Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көрменің ерекшелігі – елімізде атом электр стансасын салуға арналған технологияларды жеткізушілер ретінде қарастырылатын әлемдік жетекші компаниялардың қатысуы болды. Олардың қатарында «Қытай ұлттық ядролық корпорациясы» (CNNC), «Кореяның су және ядролық энергетикалық корпорациясы» (KHNP), франциялық «Électricité de France» (EDF), ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бар. Бұл компаниялар өздерінің инновациялық әзірлемелерімен таныстырып, тәжірибесімен және атом энергетикасын дамыту жоспарымен бөлісті.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев әр компанияның жұмысымен жеке-жеке танысты. Компания басшылары соңғы жетістіктері туралы әңгімелеп, Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге мүдделі екендігін жеткізді. Жаңа АЭС үлгілері мұқият жасалып, әрбір қыры ескерілген. Көрмені аралап көрген сала басшысы журналистердің сұрағына жауап берді. Елімізде туындай бастаған энергия тапшылығы туралы айтып, көрмедегі ғылыми табыстарға тоқталды.
«Энергетика саласында ғылымның қаншалықты өрістеп дамып кеткенін көріп отырсыздар. Әлемде уран өндіруден бірінші қатарда тұрып, бұл игілікті ел қажетіне жаратпасақ болмайды. Референдум оң нәтиже беріп, елде АЭС құрылысы басталатын болса, соңғы үлгідегі ең қауіпсіз атом реакторы таңдалатынына күмәндарыңыз болмасын», деді министр.
Көрмені тамашалаудан кейін негізгі пленарлық отырыс өтті. Жиында А.Сәтқалиев «KazAtomExpo» көрмесінің елімізде атом энергетикасын дамытудағы маңызын атап өтті.
«Атом энергетикасы біз үшін негізгі қуат көзіне айналып, энергетикалық жүйенің тұрақты дамуына ықпал ете алады. Ең маңызды міндет – жалпы ұлттық референдум өткізу. Біз әрбір азаматқа өз пікірін білдіріп, энергетикалық жүйеміздің болашақ даму жолын анықтауға мүмкіндік бергіміз келеді. Бұл референдум отандық атом энергетикасының болашағын айқындаудағы маңызды қадам болмақ», деді ол.
Сондай-ақ министр халықаралық және отандық серіктестерге көрмеге қатысқандары үшін алғысын білдірді.
«Біз бүгін қатысушыларымызға елімізге келіп, атом энергетикасы жөнінде жан-жақты ақпарат бергені үшін алғыс айтамыз. Олардың қатысуы мен маңызды мәселелерді талқылауға дайындығы біздің еліміз үшін ашылып жатқан мүмкіндіктерді тереңірек түсінуге және бағалауға ықпал етеді», деді министр.
Ол, бүгінде еліміз төмен көміртегін дамыту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін бірқатар стратегиялық құжаттарды қабылдағанын атап өтті. Бұл құжаттарда баламалы және «жасыл» энергия технологияларына инвестицияны ұлғайту, көмір өндіру үлесін кезең-кезеңімен қысқарту және 2060 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері мен баламалы энергия үлесін арттыру қажеттігі қамтылған.
Министр ел алдында атом өнеркәсібінің болашағына, еліміздің бүкіл энергетикалық жүйесінің тұрақты дамуына елеулі әсер ететін таңдау тұрғанын айтты.
«Бұл таңдаулар болашақта энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты энергия өндіруді қалай қамтамасыз ететінімізді анықтайды. Әрбір қадам ғылыми деректерге, халықаралық тәжірибеге және тұрақты даму қағидаттарына негізделгені маңызды», деді сала басшысы.
«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин бұл жай ғана көрме емес, еліміздің дамуындағы айшықты кезең екеніне тоқталды.
«Біз Қазақстанның бейбіт атомды одан әрі дамыту үшін пайдалана отырып, атом энергетикасында жетекші орынға шығуға дайын екенін бүкіл әлемге көрсетеміз. Бұл іс-шара ынтымақтастықты нығайтып, салаға инвестиция салуға жол ашады», деді ол.
Пленарлық отырыста қатысушы компания делегацияларының басшылары сөз сөйледі. Олар атом саласының жай-күйі мен Қазақстанда атом электр стансасын салудың келешегіне, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамытудың өзекті мәселелеріне назар аударды.
«Көрмеге қатысқанымызға қуаныштымыз. Көрме – қазақстандық серіктестерді соңғы жетістіктерімізбен таныстырып, болашақ бірлескен жобаларды талқылаудың бірегей мүмкіндігі. Қазақстанның атом энергетикасы саласында орасан зор әлеуеті бар және біз оның дамуына үлес қосуға дайынбыз», деді Орталық Азия мен Таяу Шығыс өңірлері үшін жаңа энергетикалық құрылыс саласындағы халықаралық жобалар жөніндегі вице-президент Гийом Пураве.
«EDF» компаниясы – электр энергиясын тасымалдау, тарату және сақтау саласында әлемдік көшбасшы. Француз компаниясы қазір Қазақстанмен ядролық энергетика және жаңартылатын энергия көздері бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Компанияның Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі басшысы Пьер-Пол Отениссанс Францияда энергияның 75%-ы ядролық энергетикадан алынатынын айтты.
«Соған қарамастан, халық бұл салаға күмәнмен қарайды, бұл – табиғи құбылыс. Қазақстан тұрғындарының да осыған ұқсас сұрақтары болуы мүмкін. Біздің басты мақсатымыз – ядролық энергетика саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ядролық энергетика қалдық шығармайды, сондықтан ол Еуропалық одақ тарапынан «жасыл» энергетика ретінде танылды», деді ол.
Француз компаниясының өкілі Қазақстанның энергетикалық ауысу және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту жөніндегі мақсаттарына қолдау білдірді.
«Қазақстан үкіметі энергия көздерін әртараптандыру және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту бойынша нақты мақсаттар қойып отыр. Бұл тұрғыда ядролық энергетика тиімді шешім бола алады. Біз тәжірибеміз бен білімімізді бөлісуге дайынбыз», деді Пьер-Пол Отениссанс.
Көрме қатысушылары ядролық технология саласындағы соңғы әзірлемелерді, соның ішінде жаңа буын реакторлық қондырғыларын, қауіпсіздік және бақылау жүйелерін, радиоактивті қалдықтарды басқару технологияларын ұсынды. Атом саласы үшін жоғары білікті мамандарды даярлау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
«Көрменің тақырыбы мен «Ұлттық ядролық орталықтың» құзыретін ескере отырып, көрмеде ядролық энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорынның негізгі құзыретінің бірі – келешегі зор және қазіргі уақытта қолданылып жүрген атом энергетикалық реакторларының қауіпсіздігін жақсарту, халық пен қоршаған ортаға теріс әсер ету қаупін азайту бойынша жұмыс жүргізу. Орталық Жапония, Франция және Ресейдің жетекші ұйымдарымен бірлесіп ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырып жатыр», деді орталық басшысы, физика-математика ғылымдарының докторы Эрлан Батырбеков.