Сұхбат • 28 Тамыз, 2024

Исламбек Салжанов: Көшпелілер ойындары төл спортымызды жаңа белеске шығарады

243 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Санаулы күннен кейін Астанада төрткүл дүние көз тіккен Дүниежүзілік көшпелілер ойындары басталады. Апта бойы Арқа төсінде этноспорт Олимпиадасының туы желбіреп, көшпелі халықтардың көшелі өркениеті әлем назарына ұсынылмақ. Бұл ретте этноспорт түрлері екпін алып, биік белестен асуы үшін Ұлттық спорт қауымдастығы құрылып, бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2022 жылы Ұлттық спорт қауымдастығына «Алтын қыран» қорының президенті Исламбек Салжанов сайланды. Іргелі істің шаруасын екі жылдан бері тізгіндеген басшыдан ұлттық ойын түрлері өрісін ұлғайту бағытында атқарылған һәм келешектің еншісіндегі жоспарды сұрадық.

Исламбек Салжанов: Көшпелілер ойындары төл спортымызды жаңа белеске шығарады

– Ұлттық спорт қауым­дас­тығындағы екі жылғы еңбегіңіздің нәтижесі қандай? Қандай тың жаңа­лықтар бар?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға әрқашан шы­найы ықылас танытып, ай­рық­ша қолдау көрсетіп отыр. Соның жарқын мысалы – биыл күзде Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары. Дүбірлі додада 90-ға жуық мемлекеттің спортшылары бақ сынайды. Мұндай ауқымды аламанды әлемдік деңгейдегі Олимпиада ойындарымен де шендестіруге болады. Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын елімізде өткізу туралы шешім қабылдаған сәтте Президент тек халықаралық іс-шара ұйымдастыру үшін емес, ұлттық спортымызды кеңінен насихаттай отырып, ұлтты ұйыстыру идеясын негізге алды деп ойлаймын. Ұлттық спорт – халқымыздың ынтымақтастық рухын күшейтуге, бір мүдде жолында бірлігін нығайтуға септігін тигізетін бірегей құнды­лық. Бүгінгі ізгі мақсат жолында төгілген тердің жемі­сін болашақ ұрпақ көреді.

– Көшпелілер ойындары бізге не береді деп ойлайсыз?

– Өздеріңіз білетіндей, Пре­зи­дент тапсырмасымен V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының эстафетасын Түркиядан Парламент Мәжі­лі­сінің төрағасы, «Amanat» пар­тия­сының төрағасы, ұлттық спорты­мыздың жанашыры Ерлан Қошанов елімізге жет­кізген еді. Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарын ұйым­дас­тырудан ұлттық спортымыз ұтпаса, ұтылмасы анық. Біріншіден, біз көшпелілер өркениетінің бір бөлшегі екенімізді, біздің мақтан тұта алатын өз ерекшелігімізге сай ұлттық спортымыз бар екенін еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін хабардар еттік. Бұлай дейтініміз, жақында облыстарға арнайы журналис­тер жіберіп, сауалдама жүр­гіздік. Халық арасында ел­дің көшпелілер ойындары туралы ақпараттан хабары бар ма деген сұраққа жауап іздедік. Нәтижесі көңіл мар­қай­тады. Халық құлағдар, қызығу­шы­лығы жоғары, тамашалауға ниет­ті. Екіншіден, ұлттық спорт­пен айналысып жүрген спорт­шыларымыз үшін төл өнерді өрістету зор мәртебе, халық үшін маңызды саналатын ұлттың руханияты жаһандану дәуірінде де үнемі Мемлекет басшысының назарында екенін айқындайды. Үшіншіден, Аста­нада күрделі жөндеуден өткен «Қазанат» ипподромы мен спорт кешендері ұлттық спорты­мыздың тұрақты дамуы­на серпін берері сөзсіз. Енді елор­дада ұлттық спорт­тың қай түрінен болсын ха­лықаралық стандартқа сай қандай сайысты да өткізуге қау­қарымыз жетеді. Төр­тіншіден, Көшпелілер ойын­­дарының нәтижесінде ата-ана­лар балаларын ұлттық спорт үйір­мелеріне көптеп әкеле бас­тайды. Этноспорт дода­сының басты нәтижесі осы.

апр

– Расында, ата-аналар ба­ла­ларын ұлттық спорт үйір­ме­леріне жаздырса, басты көр­­сеткіш осы екені анық. Ұлт­­тық спортымыздың қай түрі жас­тарымыздың ерекше қызығу­­шылығын тудырып отыр?

– Төл ойын түрлері қашан да ұлттық кодымызды ай­шық­тайтын тілімізбен һәм мәдениетімізбен қатар өрбиді. Сондықтан жастарымыздың қызығушылығы заңдылық деп есептеймін. Осы тұста жастарымыздың ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануына қолдау көрсетіп келе жатқан Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың еңбегін атап өткен жөн.

Ұлттық спортымыздың қай-қайсысы да қанат жа­йып, дамуына әлеуеті мол. Дегенмен бұқаралық сипатқа ие тоғызқұмалақ пен садақ ату деп ойлаймын. Садақ ату федерациясы құрылғанымен, клубтық деңгейде әркім өз күнін өзі көріп келген екен. 2022 жылы барлық клубтың басын біріктіріп, ел чемпионаты ұйымдастырылды. Сол іс-шараға 183 садақшы мерген қатысса, бүгінде садақ атумен кәсіби түрде шұғылданушылар қатары 5 мыңға жетті. Қазіргі таңда садақ ату спортының дамуы, таралу көкжиегі қарқын алып келеді. Бұған бір ғана мысал айтайын. Түркия мем­лекеті садақшылар арасында «Fetih Kupası» (Жеңіс кубогі) халықаралық тур­нирін ұйымдастырады. 10 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан сайысқа әлемнен мыңға тарта мерген қатысады. Түрік стилімен өтетін додада садақшылар адырнасын кере жебесін алыстағы нысанаға атудан тартысқа түседі. Міне, осы айтулы додада астаналық садақшы қыз Айкөркем Батихан чемпион атанды.

«Дәстүрлі садақ ату» респуб­ликалық федерация басшысы Айдос Мұқатаевтың жұмысы көң­ілімізді марқайтып, спорт­шыларымызды жаңа баста­ма­ларға бастап жүр. Тағы бір атап өтетін жайт, жастарымыз алдыңғы буын ағаларына елік­­теп, солар шұғылданатын спорт­қа үйір келетінін көріп жүрміз. Садақ атуға жастары­мыздың қызығуына әлеуметтік желіні тиімді пайдаланатын Мем­лекеттік кеңесші Ерлан Қарин­нің садақ атумен айналысатыны белгілі бір дәрежеде өз септігін тигізді.

Тоғызқұмалақ ойыны жоға­ры қарқынмен дамып келеді. Бұл бағытта тәжірибесі мол, өз ісінің маманы, қоғам және мемлекет қайраткері Әли­хан Байменовтің еңбегін атап өткен жөн. Әлихан Мұха­медияұлы жүргізіп отыр­ған жүйелі жұмысының нәтиже­сінде бүгінде елімізде тоғызқұ­малақпен 200 мыңға жуық адам шұғылданса, 30 елде ресми өкілдіктері құрылған. Жалпы, әлемнің 50 мемлекетіне тоғыз­құмалақ таралып отыр.

Тағы да ақжолтай жаңалы­ғымыз, ұлттық спортты студенттер арасында әйгілеу мақсатында жастардың ұсыны­сымен «Ұлттық спорт студент­тер лигасын» құру жоспарланып отыр. Бұл жоба бо­йынша Ғылым және жоғары білім министрімен кездесу өтіп, Туризм және спорт министрлігімен де келісім жүріп жатыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 100-ден аса университет бар. Ол жерде 500 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Осы жоба аясында жас­тарымызды ұлттық спортқа тарту көзделіп отыр.

Ал жалпы алғанда бола­шақ­та ұлттық спортымыздың Олим­­пиада ойындарына ұсы­нуға сұранып тұрған спорт түрлері бар. Бұл – «Аударыс­пақ» пен «Жамбы ату». Бұл шаруаны көшпелілер ойындарын аман-есен өткізіп алған соң арнайы талқылаулар өткізуге құжаттарымызды әзірлеп жатырмыз. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкинмен жұмыс жүргізіп жатырмыз.

– Исламбек Төлеубайұлы, аударыспақ пен жамбы ату туралы айтып қалдыңыз. Ат спортына қатысты пікір­іңізді айтсаңыз...

– Ат спорты Ұлттық спорт түр­лерінің арасында қоғам наза­рын ерекше аудартып, көп­тің қызығушылығын арттыр­ды. Жыл сайын кәсіби айналыса­тын спортшылар саны еселе­ніп, жанкүйерлер қатары ұлғайып келеді. Осы бағытта Қанат Көпбаев басқаратын респуб­ликалық «Бәйге» федера­циясының жүйелі жұмысын тілге тиек етеміз.

Ұлттық кодымызды айшық­тайтын ат спортын әлі де жү­йелі түрде дамыту үшін за­ман талабына сай кезек күт­тір­­мейтін бірқатар батыл қадам жасалуы қажет.Ең алдымен ат спорты әлемінде қолтума қазақ жылқысына жол ашу.  Қолтума қазақы жылқысына жаңа серпін беретін кез келді. Тынысы ұзақ қашықтықта ашылатын қазақы қолтума қазанаттар бәйге атауынан тыс қалып, әрі кетсе мініске, қала берді соғымға, ас пен тойға сойылып жатыр. Тарихи әділетсіздіктің дәмін татқан қазақы қазанаттардың тұқымы ұмыт қалып, елдің жадынан алыстағаны ұлты­мыз­ға, елдігімізге сын. Сондық­тан болашақта бәйге жарыстары­ның қашықтықтары қайта қаралуы керек. Аламан бәйгесі арқылы Адай, Қостанай, Меркі, Көшім, Найман, Әулиеата және Жетісу жылқы тұқымдарын ел жадында қайта жаңғыртудың мүмкіндігі бар екенін айрықша атап өткен жөн.

Осыған қатысты бір қызық мәлімет келтіре кетейін. Жа­қында АҚШ Конгресі­нің кітап­ханасында 1898 жылы жа­рыққа шыққан А.Шах­назаровтың «Очеркъ сельского хозяйство Туркестанского края» деп аталатын кітабын таптық. Аталған жәдігерде қазақтың Әулиеата, Сайрам, Қарабайыр, т.б. жылқы тұқымдары тура­лы кеңінен айтылған. Бір қызы­­ғы, бұл тарихи деректер біз­дің кітапханалардан мүл­дем кезіктіре алмайсыз. Тіп­ті Жам­был облысында Әулие­ата жыл­қысы туралы ауыл ақса­қалдарынан сұрастыр­ғаны­мызда хабарсыз болып шықты.

– Керемет жаңалық екен. Бұл кітапты бізге де танысуға берсеңіз. Жоғарыда айтылған ұсыныстарыңыз негізінен бәйгеге қатысты болды. Ал көкпарды дамыту қалай қарқын алып келеді?

– Әрине, береміз, өз тара­пыңыздан осы тақырыпта арна­йы журналистік зерттеу жүр­гізсеңіздер болады. Ал көкпар туралы айтатын болсақ, бұл бағытта да Бауыржан Исабаев басқаратын республикалық «Көкпар» федерациясымен жүйелі жұмысты қолға алып отырмыз. Көкпардағы мақ­тан тұтып айтатын үлкен жетіс­тік­тер­д­ің бірі Түркияда өткен IV Дү­ние­жүзілік көшпелі­лер ойын­дарында ұлттық құрамамыз чемпион атанды.

Десек те, бұл салада бір­қатар мәселені көтеріп отыр­мыз. Ең алдымен, көкпар ойындарын жүйелеу және қауіпсіздікті күшейту маңызды. Көкпарда қауіпсіздік мәселесін қолға алу қажет. Адам өмірі ең бас­ты құндылық екенін ескерсек, спортшының жарақат алуы қайғылы оқиғаға ұласпауы керек. Жазатайым ірілі-ұсақты жарақат болып жатса, ем-домына жұмсалған шығынын өтеуге шабандоз өмірін сақтан­дандыру жолдарын қарастырып жатырмыз.

Сонымен қатар көкпарға мінілетін жылқыларға да осы талаптарды енгізген дұрыс. Жалпы, көкпар ойындарындағы қауіпсіздік мәселесін шешу үшін біркелкі жүйе болғаны жөн.

– Қауымдастықтың құра­мына кіретін федерация­лардың бірқатар басшысы туралы жылы пікір білдірдіңіз. Олармен жұмысты қалай үйлестіріп келесіздер?

– Әр спорт бойынша федерация басшылығын ұлттық идеяға ұйысатын, төл спортымызды жүрегімен сезінетін, обал-сауабын түйсінетін азаматтарға аманаттап тапсырдық. Мысалы, Жамбы ату федерациясының президенті лауазымына кәсіп­кер азамат Еркебұлан Ілиясов тағайындалғалы осы спорт түрінен саңлақтар бірнеше халықаралық турнирге қатысып, бағын сынады. Мажарстанда, Түркияда, Моңғолияда, Араб елдерінде, Румынияда өткен халықаралық турнирлерге қатысты. Шымкент қаласында әлем кубогін өткізгенде жамбы атудан біздің басты қарсылас Араб елдерінің мергендері екеніне көзіміз жетті. Бұл түбекте жамбы ату спорты қарқынды дамып келеді.

– Білуімізше, жамбы атудан халықаралық турнир бірнеше елдің стилі бойынша өтеді ғой?

– Жамбы атудың әлемдік додасы төрт стиль негізінде ұйымдастырылады, яғни қазақ, кәріс, мажар, түрік стилі. Бірақ бұған дейін төрт стильде бірдей өтетін халықаралық сайыста ешбір спортшы нысананың барлығына да тигізе алған емес. Отандасымыз Ералхан Айкөз тұңғыш болып төрт стильден де оғы мүлт кетпей рекорд орнатты.

Теңге ілу федерациясының да жұмысы жанданып келеді. Азия кубогін, Азия чемпионатын өткіздік. Тұңғыш рет ұйымдастырылған құрлық додасына 10 мемлекеттен спортшы қатысты. Теңге ілу халықаралық деңгейде де дәріптеліп, дамып жатыр. Моңғол, қытай, қазақ стилі бойынша синтезді сайыс түрі қолданысқа енуі мүмкін. Сосын теңге ілуге мінілетін жүйрігінің бойы 160 сантиметр­ден жоғары болмауы керек. Аттың шабысын, шабандоздың теңгені жерден ілудегі ептілігін лазерлік технологиямен бағалау іске қосылады. Осындай игі істің басында республикалық «Теңге ілу» федерациясының басшысы Аманкелді Әбдіқадыров тұр.

Мұның барлығын неге тәптіштеп айтып отырмын? Біз әр федерацияға тізгін, шылбырын еркіне беріп, дамыту стратегиясын құруды да өздері­не жүктедік. Демеуші тарту, жұмысты жүйелі өрістету ісін әр федерация өз бетінше жүргізіп келеді.

– Атадан мирас болып қалған құсбегілік туралы не айтасыз?

– Құсбегілік бағыты жүйелі дамып, 2022 жылы елімізде тұңғыш рет құсбегіліктен әлем чемпионаты ұйымдастырыл­ды. Айтулы додаға 7 мемлекеттен спортшылар қатысқан еді. Отандық спортшыларымыз «Бүркіт», «Қаршыға», «Ителгі» сайыс түрлерінен чемпион атанды. Алдағы Көшпелілер ойындарында спортшыларымыз жүлделі болады деген үміттеміз.

«Құсбегілік» федерация­сының қысқа мерзімде осындай ауқымды көрсеткіштерге қол жеткізуі ең алдымен сол федерацияның басшысы Берік Уәлидің еңбегі деп білемін.

– Аударыспақта қандай нәтижелер бар?

– Жоғарыда атап өткендей, аударыспақтың болашақта олимпиада бағдарламасына енуіне әлеуеті молынан жете­ді. Біздің спортшылары­мыз әлемдік додаларда алдың­ғы сапта келеді. Мәселен, Азия кубогінің командалық есебі бойынша 1-орын иеленсе, II Әлем чемпионатында команда­лық есепте 1-орынға қол жет­кізді. Әлем кубогінде 3 алтын, 3 қола медаль олжалады. Осындай көңіл көншітетін көр­сеткіштерді «Аударыспақ» федера­циясына Марат Жұман­ның сайлануымен байланыстырамыз.

– Асық атудың бұқара­лық спорт түріне айналуға мүмкін­дігі бар ма?

– Бар болғанда қандай! Бір мысал келтірейін. Естеріңізде болса, Франция Президенті Эмманюэль Макрон еліміз­ге келген сапары аясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен асық ойнап, сақа атып, мергендігін сынаған еді. Президенттер деңгейінде ойналатын асық ойы­ны бұқаралық сипатқа да ие болады десек артық етпес.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры­ның жыл сайын өткізіп келе жатқан спартакиадасында асық ату бөлек спорт түрі ретінде бекітілген. Бұл спаратакиадаға «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «KEGOC» және т.б. ұлттық компаниялардың мыңдаған қызметкері қаты­сады. Мұны жақсы үрдіс деп бағалаймыз.

Тағы бір мысал, асық ату жалпы білім беру бағдарламасына енгізілген. Елімізде асық атумен кәсіби тұрғыда 80 мыңға адам шұғылданады. Бұл – әрине, федерация басшысы Аслан Сұлтановтың еңбегінің жемісі.

– Ұлттық спорт қауым­­дастығының ұйымдас­тыруымен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтеді.

– Бұл дүбірлі дода, «Amanat» партиясы мен Туризм және спорт министрлігінің қол­дауымен 3-7 қыркүйек аралы­ғында халықаралық деңгейде өтеді. Ауқымды бәйгеге Иран, Түркия, Мажарстан, Қыр­ғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей Федера­циясы сынды алыс-жақын 10 мемлекеттен шабандоздар қатысады.

Тарихымызды жаңғырту мақсатында халықаралық марафон-бәйгені 5 мың жылдан аса уақыт бұрын адамзат баласының жылқы малын қолға алғаш үйреткен, өркениеттің бесігі атанған Солтүстік Қазақ­стан облысының Ботай елді мекенінен басталады. Ботай топырағынан басталған ма­ра­фон-бәйгенің ұзақтығы – 500 шақырым. 7 қыркүйекте Астана қаласында мәресіне жетеді. Ұлттық спорт қауым­дастығына кіретін «Joryq» республикалық федерациясы ұйымдастыра­тын марафон-бәйгеде жылқы жануарының төзімділігі мен шабандоздардың рухы сыналмақ.

– «Ұлы дала жорығы» мара­фон-бәйгесінің шабан­доз­дарына сәттілік тілейміз. Қазақ жылқылары сынала­тын сәт осы болар. Ислам­бек Төлеубайұлы, сұхбаты­мыздың соңында қорытынды ой­ларыңызды ортаға салса­ңыз деген ұсынысым бар.

– Жалпы, біздің Ұлттық спорт қауымдастығына кел­генімізге екі жыл болды. Осы уақыт аралығында қатарымызға 4 федерация қосылып, саны 10-ға жетті. 10 федерация­ның сегізінің басшылығына жас, ұлтжанды кәсіпкерлерді тарт­тық. Олар құр қол келмеді, екі жылда ұлттық спортымызға жеке қалталарынан 2,2 млрд қаржы құйып отыр. Бұйыртса, бірлік­пен атқарылған жұмыс­тың нәтижесін Дүниежүзі­лік көшпе­лілер ойындары көрсетеді.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»