Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған 1880-1890 жылдары шыққан карталарда жер-су атаулары бұрынғы қалпында жазылған. Оларда біздің облыс аумағында кездесетін екі үйтас атауы мен орны көрсетілген.
Бірінші үйтас – қазіргі Хромтау ауданына қарасты Тасөткел елді мекенінің Шот өзені жағасында екен. Астанаға баратын теміржол бойындағы сол жердегі бекеттің аты Үйтас деп естідім. Көзіммен көрмеген соң басқа ештеңе деп айта алмаймын. Екінші үйтас – Қобда ауданының Қиыл елді мекенінен 20 шақырымдай жерде орналасқан. Оған барып, көзбен көрудің сәті түсті.
Ауыл іргесіндегі Қиыл өзенінің шығыс бетіне өтіп, солтүстік бағытына қарай беттеп келеміз. Кең дала. Төңіректе көзге түсерліктей тау-тас көрінбейді. Оншақты шақырым жүріп өткесін жолдың біртіндеп төмендей бастағанын байқадық. Төмендей-төмендей келе үлкен ойпат алаңға келіп тірелдік. «Үйтас осы», – деп нұсқады бізге жол көрсетіп келе жатқан ауыл адамдары. Биік жарқабақтың кемерінде ұзыннан жиналған шөгінділер ортасында жалғыз киіз үйге ұқсаған үлкен тас бірден көзге түсті. Қарсы бетінен келгендіктен жақындай алмадық. Ортада бұлақтан бастау алған өзен, жағасы ағаштар мен қалың өскен шөптен аяқ алып жүргісіз. Біз ойпат деп тұрған жеріміз миллиондаған жылдар бұрын терең теңіздің түбі болғанын байқауға болады.
Соңғы 15-20 жылдан бері бұл жерге адам аяғы баспағаны аңғарылады. Қалың өскен шөп белден келеді. Ойпат түрлі өсімдіктер дүниесіне бай. Тамылжыған табиғат, төңірек тұнып тұрған ғажап көрініске толы, қарауға көзің тоймайтын сұлу дүние.
Үйтас айналасындағы шөгінділер бор дәуірі кезінде толқындар теңізден жағаға үнемі шығарып тастаған жыныстардың жиналуынан пайда болған сияқты. Ғалымдардың пайымдауынша, ертеде біздің Ақтөбе өңірінің жерін екі рет жойқын су басқан. Ең соңғы рет 50 миллион жыл бұрын осы жердегі телегей-теңіз ұзақ тұрып қалып, қайтқан соң сол аймақтардағы жер бедерінің өзгеруіне алып келді. Соның салдарынан Байғанин, Қобда, Ойыл, Мұғалжар, Хромтау аудандарында жойқын су мен күшті желдің әсерінен пайда болған табиғаттың тамаша ескерткіштері қалған. Әсіресе, бор дәуірінен жеткендері жақсы сақталған.
Үйтастың аталуы, геологиялық түзілуі ғылыми зерттеулерді әлі де қажет етеді. Осы ғажайып табиғи ескерткіштердің аталуы түрлі топонимикалық деректерде кездеседі. Мысалы, 1985 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан Б.Қойшыбаевтың «Қазақстанның жер-су аттары сөздігі» еңбегінде «Үйтас – мекен аты. «Киіз үй» көрінісін елестететін жартасты мекендер. Онда тас қорған, обалар, тас мүсіндер де бар. Бір қызығы, осы аттас мекендер Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Қазақстанның далалы алқаптарында бары байқалады, бірақ табиғи бітімі үйге ұқсаған кесек тастар бұрын-соңды ол өңірде болмағандай. Мүмкін, түркі сөздерінің контаминацияланған түрі болар», деп көрсетілген.
Бұл өңірдің жер бедері негізінен үстіртті, адырлы, төбелі, жазық болып келеді. Ғалымдардың анықтауынша, Ор-Елек үлкен үстіртті аймағы соңғы 50 миллион жыл бұрын теңіз регрессиясына ұшыраған. Бор дәуірінің шөгінділері жағалай қыраттың жиегіне жинала-жинала келе, сан алуан биіктіктерді түзеген.
Үйтас тұрған жардың тереңдігі 150 метрдей, кейбір тұстары одан да терең. Сонда толқын лақтырған шөгінділер 150-200 метр биіктікке – бор аралас жардың үстіне жеткені анық. Тынымсыз толқындар шөгінділерді бірінің үстіне бірін қалап, уақыт өтісімен жиналған бор үйінді тасқа айналған. Бордың табиғи қасиеті – су тиген сайын қатая түседі.
Ауыл адамдарының айтуынша, ертеректе осы төңірек кеңшар-ұжымшарлардың жайлауы болыпты. Сол кездері бұл жерде жылан өріп жүрген. Жұртқа еш зияны жоқ, адамдарды шақпайтын, өз беттерінше жүрген бауырымен жорғалаушылар үйтастан пана тапқан. Кейде таңертеңгілік балалардың төсегінен де көретін едік деп естеріне алады үлкен кісілер.
Үйтас тұрған төңірек маман- ғалымдар тарапынан зерттелмеген. Кезінде үкіметтің мал жайлауы ретінде пайдаланылғанымен, шаруашылықтар тарап, елде мал басы азайған соң бұл жер ұмытылды. Малдың тұяғы тимегесін, маңайындағы шөптері тіпті қаулай түскен. Бүгінгі күні үйтасты өте сирек кездесетін табиғаттың тамаша ескерткіші деп ескеріп жатқан да ешкім жоқ. Қағаберісте қалып қойған жер бетіндегі қазыналардың бірі сынды.
Қасына таяп барып көрген кісілердің айтуы бойынша, бор шөгінділерінен тасқа айналған үйтастың бүгінгі биіктігі – 10-15 метр, шеңбері –20-25 метр. Қар мен жел, жаңбыр суының әсерінен үгітіліп, шөккені байқалады. Оған қоса осы жерді көрмек болып келгендердің зияны да аз емес екен.
Үйтас жанындағы ең биік жардағы бор тізбектері жақсы сақталған. Оның атауын ескі карталардан көрген соң өлкетанушы ретінде қызығып, 2005 жылы барып көргенмін. Болашақта бұл жерлерді экотуризмнің мекеніне айналдырса, жергілікті билік табиғаттың төл туындысы ретінде қорғаудың шарасын алып жатса, жөн болар еді.
Рысжан ІЛИЯСОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Ақтөбе облысы.