Шахмат • 28 Тамыз, 2024

Бибісара – күміс жүлдегер

59 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Грузияның бас шаһары Тбилисиде ұйым­дастырылған ФИДЕ-нің Гран-при турнирі әлемнің атақты шахматшы­ларының басын қосты. Солардың арасында Бибісара Асаубаева да бар.

Бибісара – күміс жүлдегер

Жарыстың аяқталуына небәрі екі тур қалғанда қазақтың дарынды қызы алға шықты. Бұл ретте ол Испанияның намысын қорғаған ирандық Сарасадат Хадемальшариех пен Швейцарияның туы астында өнер көрсетіп жүрген ресейлік Әлем және Еуропа чемпио­ны, Әлем кубогінің жеңімпазы Александра Костенюкты қапы қалдырды. Ал Лела Джа­вахишвили мен Нана Дзагнидзе (Грузия), Мария мен Анна Музычук (Украина), Алина Кашлинскаямен (Польша) ұпай бөлісті. Қалған екі ойынның ең болмағанда біреуін жеңіспен аяқтағанда бас жүлде Бибісараға бұйыратын еді. Алайда Ставрула Цолакиду (Грекия) және Рамешбабу Вай­шалиге (Үндіс­тан) қарсы кездесулер тең аяқталды. Сөйтіп, 9 мүмкіндіктен 5,5 ұпай жиған Асау­баева күміс медальды мойнына ілді. Бірінші орын­ды Алина Кашлинская олжаласа, Став­рула Цолакиду үшінші сатыға табан тіреді.

– Бүгін Тбилисиде әйелдер арасындағы Гран-при додасының бірінші кезеңі аяқталды. Бұл серия үш турнирден тұрады. Сол жарыстарда жер-жаһанның 20 үздік шахматшысы бір-бірімен шеберлік байқасып, «Үміткерлер турниріне» қатысуға жол ашатын екі жолдама үшін таласады. Грузияның астанасында мен 9 мүмкіндіктен 5,5 ұпай алдым. Бір қуантарлығы, бірде-бір бәсекеде ұтылған жоқпын. Нәтижесінде, екінші орынды еншіледім. Әрине, одан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысқаным рас. Енді келесі жолы бас жүлдені олжалау үшін барымды саламын, – дейді Б.Асаубаева.

ФИДЕ-нің Гран-при турнирінің келесі кезеңі осы жылдың қазан айында Шымкентте өтеді. Сол жарыста да атақтары алысқа жайылған көптеген мықты гроссмейстер өнер көрсетеді.