Туризм • 29 Тамыз, 2024

Кегенді көпшілікке танытатын фотосапар

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кереге таулы Кеген ауданының тау-тасы мен сай-саласы тарихи шежіреге тұнып тұр. Таулы өңірдің табиғатының әдемілігін, сұлулығын сөзбен кес­телеп жеткізу әсте мүмкін емес шығар. Тұмса табиғаттың көркемдігін қаз-қалпында түсіріп, танымалдылығын арттыруда осы күнгі кәсіби фотографтардың шеберлігіне шек келтіре алмасымыз анық.

Кегенді көпшілікке танытатын фотосапар

Соның нәтижесінде таулы аймақтың көз арбайтын көркем сұлулығын, ға­жай­ып көріністерін сырт еткізу арқы­лы жан-жақты жарнамалап, ішкі-сырт­қы туризмнің дамуына ықпал етуге мүмкіндік мол.

Сапар жетекшісі – өлкетанушы Са­ғатбек Медеубекұлы. Ол бұл іс-шараның басты мақсаты ауданда туризмді дамыту, өңірдің тарихи орындары мен көрнекі жерлерін насихаттау үшін заманауи талаптарға сай фотоға түсіру және түсірілген ең үздік фотоларды БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы тарату екенін айрықша атады. Осы мақсатта «Жерұйық көрем десең, Кегенге кел» атты үш күндік фотосапар ұйымдастырылды. Маңызы зор іс-шараға Кеген ауданының әкімдігі қолдау көрсетті.

вап

Өлкетану сапарына әр деңгейлі БАҚ өкілдері, республикалық «Фото­өнер» бірлестігінің жетекшісі, фото­өнер­­танушы Асылхан Әбдрайым, арда­гер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы, фотосуретші, ғалым Дос­жан Балабекұлы, фотосуретші Ернұр Ма­напхан, фотосуретші, журналист Дәурен Мұхаметжанов, трэвэл-блогер Мәлік Күшмұханов, мобилограф Айым Бахыбек, фотосуретші Мар­ғұлан Жанұзақ қатысты. Олар аудан­ның барлық ауылдық округтерін аралап, ондағы Ереуілтөбе, Жуантөбе, Құм­текей сынды тарихи жерлерді, Екіаша жайлауы, Орта Меркі, Қызыл­арасан, Таңбалытасты, Ағанас жазы­ғын, Көлсай көлін, Көртоғай шатқал­дары­нан қайталанбас суреттер түсіріп, қоржындарын тоғайтты. Өлкенің сұлу та­биғаты мен шежірелі тарихына қанықты.

«Нұрманбет ағалары бата берген,

Жігіттердің барлығы фотомерген.

Табиғаттың, тарихтың қажеттісін,

Ұрпаққа аманат деп «ата» келген», деп этнограф Сағатбек Медеубекұлы жырмен түйіндегендей, бүгінгі фото – ертеңгі ел шежіресіне айналары ақиқат. Кәсіпқой фотографтар мен өлкетанушылардың тың суреттері баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде жарияланып қана қоймай, өңірде туризмнің дамуына зор ықпал етеріне үмітті.

 

Алматы облысы