Шараға 4 құрылыс компаниясы қатысып, келушілерге өз тұрғын үйлерінің артықшылықтарын таныстырды. Сондай-ақ өз нысандарына жеңілдіктер ұсынып, түрлі ұтыс ойындарын ойнатты. Ашық есік күніне арнайы келген 200-ден астам адам тұрғын үйлерді рәсімдеу бойынша құнды ақпараттар алды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, «Наурыз» бағдарламасына қатысып, қызығушылық білдіргендер саны көп. Солардың бірі − Арайлым Ізбасарова. 34 жастағы Атырау қаласының тұрғыны «Наурыз» бағдарламасының іріктеуінен өтіп, банктің оң мақұлдауын алған. Бүгін ол да көпшілікпен бірге өзіне ұнамды үй таңдауға келген екен.
«Біз осы «Наурыз» бағдарламасына құжат тапсырдық. «Наурыз» бағдарламасы ашылғаннан кейін, бағымызды сынап көрейік деп құжат тапсырдық. Қазақстан бойынша 38000 адам өтініш берсе, оның тек 12 мыңы ғана іріктеуден өткен. Соның ішінде біз бес мыңыншы болып тұрмыз. Өте қуаныштымын. «Отбасы банк» АҚ ұжымына алғысымды білдіремін», деді ол.
Бағы жанып, баспаналы болуға мүмкіндік алған тағы бір тұрғын Гүлім Аманжолова, банктен депозит ашып, оны көп жылдан бері үздіксіз жинағанын айтады. Келіншек сол салымының арқасында бағдарламаға қатысып, алғашқы жарнаға аударатын қаражаты жеткілікті болып, іріктеуден өткен.
«Отбасы банктің» 2017 жылдан бері салымшысымын. Осындай бағдарлама шығып, қатыстым. Өте тиімді бағдарлама. Құжаттарды жинақтап, келісімін алдық. Енді біз үй таңдау үстіндеміз. Бүгінгі ашық есік күні жақсы өтуде. Жақсы басталды. Жақсы таныстырылды. Халыққа жақсылап жеткізу мақсатында осында ашық есік күндері көп болса екен дейміз», деді салымшы.
Биыл «Наурыз» бағдарламасына өтінімдерді қабылдау 1 мамырдан басталды. Бағдарламаға қатысу үшін Атырау облысынан 1200 -ге жуық тұрғын өтініш берген. Жоба аясында 420 адам мақұлдау алыпты. Банк өкілдері 2025 жылдан бастап өтінімдерді қабылдау наурыз айында басталатынын хабарлады.
«Бүгін «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалы барлық құрылыс компанияларын банктің бөлімшесіне жинап, ашық есік күнін өткізудеміз. Негізгі мақсатымыз – «Наурыз» бағдарламасына өткен салымшыларымыз өз үйлерін бір жерге келіп таңдасын деген ниетпен жинап жатырмыз», деді «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Данияр Тайшекенов.
Жаңа жоба − жаңа мүмкіндік
«Наурыз» бағдарламасы 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін) - 9 % (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін) мөлшерлемемен іске қосылған жаңа ипотека. Бағдарламаға үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдері қарастырылмаған қызметкерлер, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары қатыса алады. Жоба 8 жылға арналған. Осы уақыт аралығында еліміздің 68000 азаматын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.
Биылғы жылдың өзінде бағдарлама арқылы 12 мың қазақстандық баспаналы болады деп жоспарланған. Оны іске асыруға биылдыққа 300 млрд қаражат бөлінген. Жаңа «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары жылдық 7 пайызбен (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін) несие ала алады. Атап айтқанда, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен аурулардың тiзбесiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Мұндай адамдар әскери қызметке шақырылған кезде жасы міндетті әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады; қандастар; экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан баспанасынан айырылған адамдар; «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар, көпбалалы отбасылар; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi, әскери қызметтi орындау кезiнде, ғарыш кеңiстiгiне ұшуға дайындық немесе ұшуды орындау кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары; толық емес отбасылар. Ал бұлардын қатарына кірмейтіндер 9 пайызбен (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін) несие алады. Бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банкінде» депозит шоты ашылуы керек, бірақ салым мерзімі ескерілмейді. Жинақ шотында кемі 1 млн теңге көлемінде қаражат болуы тиіс дейді ұйымдастырушылар. Ең бастысы қатысушының соңғы 5 жылда атында үйі болмауы тиіс.
Сонымен қатар бұл бағдарламаға студенттер де қатысу мүмкіндігіне ие. Олардың стипендиясының мөлшері ескеріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 30 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ бір несие аясында азаматтар сатып алатын үйді жөндей алады. Бұған да кредит қарастырылған, ол несиенің жалпы сомасының 20% - нан аспауға тиіс. Банк өкілдерінің айтуынша, бағдарлама баспана аламын деушілерге үлкен мүмкіндік. «Отбасы банк» өкілдерінің сөзінше мұндай ашық есік күні алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Ақмарал БИСЕМБАЕВА