Спорт • 30 Тамыз, 2024

Жарыс күнделігі

69 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Велотректен Қытайдың Лоян қала­сында ұйымдастырылған жастардың әлем біріншілігінде Данияр Шаяхметов күміс медаль иеленді. «Кейрин» деп аталатын жаттығу түрінде ол жеңімпаздан небәрі +0.026 секунд қана қалып қойды.

Жарыс күнделігі
  • Нью-Йоркте әлемнің сегіз танымал теннисшісінің қатысуымен өткен UTS турнирі аяқталды. Жүлде қоры 1 млн дол­ларды құраған коммерциялық жо­­баға Александр Бублик те қатысты. Елі­міз­дің бірінші ракеткасы ширек финалда гре­кия­лық Стефанос Циципасты (3:2) ұтып, жар­тылай финалда аустралиялық Алекс де Минордан (3:1) айласын асырды. Бірақ финалда ол франциялық Гаэль Монфиске (1:3) есе жіберді. Бас жүлдені олжалаған саңлақ 301 000 долларды алса, ақтық сында сүрінген Бублик 161 000 долларды иемденді.
  • Ресейлік Умар Кремлев жетекшілік ететін Халықаралық бокс қауымдастығын (IBO) құрдымға кетіру мақсатымен құрылған World Boxing ұйымының қатары тағы бес мемлекетпен толықты. Олар – Тайпей, Пәкіс­тан, Бутан, Фиджи және Эквадор. Сөй­тіп, аталған федерацияның мүшелігіне енген елдер саны 42-ге жетті. Жуырда олардың қатарына Қазақстан да қосылуға тиіс. Себебі IBO-ның құрамында қалған командалар алдағы Олимпия ойындарынан шеттетіледі.
  • Футзалдан УЕФА Чемпиондар лига­сының негізгі кезеңінің жарыс кестесі жарияланды. Төртінші топтағы матч мына ко­мандалар арасында өтеді: 22 қазан: «Се­мей» – «Спортинг» (Португалия), «Қай­рат» – «Халадаш» (Мажарстан). 23 қазан: «Хала­даш» – «Спортинг», «Қайрат» – «Се­мей», 25 қазан: «Семей» – «Халадаш», «Қайрат» – «Спортинг».
  • Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Әл-Айн қаласында бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінің шымылдығы түрілді. Парсы шығанағында Қазақ елінің намысын Мадира Жұмахан (46 кг), Айым Таңқыбаева (48 кг), Сила Биболсынқызы (50 кг), Жәмила Болатбекқызы (52 кг), Шырын Манапова (54 кг), Айғаным Қадырхан (57 кг), София Ващенко (60 кг), Алина Құдайгенова (63 кг), Айсұлу Мұхит (66 кг), Кәмила Оспанова (70 кг), Зарина Толыбай (75 кг), Айдана Убай­доллақызы (80 кг) және Сабина Жақсылық (+80 кг) сынды бұрымдылар қорғайды.
  • Талдықорғанда садақ атудан ересектер мен жастар арасындағы ел чемпионаты мәреге жетті. Оған республикамыздың барлық өңірінен келген 200-ге тарта мерген қатысты. Жалпы есепте Жетісу облысы жеңімпаз атанса, екінші орынды Шымкент қаласы иеленді. Ал Ақмола облысы үшінші сатыға табан тіреді.
  • АҚШ-тың әйгілі Forbes журналы кейінгі бір жылда ең көп табыс тапқан ТОП-10 теннисшінің есімін атады. Бұл көшті Карлос Алькарас бастап тұр. Жоғарыда айтылған мерзім аралығында «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде төрт мәрте топ жарған 21 жастағы испаниялық ойыншының есепшотына 42,3 млн доллар аударылды. Одан кейінгі орындарға Новак Джокович (37,2 млн), Коко Гауфф (27,1 млн), Ига Швентек (26,7 млн), Янник Синнер (26,6 млн), Рафаэль Надаль (23,3 млн), Даниил Медведев (20,3 млн), Наоми Осака (14,6 млн), Каспер Рууд (13,9 млн), Арина Соболенко (13,7 млн) жайғасты.
  • Перу астанасы Лимада жеңіл атлетикадан жастар арасында әлем біріншілігінің жалауы желбіреді. Бұл жарыста Фаина Мейірманова, Алина Чистякова, Ирина Конищева, Богдан Гончаров, Кристина Ермола сынды жерлестеріміз бақ сынайды.
  • Өзбекстанның Самарқанд қаласында ескек есуден өтіп жатқан олимпиадалық емес қашықтықтардағы әлем біріншілігінде Мария Бровкова К-1 жаттығуында 500 метр­лік қашықтықты 02:09.731 минутта жүзіп өтіп, қола медаль иеленді. Отан­дасымыз тек Украина мен Чили спортшыларынан қалып қойды.