Жыл басынан бері елордада балалардың қатысуымен 123 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде кәмелетке толмаған 126 бала зардап шексе, өкінішке қарай, бір жасөспірімнің өмірін құтқару мүмкін болмаған.
«Балалардың жол-көлік оқиғаларына түспеуінің, жарақаттануының алдын алу, кәмелетке толмағандардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруына байланысты дағдыларын бекіту өте маңызды. Бұл іске әсіресе оқу жылы басталуы қарсаңында ерекше ден қойылады. Осы орайда республикалық акция аясында жаппай қала аумағында орналасқан барлық мектептің оқушыларына танымдық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мәселен, кеше Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейінің жас жол инспекторы мектеп жасағымен бірлесіп автокөлік құралдарының жүргізушілеріне жол тақырыбындағы 30-ға жуық жадынаманы тарату арқылы «Жүргізуші, бізді қорғаңдар!» үгіт-насихат акциясын жүргіздік. Өскелең ұрпақтың қателікке ұрынбауы үшін жол ережесі бойынша сауаттылықты арттыруда мұндай іс-шаралардың маңызы зор», дейді Астана қаласы Байқоңыр ауданы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Хафиз Мұқышев.
Акция аясында білім органдарымен, мектептегі қозғалыстың жас инспекторлары жасақтарымен бірлесіп, автокөлік құралдары жүргізушілеріне жадынамалар, жол тақырыбына жазылған балалар шығармалары үлестіріліп, «Жүргізуші назарына!» насихат акциясы ұйымдастырылады.