Қажымұқан балуанның ауызекі естеліктерінде әжесі Айсары туралы әңгіме көп. Ол туралы құшырланып, тіпті құмарланып айтқанын аңғарасыз. Мысалы, жазушы Қалмахан Әбдіқадыровтың 1948 жылы жарық көрген «Қажымұқан» хикаяты қай жағынан да нақты өмір шындығынан алыс кетпеген. Себебі балуан жазушының үйінде қона жатып, басынан өткен оқиғаларды өзі баяндап берген.
Хикаятта Қажымұқан айтқан мынадай жолдар бар: «Менің өмірімді жазғанда, әжем Айсарыны қалдырма. Менің өрбіген өмірімді, тасыған қайратымды берген сол адам. Оның Қап тауындай биік, күннің шуағындай жылы мейірбандық еңбегінің тозаңын да өтегем жоқ. Мені білгісі келген адам менен бұрын соны білсін. Онан басқа кісі мені асырап кемеліме келтіре алмас еді» («Қажымұқан қағанаты». Ордабасы, 2001, 44-бет).
Ал қорда сақталған қолжазбаға келсек: – Әкем Мұңайтпастың нағашысы атақты Байсеу деген батыр екен. Руы – 12 ата тарақтының сарысы. Осы Байсеудің Айсары деген қызын менің атам Ернақ алған. «Алып – анадан, ат биеден туады» дегендей, Айсары аса ірі, балуан, батыр қыз болыпты. Ернақ атам да жігіт кезінде Кенесарыға ілесіп, серілеу болып өседі де, Байсеудің ауылына барғыштап жүреді. Сөйтіп, Айсарыға ғашық болып қалады. Айсары да сері қыз екен. Екеуі бір түнде екі жорға мініп, Мырзатайдың аулына келіп түседі. Аяғы «қырық жетінің» қалың малын төлеп бітіседі, – деп әңгімесін бастаған екен Қажекең.
Әңгімені ары қарай жүлгелей сөйлетсек: – Ол шамада Айсарының әкесі Байсеу қартайып, кәрі тораңғылдай бүгіле бастаған кезі екен. Оның әйелі де алпамсадай бір дәу болса керек. Екі құлағы тебінгідей, бойы екі метрге жақын, арық, сары кемпір болыпты. Мұрны кереқарыс, жағы ұзын, жалпақ, тізесі отырғанда иығына жетіп тұрады екен. Келін түсіп, дау жайласқан соң той болады. Той үстінде Мырзатай баласына:
– Балам, Байсеудің қызына неге қызықтың, шешесінің екі тізесі ауының екі қақпасындай болып, арасынан керуен өтеді деуші еді? – деп күледі. Сонда Ернақ:
– Ей, ата-ай, оның інін не қыласың, ішіндегі түлкісін алдым ғой! – деген екен. Сол Айсары кейін Таңатар, Марқа батыр сияқты алып ұлдарды туған. Жаугершілік заманда осы ұлдары әкесіне серік болып, алыс жерден жылқы қуып келеді екен. Керек кезінде Айсары да бірге баратын болған.
Бір жолы Ернақ жылқы қууға әйелі Айсарымен бірге жеке шығады. Қалың жылқыны айдап қашады. Таң ата артынан 50-60 қарулы жігіт қуып жетеді. Бірақ екеуі соның бәрін де аттан құлатып, ұрып-жығып кетеді. Айсарының өзі жиырма жігітті түсіріп кеткен. Жылқыда жүрген асау айғырларға шауып бара жатып, құрық салып, тоқтатып ала береді екен.
Бір жолы бір атан түйе құдыққа құлап, ауылдың 20-30 адамы түйені құдықтан сүйреп шығара алмайды. Сонда келіншек боп түскен Айсары басындағы сәукелесін жерге қойып, атан түйені бір өзі сүйреп шығарады.
* * *
Қажымұқан атасы Ернақ Кенесарыға еріп барып, қырғыз жерінде мерт болғаны хақында баяндай отырып, жесір қалған Айсары әжесі азып-тозып Қараөткелге (қазіргі Астана) келгенін айтады. Мұнда Қажыбай деген байдың пар ат тарта алмаған отынын жалғыз өзі сүйреп, қорасына кіргізіп беріп, атағы шығады.
– Бір күні, – дейді Қажекең, – Қараөткелге өзбек жақтан Қара балуан дейтін атақты балуан келіп, алдына бір пұт өрік, бір пұт мейіз, бір пұт жаңғақты үйіп қойып:
– Мені жыққан кісіге осыны беремін, – деп бүкіл Қараөткел еліне жар салады. Қара балуан жүрген жерінің бәрін қиратып жыға береді екен. Қараөткелдің құрттай қайнаған жәрмеңкесінен де ешкім табылмайды. Сонда намысқа қызған Айсары шыққан деседі. Біраз жұлқыласқаннан кейін Айсары Қара балуанды үйіріп-үйіріп жіберіп, тік көтеріп алады:
– Бәйгемді бересің бе, жоқ, қабырғаңды күйретейін бе? – дейді. Қаруы екі қолында болса керек. Қара балуан Айсарының бәйгесін беріп құтылады. Бұл 1860-1870 жылдар шамасы болса керек. Айсары жүз үш жасқа келіп, 1900 жылы Қараөткел дуаны, Есіл бойындағы Сарытерек болысында қайтыс болған. Бұрынғы Сарытерек болысына Есілдің қос қапталында орналасқан қазіргі Қажымұқан, Төңкеріс, Арайлы, т.б елді мекендері қараған. Жоғарыда Қажекең сөз етіп отырған әжесі Айсарының зираты қазіргі Төңкеріс аулының қорымында жатыр.
Міне, әдебиет сонарындағы шым-шытырық іздер осындай игіліктерге жалғап, кейінде Айсары әженің басына ескерткіш тақта орнатылғаны бөлек әңгіме.