Фото: zh-shugylasy.kz
Әкімдік мәліметінше, биыл 6 айда Атырау облысы мен Қырғызстанның сыртқы сауда айналымы 3,2 млн долларды құраған. Бұған екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастық оң әсерін тигізген. Сол себепті іскерлік қарым-қатынасты жетілдіруге қатысты барлық ұсыныс қолдау табады.
«Ежелден көршілес отырған екі ел арасында тәуелсіздік алған кезеңнен бері бауырластық қарым-қатынас пен сауда-экономикалық байланыс нығая түсті. Қазір Атырау облысында қырғыз капиталы салынған 20 кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындар қызмет көрсету, ойын-сауық, көтерме сауда және басқа салаларда қызмет көрсетеді. Біз өз тарапымыздан екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, қырғыз инвестициясын тартуға, бірлескен кәсіпорындар құруға қызығушылық танытып отырмыз. Қырғызстан мен Атырау облысының кәсіпкерлері бірлескен жобаларды іске асырса, елдеріміз арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен өзара тиімді әріптестіктің нығаюына тың серпін берер еді», дейді С.Шәпкенов.
Қырғызстан елшісі Дастан Дюшекеевтің айтуына қарағанда, бауырлас елдердің халықаралық сипаттағы түйінді мәселелерге қатысты ортақ ұстанымы бар. Әр кез бір-біріне қолдау білдіріп, алыс-беріс пен барыс-келісті жетілдіруге ешқандай кедергі жасаған емес.
«Екі елдің ежелден көршілік хақы бұзылмай, ынтымағы жарасып келеді. Қазір сол ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың мүмкіндігі зор. Еларалық ынтымақтастықтың нәтижесінде сауда-саттықты жетілдіре түсуге болады. Экономикаға инвестиция тартуға қолбайлау болатындай мәселе туындаған емес. Көпжылдық байланыс нәтиже берді. Енді транзит, көлік және туризм салаларындағы қатынастарды дамытудың келешегі бар», дейді Д.Дюшекеев.
Елшінің айтуынша, Қырғызстан тарапынан Атырау облысымен тау-кен және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм салаларына қызығушылық басым болып отыр. Осыған орай айыр қалпақты кәсіпкерлер мұнайлы өңірдегі әріптестерімен іскерлік байланыс орнатқысы келеді. Ыстықкөл жағалауындағы тоқыма өнеркәсібінің өкілдері де қызығушылық танытып отыр.
«Қазақстаннан жыл сайын Қырғызстанға 1 миллионнан астам турист саяхаттауға, демалуға барады. Кейінгі кезде Қазақ елінің оңтүстігіндегі облыстармен ынтымақтастық жолға қойылды. Енді батыс өңірдегі нарыққа қадам жасағымыз келеді. Мәселен, екіжақты рейстерді ашу жоспары бар. Жолаушылар саны 60 пайыздан асатын болса, әуе компаниялары тікелей рейстерді ашуға дайын», дейді Д.Дюшекеев.
Оның дерегінше, Қырғызстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін Атырау облысының нарығына әкелуге ынта танытып отырғандар бар. Осыған байланысты жергілікті тұрғындар жиі тұтынатын әрі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және өзге тауарлардың бағасы зерделенбек. Әрине, логистика саласындағы аздаған түйткіл оң шешімін тапса, екі ел Үкіметіне ұсыныс жасалуы мүмкін.
Атырау облысы