Аймақтар • 29 Тамыз, 2024

Аңқатыдағы ақжолтай хабар

69 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Конституция күні қарсаңында Теректі ауданының Аңқаты ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа үйлердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Аңқатыдағы ақжолтай хабар

Бұл баспаналар су тас­қынынан зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетуді тапсырған Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуымен салынған.

Аңқаты ауылындағы үйлер «Жайықмұнай» ЖШС демеу­шілігімен тұрғызылды. Мере­келік іс-шараға Батыс Қазақ­стан об­лысының әкімі Нариман Төре­ға­лиев қатысты. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын қоныс­тоймен құт­тықтап, үйлер­дің кілтін табыс етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен халыққа заң аясында тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Көктемгі су тасқыны нәтижесінде Теректі ауданы бо­йын­ша барлығы 160 үй апатты деп танылып, 30 үй сатып алынып, 130 үйдің құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсеткен демеушілер мен ком­панияларға шын жүректен алғы­сымды білдіремін», деді Н.Төре­ғалиев.

Аңқаты тұрғындары көрсе­тілген қолдауға ризашы­лығын білдірді.

«Су тасқынынан отбасымыз әбден әбігерге түсті, бірақ мемлекет бізді далада қалдырған жоқ. Міне, біз бүгін жаңа, кең, жарық үйімізге кіріп отырмыз. Қол­дау көрсетіп, қамқорлық таныт­қан Мемлекет басшысына мың алғыс», деп ауыл тұрғыны Серік­қали Төрәлиев ағынан жарылды.

Бүгінге дейін облыста мыңнан аса тұрғын үй сатып алынып, зардап шеккен отбасыларға берілген. Су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындары Бөрлі, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарындағы 253 үйдің кілтін алды. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында зардап шеккендерге 775 тұрғын үй салынды.