27 Сәуір, 2015

Озық ұстанымдар негізінде

350 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
11 Мен Көкшетау қаласындағы №6 сайлау учаскесіндегі сайлау барысына «Нұр Отан» партиясынан байқаушы болып қатыстым. Сағат тура 7.00-де комиссия төрағасы, №1 орта мектептің директоры Ирина Головченко жылы шыраймен қарсы алып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау барысын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның» мүшесі Виктор Гей және президенттікке үміткер Ә.Құсайынов штабының мүшесі Серік Есмағамбетов үшеумізді арнайы орынға орналастырды. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, жұрт­шылықтың көзінше бюллетеньдер сақталған сейфтің ашылуына, мөлдір дауыс беру жәшігінің мөрленуі рәсіміне қатысып, осындағы бес дауыс беру кабинасын байқап шықтық. Комиссия мүшелері тұрғындарды тізім бойынша төлқұжаттарымен тексеріп, бюллетень алғандығы жөнінде арнайы журналға қолдарын қойдырып отырды. Келушілер тарапынан қандай да бір түсініспеушілік, артық сұрақтар қою байқалған жоқ. Дауыс беру ұйымшылдық жағдайында өткізіле бастады. Учаскелік комиссия тарапынан конституциялық заңнаманың қатаң сақталғанын айту ләзім. Бұл дауыс берудің өз дәрежесінде өтуіне ықпал етті. Белсенділік те жоғары болды. Сағат 16.00-дегі мәлімет бойынша дауыс берушілердің 87 пайызы өздерінің азаматтық парызын өтеп үлгерді. Сондай-ақ, сайлау учаскесінде буфеттің жұмыс істеуі, мектеп пен қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасының қойылуы мерекелік көңіл-күйді өсіре түсті. Боранбай БЕГАЛИН, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы, қоғамдық байқаушы.

Ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ

Ең алдымен Тәуелсіз елдің президенттік сайлауын өткізудің өзі үлкен бақыт деген ойдамын. Өйткені, әлемде егемендігін аңсап, өз алдына жеке ел болып, Мемлекет басшысын өздері сайлауды армандап жүрген қаншама халық бар. Ал біздің жұрт азаттығын алып, өз басшысын өзі сайлай алатын күнге осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын қол жеткізді. Бұл түсінген адамға зор мәртебе. Осындай саяси дода кезінде Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы №294 сайлау учаскесінде байқаушы болдым. Таңғы сағат 7.00-де учаске сайлаушыларды қабылдауға дайын тұрды. Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін алғашқы сайлаушылар дауыс бере бас­тады. Барлық жұмыс «Сайлау туралы» Заңның аясында өтті. Оған елімізде тіркелген саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сайлау барысын жіті бақылады. Оның сыртында халықаралық және ТМД шеңберінен келген байқаушылар да сайлау процесін назарда ұстады. Ең бастысы, халықтың сайлауға деген ынтасы зор болды. Жұрт елдің ең үлкен саяси науқанында аса үлкен белсенділік танытып, сайлауға бір кісідей атсалысты. Дауыс беру кезінде ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Бірде-бір заңсыздық, сайлаушылардың құқы бұзылған фактілер тіркелмеді. Сайлау өте жоғары деңгейде өтті деп сенімді түрде айта аламын.  Дастан ЕРНАЗАРОВ, № 294 сайлау учаскесінің байқаушысы. Қызылорда облысы.

Демократиялық қадамды тереңдетудің көрінісі

Шыны керек, мұндай аса маңызды саяси шараға байқаушы ретінде бірінші рет қатысқандықтан, қобалжығаным рас. Бірақ алдын ала тиянақты әзірліктердің жүргізілуі көңілдегі күдікті сейілтіп, сенімімді қатайтты. «Сайлауға бақылау жасау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» облыстық филиалының төрағасы Сергей Худяков әрқайсымызбен жеке сөйлесіп, нақты бағыт-бағдарлар берді. Семинар-тренингтердің пайдасы мол болды. Теориялық білімімізді нығайттық, тәжірибемізді байыттық. Сайлауалды мәселелерге жан-жақты қанықтық. Қолымызға әдістемелік материалдар, көмекші құрал­дар беріліп, заңнамалық нормалардың қатаң сақ­талуына баса назар аударылды. Қазір ой елегінен өткізіп отырсам, «көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, бәрі де адамның жеке жігеріне, қоғамдық белсенділігіне көп байланысты екен. Маған таңдау түскенде, бірден келісімімді бердім. Өйткені, біз, жастар, қолымыздан іс келетінін, кез келген саяси шараларды заңды түрде жүзеге асыра алатынымызды дәлелдей білдік. Жеке адамның ұстанған мақсаты да, кәсіби біліктілігі осындай нақты жағдайлармен өлшенсе керек. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдық бақылаушы мәр­тебесін иеленгеніме еш өкінбеймін. Менің күні бойғы миссиям № 635 сайлау учаскесінде жалғасып, басқа да қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесе отырып, олқылықтардың орын алмауын қадағаладық. Барлық үдерістер заңға сәйкес атқарылып, сайлаушылар тарапынан бірде-бір реніш айтылған жоқ. Халықаралық байқаушылар да болып, жалпыға ортақ демократиялық талаптардың сақталғанын жеткізді. Қазақстандағы сайлау Ресеймен қатар өзге де елдерді қызықтырып отырғанын жасырмады. Біздің ой-пікірлеріміз де осыған саяды. Бір жағы­нан, саяси науқанды ұйым­­- дас­тырушылардың тыным­- ­сыз тірлігі, екінші жағынан, жұмыстардың жүйелілігі, ақпараттандыру қызметтерінің жеделдігі, сондай-ақ, электораттың жоғары белсенділігі тәнті етті. Осылайша, байқау­шыларға қойылған биік талаптардың арқасында өзімізге жүктелген мін­деттерді барынша жауап­кершілікпен атқаруға күш салдық. Сайлау учаскесі ашылған кезден бастап, жабылған кезге дейін сайлау үдерістерін үзбей қадағалап, саяси науқанның ашық та мөлдір өтуіне бірінші кезекте басымдық берілді. Сайлаудың өз дәрежесінде ұйымдастырылуына үлес қосқанымызды демо­к­ра­­тиялық қадамды терең­детудің бірі көрінісі ретінде бағалаймын. Әсел САПАРҒАЛИ, қоғамдық байқаушы. ПЕТРОПАВЛ.

Қоғамдық комиссия мүшелері көп болды

Бұл жолғы сайлау­дың ерекшелігі – респуб­ликалық қоғамдық комиссия мүшелерінің көптеп тартылуы. Мәселен, елі­міздегі 9741 сайлау учас­кесінің барлығына дерлік комиссия мү­шелері байқаушы болып, науқанның ашық әрі барлық талаптарға сай өтуін қадағалады. Комиссия құрамында қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, ғалымдар мен сарапшылар, биз­нес­­мен­дер, дәрігерлер бар. Комиссия мүшелері Сұлтанмахмұт Торай­ғыров атындағы мем­лекеттік университеттегі №86 сайлау учаскесінде жұмыс жасады. Павло­дарлықтардың жо­­ғары белсенділігі байқалды. Екіншіден, 2011 жылғы сайлаумен салыстырсақ, азаматтық позициясын білдіремін деушілер қатары анағұрлым арт­қаны айқын сезіледі. №6 сайлау учаскесіне таңертең сайлауға алғаш рет келген 22 жас өз дауыстарын берді. Жалпы, павлодарлықтар сайлауға көтеріңкі көңіл-күймен қатысты. Ильдар ҚАЛИЕВ, президенттік сайлау барысын байқау ­ жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының төрағасы. ПАВЛОДАР.

Үлкен ұйымшылдық танытты

Виталий ХМЕЛЕВСКИЙ, қоғамдық байқаушы: – Мен облыстағы этно­мәдени бірлестіктер атынан сайлаудың өту барысы­на байқаушы болып қатыстым. Өзім біраз жылдан бері поляк­тардың облыстық «Полония» қоғамына жетекшілік етіп келемін. Бұған дейін де байқалып жүргендей аймағы­мыздағы 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен татулық осы сайлау кезінде тағы бір айғақ болды. Ортақ мақсат пен тілек жүрек тоғыстырған сан этнос өкілдері дауыс беруге үлкен ұйымшылдық танытты. Өйткені, бәрі елдің жарқын келешегінің кепілі бірлікте екенін біледі. Соның жалғасып, беріге түсуіне сенеді. Бізді биылғы сайлаудың өте жоғары деңгейде ұйымдас-тырылуы сүйсіндірді. Дауыс берушілердің өз таңдауын ештеңеге алаңдамай, салмақты байыппен жасауына барлық жағдай қарастырылғанын сайлау учаскелері бәрінен бай­қадық. Халықаралық бай­қау­шылармен қатар, жер­гі­лікті байқаушылар да көр­сетілген сенімнен шығуға мүм­кіндік алды. Көлікпен де, телефон байланысымен де қамтамасыз ету, қажетті ақпаратқа шек қойылмау мін­де­тімізді тия­нақты атқаруға жағдай туғызды. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Нық боларына сенеміз. ҚАРАҒАНДЫ.