13 Маусым, 2015

Аң аулауға үш жыл тыйым салынды

428 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
13-06-2015-an aulau 01Ертеде Сенека деген ғұлама: «Адамдарды жақын таныған сайын иттерді жақсы көре бересің», деп іштегі шерін тарқатқан екен. Ит – жануар ғой, қапқысы келсе қабады.Еркелетсең, басыңа күн туғанда одан  артық дос жоқ. Қазақтың итті жеті қазынаның біріне қосатыны содан. Ал, адамның айуандығы кейде хайуандардан да асып кетеді. Бұл, әсіресе, қолында мылтығы бар аңқұмарларға көбірек қатысы болса керек. «Жезкиік» деп әнге айналған момын жануар бар. Бауыздап жатқанда көзі мөлдіреп жата береді. Өздері үшін артықшылық, өмірінің қауіпсіздігі үшін үлкен міні де бар еді. Себебі, сайын даланың еркесі жолай ұшырасқан машина көрсе үйірімен қабаттаса шауып, алдын кесіп өткенше тоқтамайтын. Мұндайда делебесі қозған шоферлар екілене қуып, біразын үйірден алып қалатын. Төлдегенде, құралайдың сал­қы­нында ауыл шетіне дейін келетін. Жондары қызыл жалқын болып маң далаға сыймай маңырап жатар еді. Ол кезде адамдар мейі­рім­ді ме, төлдеп жатқанда қару кеземейтін. Сарыарқаның сәні болған мил­лиондаған киіктер адамдардың табиғатқа салған лаңынан жаппай қырылды. Мүйіздері Қытайға сатылды. Үйірлер күйекке түсер кезде текесіз қалды. Адамдардың қолымен жаса­лып жатқан нәубет тек киік­терге ғана келген жоқ. Оңтүс­тікте қырғауыл деген құс бар. Қоразының әдемілігі көздің жауын алады. Қызылды-жа­сылды қанаттары күн нұрымен шағылысып ұшқаны бір керім. Аты құс болғанымен, табиғаты тауыққа жақын қырғауыл ұшып та жарытпайды. Қалың жыңғыл, шіліктің ішінде жүреді. Ата қо­раздары мекиендерін ертіп, ашық алаңға шыққанда бұрын қырғауыл көрмеген адам: «Апыр-ау, жапанда жайылып жүрген жаба­йы тауық па?» деп таң қалар еді. Сырдың бойындағы ауыл­дардың үй құстарымен бірге жайылып жүретін осы қырғауыл да бүгінде «Қызыл кітапқа» кірудің аз-ақ алдында тұр. Се­бебі, аңшысы бар, аңшы емесі бар, тоғай ішін кезіп, аз жылда тұқымын жойып жібере жаздады. Облыста табиғатты пайдалану және реттеу мақсатында өткен үлкен бір жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов есті жан ұғарлықтай сесті сөз сөйлеп: «Қа­рапайым халықта тәуір мылтық жоқ. Аң-құсты ермекке қырып жатқан мемлекеттік шенеуніктер. Осыдан бірің туралы хаттама түссін, сол күні жұмыстан шы­ғарамын», деп зіл көрсеткен. Содан ба, мемлекеттік қыз­меткерлер сенбі, жексенбі болса мылтығын асынып, тау асып кеткенді қойып келеді. Табиғат қамқоршыларының қуанышына орай, биылдан бас­тап «Сырдария-Түркістан мем­лекеттік өңірлік табиғи паркі» аумағында үш жыл бойы аң аулауға мораторий жарияланды. Бүгінгі таңда мұнда Бұхар бұғыларының басы 81-ге жеткен. Олардың өңірлік парктің Боралдай және Сырдария филиалдарында елік пен қырғауылдарды қолдан өсіру үшін тұқымбақтар құруға биологиялық негіздеме жасалуда. Сол сияқты Қаратау арқарларының емін-еркін қо­ныс аударуын қамтамасыз ету мақсатында экологиялық дәліздің жобасын дайындау жұмыстары осы жылы аяқталмақ. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».