Аталған жарыста еліміздің грек-рим күресі шеберлері қос күміс медальды жеңіп алғаны жайында біз бұған дейін де жаздық. Ол жүлделерді Алпамыс Болатұлы (55 кг) мен Еркебұлан Әнапия (80 кг) олжалады.
Жасөспірімдер командасының аға жаттықтырушысы Алмат Кебісбаев бұл біріншілікті былай деп қорытындылады: «Жарыс жолына шыққан 10 балуаннның тең жартысы жартылай финалға дейін жетсе, екеуі күміс медальды мойнында жарқыратты. Сол себепті де Аммандағы өнеріміз жақсы деген бағаға лайық деп ойлаймын. Әрине, бұдан да тәуір нәтиже көрсетуге болар еді. Бірақ бұйырғаны – сол. Менің балғын балуандармен жұмыс істеп жүргеніме үш жылдың жүзі болды. Командаға дәрігерлер мен массажист секілді мамандық иелері жетіспейді. Жалпы, жас өрендер ересектерден кем еңбектенбейді. Олар да күн сайын екі рет жаттығып, көп тер төгеді. Одан кейін ағзаны қайта қалпына келтіру жұмыстары тиісті деңгейінде жүргізілмейді. Басты проблема – осы. Соған қарамастан шәкірттерім әлемдік додада жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салып, көпшілік көңілінен шығатындай өнер көрсетті».
Қыздар күресінен өткен жарыста үш қола медальды еншіледік. Шешуші сында Анна Стратан (57 кг) грекиялық Мэни Маниді, Ұлдана Тілеухан (65 кг) бейтарап спортшы ретінде қатысқан ресейлік Анастасия Команованы және Медина Қуанышбек (46 кг) украиналық Евгения Друзенконы қапы қалдырды.
Кейінгі күндері Дәулет Ниязбеков жетекшілік ететін еркін күрес шеберлері сайысқа түсті. Парсы шығанағына сапар шеккен өрендеріміздің арасынан Едіге Қасымбек ең жақсы нәтиже көрсетті. 110 кг салмақта күш сынасқан балуан бастапқы бәсекелерде үндістандық Сингх Джаспоран мен жапониялық Юки Ямомотаны жеңсе, жартылай финалда ирандық Абдолфазл Мұхаммад Нежадттан айласын асырды. Финалда Едіге америкалық Майкл Джозеф Моккомен айқасты. Бұл тартыста АҚШ-тан келген апайтөстің асығы алшысынан түсті. Осылайша, біздің жігіт қатарынан екінші әлем біріншілігінде күміс медальды иеленді.
65 кг салмақ дәрежесіндегі Бақдәулет Әкімжан жартылай финалда қырғызстандық Рустамжан Қахаровке жарытып қарсылық көрсете алмады. Есесіне іле-шала грузиялық Рати Ревазашвилидің тас-талқанын шығарған ол қола медальды еншіледі. Өкінішке қарай, өзге өрендеріміз бұл жарыста сенім үдесінен шыға алмады.