19 Маусым, 2010

ЯДРОСЫЗ ӘЛЕМ ҚҰРУДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСТАМАСЫ

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше елордадағы Ұлттық бас­пасөз клубында “Қазақстан: Ядро­сыз әлем архитектурасы” атты кітаптың тұсаукесері болды. Кітап “Казахстанская правда” жалпы­ұлттық газетінің ұжымдық еңбегі болып табылады. Онда га­зетте әр жылдары ядролық қару­сыз­дану тақырыбында жарық көр­ген жа­рия­ланымдар топтастырылған. Әлемді ядролық қарудан азат етуге бола ма? Болатынын Қазақ­стан тәжірибесі дәлелдеп берді. Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Прези­денті – Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баев 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Сол күннен бастап Қазақстан даласында ядролық сы­нақ жасау тоқтатылды. Мемлекет басшысының осы батыл қадамын қазақстандықтармен қатар, әлем жұртшылығы қуана қолдап, ерлік­ке теңеді. Кейін Қазақстан қуат-күші жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартып, әлем жұрт­шылығын тағы бір таңқалдырды. Президенттің – Елбасының осынау игі бастамасы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, зор қолдауға ие болды. Содан кейін Қазақстан Президенті – Елбасы әлемдік ядролық қару­сыздану идеясын көтерді. Мем­ле­кет бас­шысының идеясына халық­аралық қоғамдастық үн қосты. Соңғы жылдары ядролық қарусыз­дануға байланысты ірі халық­аралық жиындардың өтіп жатқаны соған нақты дәлел болады. Президент – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев  ірі халықаралық жиындарда, жоғары деңгейдегі кездесулерде жаппай қырып-жоя­тын қару түрлерін таратуды әрі қарай жалғастыру – бүкіл әлемге қауіп-қатер төндіретінін, аса ауыр зардаптарға соқтыратынын айту­дан жалыққан емес. Сонымен қа­тар, ядролық қаруға қатаң бақылау орнату қажеттігін де талай мәрте көлденең тартып келеді. Өйткені, ядролық қару халықаралық лаң­кестік ұйымдардың қолына түспеуі керек. “Қазақстан: Ядросыз әлем архитектурасы” кітабында Қазақ­стан Республикасының аталған мә­селелер туралы өткен кезең­дер­дегі ең жарқын парақтары, Мем­лекет басшысының батылдығы мен көрегендігі көрініс тапқан. Сондай-ақ шет мемлекеттер бас­шылары мен танымал саясат­кер­лердің, ай­ту­лы тұлғалардың ядро­лық қару­сыз­дану мәселесіне қа­тысты ма­қа­ла­лары және пікірлері берілген. Кі­таптағы түрлі-түсті суреттер ерекше назар аудартады. Елорданың бүгінгі келбеті, аспан­мен бой таластырған, бір-бірімен жа­расым тапқан ғимараттар, Се­мей ядролық сынақ полигонынан сыр тартатын, оның жойқын зар­даптарынан хабардар ететін сурет­тер де жетерлік. Кітап көпшілік қауымға арналған. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.