Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 7 351 жеткіншек аттаса, оны бітірушілер саны 3 875 оқушыны құрайды. Осыған қарап, мектепке келетін балалардың саны екі есеге өскенін көреміз. Бұл негізінен солтүстікке көшіп келген қандастар мен жұмыс күші артық аймақтардан қоныс аударушылар есебінен артып отыр. Сондай-ақ 76 мыңға жуық оқушының 33150-і қазақ баласы. Бұл – барлық оқушының 44 пайызы. Халық саны бойынша облыста жергілікті халықтың үлесі 38 пайыз болғанымен, оқушылардың үлесі 44 пайызға жеткені қуантады. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын қазақ балаларының саны – 8 108, яғни 48 пайызды құрайды.
Бір жағынан, бұған қуанғанымызбен, келесі сандар жүректі ауыртады. Мәселен, мектепке баратын барлық қазақ баласының 44,4 пайызы, яғни 14 728 жеткіншек орыс тілінде оқиды. Соның ішінде Петропавл қаласының өзінде 10 105 қазақ баласы орысша білім алады. Мұның себебі көп. Біріншіден, баласының орысшаға жақсы екенін ескерген ата-аналар өзі де орысша сөйлейтін болған соң орыс мектебіне береді. Оларды баласының ертең мемлекеттік тілден мақұрым қалар болашағы алаңдатпайды. Екіншіден, орысша берген білім сапалы деген таптаурын пікірдің әсері әлі де күшті. Көптеген білімді деген ата-ананың өзі солай ойлайды. Үшіншіден, ертеден орыс мектебінің көптігі, сондықтан тұрғылықты мекеніне жақын ата-аналарды көп ойлантпай, баласын соған бере салуға да себеп болып отыр.
Бір кезде ата-аналармен балаларын қазақ мектебіне беруге біршама жұмыс жүргізілді. Бірақ оның соңын кейбір орыс тілді пысықайлар «ата-аналарды баласын қазақ тіліне беруге мәжбүрлеп жатыр» деп шулатып, көлеңкесінен қорқып отырған базбір басшылар оны «ата-аналардың еркіне қол сұғуға болмайды», деп дереу тыйған еді.
Бүгінгі таңда облыс бойынша басқа этнос өкілдерінен 257 жеткіншек қазақ мектептеріне барады. Облыста барлығы 461 мектепке дейінгі ұйым, 86 балабақша бар. Соның 9-ы мемлекеттік тілде болса, араласы – 42. Сондай-ақ шағын орталықтардың саны – 347, оның ішінде мемлекеттік тілде білім беретіні – 119, араласы – 35. Қазір мемлекеттік тілде білім мен тәрбие беретін балабақшалар санын көбейту үлкен міндет екені айқын. Бұл мәселе мемлекеттік саясатты іске асырып отырған облыс басшыларын ойлантуы керек. Ұлттың жарқын болашағы тек экономикалық жетістіктерде емес, ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру екенін үнемі ескеруі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жыл – Балалар жылы» деп жариялағанда: «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі», деп айтқан еді. Сондықтан Солтүстік Қазақстан облысының басшылары бұл мәселеге түбегейлі назар аударғаны дұрыс.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауындағы талабына сәйкес елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асты. Қазір облыста 2 700 оқушыға арналған 4 жаңа мектеп салу қарастырылған. Былтыр Петропавл қаласының «Береке» және «Орман» шағын аудандарында 600 орындық 2 мектептің құрылысы басталды. Бұл мектептердің құрылысына Ұлттық қордан 4 млрд 184,4 млн теңге бөлініп, оны игерген соң биыл құрылысты аяқтауға тағы да 5 млрд 387,3 млн теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін «Жайлы мектептердің» құрылысы аяқталуға тиіс. Қазір 600 орындық «Орман» мектебі құрылысына 193 адам және 9 техника жұмылдырылған. Орындалған жұмыстардың жалпы көлемі шамамен 75%-ды құрайды. Ал «Береке» шағын ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы былтыр наурызда басталды. Қазір бұл нысанның құрылысында 97 адам және 9 бірлік техника жұмыс істейді.
Облыстық білім саласының сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Таласбаеваның айтуына қарағанда, бұл нысандарды пайдалануға беру биылғы 30 желтоқсанға дейін жоспарланған. «Қазір оларға білім алушылар контингентін қалыптастыру, педагогтер мен мектеп директорларын іріктеу бойынша жұмыстар жүргізіліп отыр. Сондай-ақ бізге биылғы бірінші жартыжылдықта былтырғы жаңғыртылған мектептерді ішінара зерттеу тапсырылған еді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша былтыр 83 мектеп жаңғыртылған. Соның ішінде 42 мектепке сараптама жасалып, олардың сапасы талапқа сай екені анықталды», деді ол.
Сонымен бірге «Жас өркен» шағын ауданында – 600 орынға, «Копай» шағын ауданында – 900 орынға арналған «Жайлы мектеп» салу жоспарланған. Олардың құрылысы келесі жылы аяқталмақ.
Облыста үш жекеменшік мектеп бар. Оның біреуі – Петропавл қаласындағы орыс шіркеуінің бір көріпкелі С.Радонежкийдің аты берілген мектеп. Екеуі – Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында. Оның біріншісі – «Бескөл мектеп-колледжі», екіншісі – «Қызылжар Абай орта мектебі» деп аталады. Облыста аралас мектептерді қысқарту туралы әзірге ешқандай жоспар жоқ.
Биыл 53 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде 2,7 млрд облыстық бюджеттен – 3,4 млрд теңге бөлінген. Күрделі жөндеулер негізінен ғимараттардың төбелерін бекіту, терезе блоктарын ауыстыру, жылу мен электр жүйесін жаңғырту, ішкі және сыртын әрлеу жұмыстарын қамтыған. Барлық жұмысты оқу жылы басталғанша аяқтау жоспарланған. Жылу маусымына дайындық та назардан тыс қалған жоқ. «Биыл 1,6 млрд теңгеге 86 қазандық пен оған қажет жабдықтар сатып алынып, оны іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 98,1 мың тонна көмірге 1,5 млрд теңге бөлінді. Қазір оны мектептерге тасымалдап жатырмыз», деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.
Оның айтуынша, биылғы оқу жылының бір ерекшелігі – шет тілі тек 3-сыныптан бастап оқытылады екен. Сонымен бірге жаңа оқу жылында 3-сыныптан бастап еңбек сабағы мен бейнелеу өнері оқытылады.
Біз Т.Протопоповадан «Жақсылық жаса!» ұранымен өтіп жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының барысы туралы сұрағанымызда, ол жалпы облыс бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған 11 мыңға жуық отбасының мектепке баратын балалары қамқорлыққа алынғанын айтты. «2024 жылға бюджеттен бұған 1 млрд 480 мың теңге қарастырылған. Қазір осы көмекті алуға ата-аналардан күн сайын дерлік өтініштер түсіп жатыр. Олардың көбі мектеп формасы мен аяқкиім сатып алуға мұқтаж екенін айтады. Көмек көлемі – әр балаға 43 407 теңгеден. Биыл қамқорлыққа мұқтаждар қатарына бұрыннан атаулы әлеуметтік көмек алатындармен бірге тасқын судан зардап шеккен отбасылар қосылды», деді ол.
Бүгінге дейін 6 498 отбасының балалары 281,6 млн теңгенің көмегін алған. Қазір бұл жұмыс одан әрі жалғасып отыр. Мәселен,балаларды мектепке тасымалдауға 147 автобус қызмет көрсетеді. Сондай-ақ шалғай ауылдағы мектептерде математика, ағылшын тілі, психолог, физика пәндерінің мамандары жетіспейді. Білім басқармасы мен жергілікті әкімдік жыл сайын бұл тарапта жұмыс істеп, алыс елді мекендегі білім ошақтарына барып, жұмыс істеймін дейтін мұғалімдерге әлеуметтік жеңілдіктер көрсетеді.
Былтырдан бастап барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Биыл да сол үрдіс жалғасып, 37 мың оқушыны тамақтандыруға 3,8 млрд теңге қарастырылған. Тамақ сапасын тексеру үшін әрбір мектепте ата-аналардың қатысуымен бракераждық комиссия құрылған.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту да назардан тыс қалмаған. Биыл 47 пән кабинеті сатып алынып, оның ішінде 38 физика, химия, биология кабинеттері ауылдық мектептерді жаңғырту мақсатында берілген. Жалпы, биыл мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлінген қаражат 6,4 млрд теңгені құраған.
Солтүстік Қазақстан облысы