған 160-сы «public» мәртебесіндегі университет. Біздің тілмен айтқанда, мемлекеттік университет. Бірақ оның құзыреттік сипаты біздікінен басқаша. Яғни ол мемлекеттікі де емес, жеке біреудікі де емес, қоғамдікі, нақтырақ айтқанда, халыққа тиесілі. «Рublic» университеттерді кезінде дәулетті адамдар ақша беріп салған. Олардың ішінде ірі темекі фабрикасы мен спирт зауыттарының иелері, тіпті құл сату секілді антиморальдік нарық иелері өзі университетке ақша аударуға өте ынталы болған. Бірнеше жыл, тіпті ғасыр өткен соң жемісін беретін университетті қаржыландыру олардың мемлекеттік мүддені басты орынға қойып тұрғанының белгісі. Сол дәулетті отбасылардың аты-жөні мен династиялық таңбалары бүгінгі таңда университеттердің рәміздерінде көрініс тауып, әлі күнге дейін жазулы тұр. Соған қоса көптеген университеттің оқу ғимараттары сол филантроптардың атымен аталады. Осылайша, есімдерін тарихта мәңгілікке қалдырып кетті. «Тек мемлекет қаржысына сүйеніп, жоғары білім мен ғылымды дамытамыз» деу – үлкен қателік. Шыны керек, қазір еліміздегі мемлекеттік және ұлттық университеттер қиын жағдайда тұр. Өйткені олар мемлекеттік гранттар, ақылы бөлімде оқитын студенттердің оқу ақысы мен ғылыми жобалардан түсетін қаржыға ғана тәуелді болып отыр. Сол себепті еліміздегі университеттердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін оларға түсетін қаржы көздерін әртараптандыру қажет.
– «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алып келдіңіз. Ол жақтың оқыту жүйесінде қандай ерекшелік байқадыңыз?
– Иә, онда мен Бристоль университетінде Білім саласын басқару мамандығы бойынша докторантураны аяқтап келдім. Жұбайым да осы бағдарлама бойынша докторантураны тәмамдады. Бристоль университеті – QS рейтингі бойынша әлемде 54-орында, Ұлыбританияда 9-орында тұрған ірі зерттеу университеті. Ол жерде қазіргі заманғы зерттеу жүргізудің қыр-сырын терең меңгеріп шықтық, әлемдік деңгейдегі профессорлардан дәріс алып, зерттеуші ретінде қалыптастық. Мысалы, мен Ұлыбританияға оқуға түскенге дейін елімізде 100-ден астам ғылыми еңбегім жарияланған, өзімді бір тәжірибелі зерттеуші ретінде санайтынмын. Алайда біздің елде зерттеу методологиясы, теорияларды ғылыми жұмыста қолдану, тәжірибеге бағытталған зерттеу жұмыстарын жүргізу дамымаған екен. Тіпті елімізде академиялық жазудың негіздерін үйрету бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламаларына енгізілмеген. Осының салдарынан қорғауға шығып жатқан докторанттар немесе ғылыми атақ алғысы келген оқытушылар шетелдік журналдарға мақала шығара алмай, ғылыми атағы мен дәрежесін ала алмай жүр. Бұл жерде тек ағылшын тілін білмеу мәселесі емес, жалпы ғылыми жұмысты жазудың дәстүріндегі кемшіліктерді көріп отырмыз. Нәтижесінде, академиялық ортада Scopus және Web of Science базаларына кіретін шетелдік журналдарға ғылыми мақаланы тек ақылы түрде шығаруға болады деген теріс пікір қалыптасқан. Тіпті біздің елде мұны үлкен бизнес деп санайтындар да бар. Өз басыма келетін болсам, мен шетелдік жоғары рейтингтік журналдарда мақалаларымды ақысыз шығарып жатырмын. Әрине, мұндай журналдардың мақала мазмұнына, ғылыми жаңалығына, методологиясы мен теориялық негізіне қоятын талаптары өте жоғары.
Тағы бір айырмашылық, бізде докторантура үш жыл болса, оларда төрт жыл оқиды. Ұлыбританияда докторлық диссертация негізінен эмпирикалық зерттеу әдістеріне негізделеді және зерттеуші өзі қолымен мәліметтер жинап, соның нәтижесінде қорғауға шығады. Ең бастысы, ол жақта әр факультетте ғылыми этика бойынша комиссия маңызды рөл атқарады. Зерттеу бастайтын болсаң, алдымен сол комиссияның рұқсатын аласың. Содан кейін барып зерттеуіңді бастайсың. Ғылыми зерттеуге деген талаптары өте қатал. Бізге де осындай тәжірибені енгізу қажет. Сонда ғана мемлекеттің ғылымды дамытуға қатысты саясаты жүзеге асырылып, жалған авторлық пен сапасыз мақалалар азаяды.
Тағы бір ерекшелігі, ол жақта оқытушы құрамы сабақ беретін және ғылыми зерттеумен айналысатындар деп екі санатқа бөлінеді. Ғылыми зерттеумен айналысатындардың жалақысы әлдеқайда жоғары. Ал ғылымға жақын емес оқытушылар көп жағдайда жұмыс уақытының басым бөлігін сабақ беруге арнайды.
Ал бағалау жүйесіне келетін болсақ, Англияның зерттеу университеттерінде ғылыми жұмыс жазуға ерекше көңіл бөлінеді, яғни академиялық жазудың рөлі маңызды. Мысалы, докторантурада алғашқы екі жыл аудиториялық сабақтар болып, әр пән бойынша 4000-8000 сөз аралығында ғылыми эсселер жаздық. Ол жерде саған өз тақырыбың бойынша сол пәннің шеңберінде эссе жазуға мүмкіндік береді. Әр эссе ғылыми мақаланың деңгейінде жоғары дәрежеде жазылып шығады. Екі жыл ішінде осындай жеті эссе жазып шыққан докторанттар өз тақырыбы бойынша зерттеу жұмысын жүргізуге дайын болып шығады. Сонымен қатар докторанттар факультет пен университет деңгейіндегі түрлі ғылыми зерттеу орталықтардың мүшесі болып, ғылыми семинарларға қатысып, презентациялар жасайды. Бұл жағдай докторанттарға зерттеуді пәнаралық деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.
Келесі бір ерекшелік, Бристоль университетінде докторанттар әлемдік ғылыми жұмыстар базалары мен кітапханаларын тегін қолдана алады. Мысалы, мен докторлық жұмысымды жүргізу барысында әлемнің кез келген кітапханасынан онлайн материалдар алып, еркін жұмыс жүргіздім.
Жалпы алғанда, әлемдік университеттерден үйренетініміз әлі көп және ол жерлерде елімізге ғылыми кадрлар даярлау саясаты өте дұрыс деп ойлаймын. Сол себепті осындай әлемдегі жетекші университеттің бірінде білім алып, зерттеу жүргізуге мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасына алғысымыз шексіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»