Оның ісі елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қаралды. Іс материалдары бойынша, әйел Алматы халықаралық әуежайында әуе айлағының мүлкін бүлдірген.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді. Құқық бұзушылықтың мән-жайы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамадағы фактілік деректермен, рапортпен, түсініктемелермен және бейнежазбамен расталады.
«ӘҚБтК-нің 147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясында 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген. Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 50-бабына сәйкес, жүкті әйелдер мен 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге әкімшілік қамауға алу қолданылмайды. Жауапкершілікті жеңілдететін жағдайлар ретінде құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалуы, кінәні мойындау және кәмелетке толмаған 3 баланың болуы ескерілді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Сот қаулысымен Х. құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – делінген хабарламада.
Соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 19 тамызда әуекомпанияның SMS-хабарламасындағы қателігіне байланысты жолаушылар өз рейсіне кешігіп келген. Әуекомпания кешіккен жолаушыларға келтірілген ыңғайсыздықты өтеген. Бірақ мәселе жанжалсыз болмады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келді.