Білім • 10 Сәуір, 2025

Наурыз ҰБТ-сын 159 мың адам тапсырды

1159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

159 мыңнан астам адам наурыз айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 76,2%-ы қазақ тілінде, 23,7%-ы орыс тілінде, 124 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Наурыз ҰБТ-сын 159 мың адам тапсырды

ҰБТ-да шекті балды 75,5%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды (5 пәннен) құрады. Ең жоғары балл – 140, оны Алматы облысының талапкері жинады.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-Химия» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 17,3%-ы тапсырды. «Математика-Физика» пәндерін 17,1% таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 10,5% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 171 адам тапсырған.

2025 жылғы наурыз ҰБТ-сының қорытындысы бойынша мектеп түлектері «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 77,9%-ына дұрыс жауап берілген.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында наурыз ҰБТ-сына 386 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

ҰБТ өткізу барысында 235 ереже бұзушылық анықталған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, 85 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 95 адам шығарылды, ал 55 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылған.