Құқық • 28 Тамыз, 2024

Әділет төрелігінің сапасы арта түспек

60 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дәл қазір елімізде кассациялық соттардың моделін жетілдіріп, жалпы сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесі өзектілігін жоймай тұр. 2016 жылы сот жүйесіне жасалған реформа бүгінде өміршеңдігін жоғалтып алды. Яғни сот ісін жүргізу мәселесінде арыз-шағым мен наразылықтар артып, қарама-қайшы тұстар қордалана бастады. Мұндай жағдай саладағы заңнаманы қайта қарап, кассациялық сот моделін мейлінше жетілдіруге мәжбүрлеп отыр.

Әділет төрелігінің сапасы арта түспек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Дей тұрғанмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 8 мау­сым күні өткен Астана халықаралық фору­мының Пленарлық сессиясында сөй­леген сөзінде: «Ел ішінде әділдік, заң үстемдігі, теңдік және әділ сот төрелігі қағидаттарын енгізу үшін реформа жүр­гі­зуге бағытталған тиісті шараларды қолға аламыз. Заң мен тәртіпке негіз­дел­ген менің ұстанымым – айқын. Бұл – «Жаңа Әділетті Қазақстанды» құрудың берік негізі», деген еді.

Өткен сессияның соңына қарай Парламент Президенттің осы сөзінің дәлелі ретінде сот жүйесін роформалауға қатысты қос заң жобасын күн тәртібіне қойып, оның бірі қабылданып, Мемлекет басшысының да алдына барды. Яғни «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі тура­лы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға биылғы 5 шілде күні Президент қол қойған. Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жү­йе­сін реформалау және процестік заң­на­маны жетілдіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң Мәжілістің бірінші оқы­лы­мында мақұл­дан­ған. Ендігі мәселе – Парламенттің алдағы сессиясында тәуел­сіз кассациялық соттарға қатысты заң­­намалық құжаттарды жетілдіру.

Жалпы, қалай болған күнде де сот ісін жүргізу мәселесі ең өткір де күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр сот сатысы жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты. Мәжіліс депутаты, Палатадағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ кассацияның бүгінгі моделі азаматтар мен заң қоғамдастығы өкілдері тарапынан сынға ұшырап отырғанын жасырмады.

«Азаматтық және қылмыстық iстер бойынша кассациялық өтiнiшхаттарды ал­дын ала қараудың тәртiбi мен шарттары әртүрлi. Азаматтық істер бойынша судья азаматтардың өтінішхаттарын алқалы қарауға беру туралы шешім қабылдайды. Қылмыстық істер бойынша тек 2023 жылдың шілдесінен бастап кассациялық өтінішхаттарды алқалы алдын ала қарауға көшу жүзеге асырылды. Бірақ бұл тәртіп те жетілдірілмеген, себебі бір «үштік» судьяларды тапсырады, ал екінші «үштік» судьялар істі мәні бойынша қайта қарайды және өз әріптестерін қолдамауы мүмкін, бұл процеске қатысушылардың наразылығын тудырады. Мұндай шағымдар тек әкім­ші­лік әділет бойынша жоқ, өйткені онда «жап­пай кассация» жұмыс істейді», дейді Үнзила Шапақ.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы бастапқыда Жоғарғы сотта қылмыстық және азаматтық істер бойынша істерді алдын ала қарауды алып тастауды ұсын­ды. Барлығы «жаппай кассация» қағи­даты бойынша жұмыс істеуге тиіс, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын құрамның қарауына түсуге тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жоғарғы сот кәсіпкерлермен және заң қоғамдастығымен дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша консультациялар раундын, яғни кездесулер өткізді. Қорытындысында елордада қыл­мыс­тық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот құру туралы дербес кассациялық сатының жаңа моделі ұсынылды,

Бұл заңның жобасы аса ұзақ талқы­лан­­ба­ды. Яғни қорытындылар алу кезінде көп кедергі болмаған сияқты. Себебі сот жүйесін реформалау ісінде уақыт күттірмейтін мәселелер де жоқ емес еді. Оның зардабын алдымен сотқа ісі түскен халық көбірек тартып, кейінгі жылдары өңірлерден Жоғарғы сотқа бағыт­талған арыз-шағымдар көбейе түс­кен.

Енді қабылданған заңдағы өзгерістерге байланысты Жоғарғы соттың рөлі өзгер­мек. Еліміздегі заңгерлер қауымы тәуелсіз кассациялық соттарға мүмкіндік беретін бұл жүйе ең алдымен халық үшін тиімді екенін алға тартқын-ды.

Жалпы, әкімшілік істерге экстеррито­рия­лық соттылық енгізіліп отыр. Яғни кейбір істі өзге өңірдің сотының қарауына жіберуге болады. Мұндай тәртіп бұған дейін азаматтық істе қолданылған. Енді әкімшілік іске енгізіліп отыр. Сот жүйесін бұлай реформалау жайдан-жай қолға алынып отырған жоқ. Кейінгі жылдары әкімдікпен соттасқан қарапайым тұрғындардың соттан жеңіліп қалуы жиі­лей түскен. Яғни шағым көп. Енді шағым­данушы сот пен жергілікті билік­тің арасында ымыраластық бар деп күдіктенсе, істі басқа қаланың сотының қарауына жібере алады. Аймақты арнайы жүйе автоматты түрде өзі таңдайды. Ал тәуелсіз кассациялық сот азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істер бойынша тек Астанада құрылмақ. Кассациялық сотқа апелляция­дан әділдік таппай, тауы шағыл­ғандар шағымдана алады.

«Талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылықты енгізу ұсынылды. Бұл да мем­лекеттік органдардың, әсіресе жер­гілікті атқарушы органдардың қызме­тіне тиімді әсер етеді. Жергілікті жерлердегі әкім­діктердің соттарға қысым көрсететіні ешкімге құпия емес», дейді Үнзила Шапақ.

Әрине, «сот жүйесін реформалау сот төрелігінің әділеттілігін қаншалықты қам­тамасыз етеді?» деген заңды сұрақ туы­­тыны рас. Дегенмен бұл сұрақтың жауабын уақыты келгенде алармыз. Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды қайта іске қосу қажеттігін осы кезге дейін бірнеше рет атап өткен. Депутат Үнзила Шапақ саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аудару қажеттігін айтып қалды.

«Жоғарғы сот жартыжылдық негізде мемлекеттік органдардың қызметіне олардың әкімшілік актілеріне немесе іс-әре­кеттеріне шағымдану туралы талап-арыздарды сотта қарау нәтижелері бойынша белгіленген проблемалар мен кем­шіліктерді анықтау тұрғысынан талдау жасайды.

Өткен жылы мемлекеттік орган­дар­ға қойы­­латын талаптардың қа­нағат­­­тан­дырылуы 63%-ға жетті. Ұты­­лудың тұрақтылығы мемлекеттік орган­дардың әлі де сот практикасын ескере отырып, әкімшілік қызметтің біркелкілігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдамайтындығын көрсетеді. Сонымен қатар сот практикасы азаматтар мен бизнес тарапынан негізделген шағымдарды тудыратын жергілікті атқа­рушы органдардың жұмысында жүйелі бұзушылықтардың бар екендігін көр­сетеді. Азаматтар жүгін­ген кезде әкім­шілік рәсімдер жүр­гізілмейді.

Осыған байланысты, ӘРПК-ні әкім­шілік рәсімдердің біркелкілігін қалып­тастыру жөніндегі жаңа міндетпен толықтыруды ұсынылады», деген Мәжіліс депутаты бірқатар шетелде бұл ереже әкімшілік рәсім қағидаттары деңгейінде бекітілгенін атап өтті. Айталық, Армения, Әзербайжан, Грузия елдерінің сот жүйесі осындай тәртіппен жұмыс істейді екен.

Бұл азаматтарға құқықтық қатынас­тар­дың белгілі бір саласындағы даулар­ды шешу тәжірибесін басшылыққа алуға мүм­кіндік беріп, осылайша соттағы ша­ғымдар санын азайта түспек.

Сот жүйесін реформалауға қатысты айта кетерлік келесі бір жайт – сот орын­даушысының әрекеттеріне (әре­кет­­сіз­­ді­гіне) шағымдануға байланысты істер. ӘРПК-ні қабылданғаннан кейін мұн­дай істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.

«Атқарушылық іс жүргізу туралы заң сот орындаушысының әрбір әреке­тіне шағымдану құқығын береді. Бүгін­де мұндай құқықты борышкерлер асыра пайдаланады. Борышкер сот орындаушысының бағалаушыны тағайындау және тарту жөніндегі әрекеттеріне дау айтады. Мүлікті сауда-саттыққа беру жөніндегі іс-әрекеттерге, содан кейін сауда-саттықтың өзіне, сауда-саттық хаттамасына және т.б. бір атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушысының іс-әрекеттеріне ондаған рет шағым жасалуы мүмкін, салдарынан орындау бірнеше жылға кешік­ті­ріледі.

Сот орындаушылары бұзушы­лық­тар­ды растайды және келіседі. Жоғарғы соттың мәліметтеріне сүйенсек, сот орындаушыларымен істердің 55%-дан астамы олардың заңсыз әрекеттерін растаумен аяқталады», деген Мәжіліс депутаты сол себепті мұндай даулар бойынша әділет органдарының рөлін күшейтіп, оларға сот орындаушыларының қаулыларының күшін жою құқығын беру орынды деп санайды. Бұл атқарушылық іс жүргізуді жедел орындауға мүмкіндік беретін көрі­не­ді.

Қалай десек те, алдағы сессияда Пар­ламент сот жүйесін реформалау мәсе­лесінен айналып өтпесі сөзсіз. Оның үстіне кейбір депутаттар Жоғарғы сот­тың келер жылы құрылатын тәуелсіз кассациялық соттардың шешімін өзгерте алатын құқыққа ие болуының әділетті емес екенін алға тартып отыр.