«Бес бөтелкеге – бір балмұздақ» деп аталған акция барысында егер кімде-кім бес бөтелке жинап, арнайы орынға әкеліп өткізсе, оған сыйлыққа бір балмұздақ берілді.
– Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. Біз шашылып жататын шыны және пластик бөтелкелерді, қауашақтарды жинаудың осындай әдісі арқылы көпшілікті ортақ іске тартуды көздедік. Екі күнге созылған акция мақсатына жетті, – дейді Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аманкелді Құрақбай.
Екі күн бойы қала орталығындағы алаңға жан-жақтан жиғандарын өткізіп, тәттіге қол жеткізуді мақсат еткендердің қарасы көп болды. Әлеумет тарапынан аталған акцияға негізінен оң пікір білдірілді. Әрине, ара-арасында «балалар бөтелке іздеп аулалардың арасын аралап кетті, соның керегі бар ма еді?» дегендей пікір де айтылды.
– «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, балаларымызды кішкентайынан еңбекке және өзгенің еңбегін құрметтеуге тәрбиелей білгеніміз дұрыс. Акция барысында қаншама бала бөтелке жинап жүріп, соған алып жеген балмұздақтың балдай татығанына күмәнім жоқ. Мұндай іс-шараны бастағандарға да, қостағандарға да рахмет. Алдағы уақытта да жалғасын тауып тұрса екен, – дейді қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Өтеш Ахметов.
Екі күнде барлығы 51 500 бөтелке жиналып, 10 мыңнан аса балмұздақ таратылды. Акцияға барлығы 2 мыңнан аса бала қатысты.
Акцияға қатысушыларды балмұздақпен қамтамасыз еткен – «Қазақмыс» корпорациясы. Ал жиналған бөтелкелер жергілікті сұрыптау компаниясына өткізілді.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы