«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі де бұл көкейкесті мәселеден айналып өткен жоқ. Жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі ретінде қолға алып, бірлестіктің Астана филиалы тоғыз айдан бері «Қоғамда зорлық-зомбылықсыз мәдениетті қалыптастыру» тетігін зерттеп шықты.
Биылғы 6 айда Астана қаласына қарасты Алматы ауданының өзінде телефон арқылы 1515 шағым келіп түскен. Әкімшілік жазаға тартылғандар саны 1 727 болса, сот тарапынан 1 637 іске шешім шығарған. Астана қалалық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қалада бір тәулікте 40–70-тің арасында қоңырау шағымы келіп түсіп, 20 мен 40-қа жуық шағым сотқа жолданады екен.
«Tatulyq» әлеуметтік жобасы аясында 148 жәбір көрсетушіге уақытша ұстау изоляторында кездесулер мен тренингтер өткізіліп, 52 жәбірленушімен психотерапиялық кездесу ұйымдастырылған. «Отбасылық кикілжің туындағанда оны дер кезінде талқылап, сөйлесіп, саламатты шеше алмаудың кесірі – зорлық-зомбылыққа алып келеді». Жобаға қатысқан сарапшылар мен тәртіп сақшыларының пікірі осындай.
«Полиция мамандары қоғамның тыныштығын күзетуші болғанымен, әркімнің отбасындағы жеке мәселелерінен бейхабар. Бірақ сол мәселе ушықпас үшін алдын алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Құқық бұзушы өз кінәсін түсініп, мойындай бастаса, бұл болашақта тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ агрессор мен психолог арасындағы әңгіме полиция қызметкерінің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Бұған жоба кезінде куә болдық», дейді Алматы аудандық полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айжан Аралбаева.
Жоба барысында жүргізілген сауалнама нәтижесінде отбасылық дәстүрлер мен шаңырақ ынтымағын арттыру үшін ортақ қағидаларды қалыптастырудың маңызы зор екенін аңғаруға болады. Өкініштісі, сауалнамаға қатысқан жәбірленушілердің дені эмоцияларды тани білмейтіндігін және коммуникациялық дағдының қалыптаспағанын растап отыр. Тренинг барысында олардың ішкі сезімдерін тануда және қалауларын сауатты жеткізуде қиналатындығы анықталса, терапия кезінде отбасында зәбір көргендердің ата-анасымен саламатты қарым-қатынасының болмағандығы, қорқыныштарын өздігінен шеше алмайтындығы айқын байқалған. Сондай-ақ бала кезінде жақындары мен туыстары тарапынан эмоционалды және сексуалды зорлық-зомбылыққа түсу, алкогольді-наркологиялық тәуелділік, ойынқұмарлық пен эмоционалды-психологиялық тәуелділік те бар.
Сондықтан да тұрмыстық зорлық-зомбылық тек ерлі-зайыптылардың ортасында болатын кикілжің деп қарау – қисық ұғым. Отбасындағы мүшелердің арасында, яғни ата-ана мен бала, бауырлар, ерлі-зайыптылар және туыстар арасында туындайтын кез келген мәселе, кикілжіңді салауатсыз шешу тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келетінін ескергеніміз жөн.
Шерхан АРАПБАЙ,
«Сенімен болашақ» РҚБ Астана қалалық филиалының басшысы