Әдебиет • 29 Тамыз, 2024

Парасат поэмасы

94 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақын – ұлт жанарынан адамзат қайғысын аңдай алатын азамат. Ондай тұлғаның жыры – ғибрат, сыры – ғибадат, мұңы мүбәрак болады. Төлтума болмысына тереңдеген сайын, ақынның да төрі биіктей береді. Қандай ба­ғытта қалам тербесе де, ондай ақынның жыр­ларында халықтың мұң-мүддесі жаңғырып тұрады. Қисапсыз қай­шылықтардың көркемдік көзәйнегіндегі көрінісі ха­лық жадында тамаша жат­талады. Себебі эсте­тиканың негізгі категория­сы – өнердің халықтығы. Қазақ әдебиетінде осындай ұстанымдағы қаламгерлер қатары аз емес. «Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» жырларымен күрделі шындықтардың күретамырын дөп басатын Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы жоғарыдағы ойымызды қуаттап, сәуле түсіріп тұр. Иә, бұған дейін де ақын шығармашылығына танымдық барлау аз жасалған жоқ. Әйтсе де Ғ.Жайлыбай поэзиясына, әсіресе кейінгі жылдары жазылған сүйекті поэмаларына бүгінгі күннің биігінен қарап, зерделі зерттеулер жасау, сол арқылы адам мен заман келбетін анықтау – әдебиеттанудағы әлі де өзекті тақырыптардың бірі болып тұр.

Парасат поэмасы

Ғалым Жайлыбайдың қазіргі шығар­машылық бағытында, оның ішіндегі лиро-пәлсапалық өлеңдері мен ең кейінгі жазылған «Содом мен Гоморра» атты сүйекті шығармасы кісілік келбеттің айғыздалуы, жүректің қарайып, түнектің молаюы секілді таразы тарта алмайтын мәселелерді кеңінен көтереді.

Туындыға негіз болған – Інжіл мен Құран аяттарында баяндалатын Лұт пайғамбар және оның қауымының оқиғасы. Бұл – өте кең тараған діни-мифологиялық сюжет. Ғылымда мұны синкретизм дәуіріне тән «қалыптасқан сюжетті» арқау ету деп атайды.

Шығыс Анадолы, Тигр мен Евфрат өзен­деріндегі Месопотамия ойпаты, Арабия түбегі және Африка материгінің солтүстік-батыс бөлігі ежелгі әлемнің ең ірі өркениеттері пайда болған адамзат тарихының бесігі болды. Тарихта осы жерлерді мекендеген барлық халыққа Алла Тағала адамдарға дұрыс жол туралы хабарлаған өз елшілерін жіберді. Бірақ көптеген халық өздерінің иелеріне қарсы көтеріліс жасады, оның елшілерін қабылдамады, Құдайдың пай­ғамбарларын қуып шығарды және өл­тірді. Сондай қарғыс атқан халықтардың бірі Өлі теңіз жағасында, қазіргі Израил аймағында өмір сүрген. Оны Лұт пай­ғамбар қауымы дейді. Қасиетті жазба­ларға сәйкес Лұт бұл халықты нәп­сі батпағынан аршып, кісілік биікке көте­ру­ге жіберілген елші еді.

Бірде пайғамбар Содом жұртының әрекет­те­рінен жиіркенетінін жеткізіп, Хақ Тағалаға «Тәңірім, мені және отбасымды мыналардың зұлымдықтарынан құтқар» деп дұға қылады.

Әрі қарай Ғалым Жайлыбай Лұт пайғамбарды құтқару үшін көктен жерге түскен үш періштенің жайын баян етеді. Тәңірі Тағала оның тілегін қабыл қылған еді. Періштелер жүздерінен нұр тамған үш жігіттің бейнесінде келеді.

Осы тұста поэманың маңызды кейіп­кері бой көтереді. Ол Лұттың зайыбы – Уахила еді.

...Сыртқа шығып жар салыпты Уахила:

– Үйімізге қонақ келіп қалды, – деп.

Әрі қарай ақын Уахиланың портретін жасауға кіріседі:

«Хақ пайғамбар қатыны еді  – Уахила,

Сайтан ойға жақын еді  – Уахила.

Бұл-дағы бір хатқа түскен оқиға –

Имандының тырнағына тати ма !?».

Осы тұста Уахиланың антогонистік позициясы анықталады. Пайғамбарлар Алланың дәргейінде кешулі болғанмен, олардың жарларының бәрі тақуа емес еді. Лұттың жағдайында солай. Бір кезекте бұл деталь Хауа Ананың Адам атаны рұқсат етілмеген жемісті жеуге шақырғанындай болып көрінгенімен, екеуінің мәртебесі жер мен көктей. Уахиланың дәл осы әрекеті кейінгі бақытсыздығының себепшісі болатынын ақын астыртын ұқтыра бастайды.

Уахиланың хабары желдей тарайды. Азған жұрттың барлығы анталап, Лұттың үйіне келеді. Бәрінің де ойында жалғыз нәрсе. Нәпсі тояты. «Әй, Лұт! Есігіңді аш! Қонақтарыңды бер бізге», деп айқайлайды. Лұт қатты сасады.

Содан кебіннен тырдай, сенімнен жұрдай Содом жұртының әсте түзел­месін біліп, жаратушы оларға жұлдыз жаңбырын жаудырады. Лұттың отбасына қаланы тастап қашыңдар деп ескертеді.

«Лұттың жарын еске алыңдар» дейді Інжілдің ілкі аятында [Лука 17:32]. Расында, Лұттың әйелі кім болған? Оның әлпеті қандай, нәсілі нешік? Ол туралы біз мағұлымдар емеспіз. Біз тек оның Лұтпен бірге шайтан шаһарын тастап шығып, ескі күндегі есіргі сәттерін қимай жалт бұрылған сәтін білеміз.

...Содом мен Гоморра отқа оранады. Жалғыз Лұттың ғана отбасы жа­ратушының фазылымен құтқарылады. Лұт пен Уахиланың қолынан ұстап, періштелер оларды қаладан алып шы­ғады. «Арттарыңа қараушы бол­маң­дар» дейді періштелер Лұттың отбасына. Бірақ Уахила ол ескертуді ұмытып кетеді.

«Құдайсыздар қаласын қия алмай тұр,

Ұжмақ мекен осы – деп қиялдаған».

Соңғы рет жалт бұрылғанында Тәңірі оны тұз мүсінге айналдырып жібереді. Жаратушының жазасын ақын қаламы былай бейнелейді:

«Қыран құстың қиясы құздан болар,

Қарашада қақ тұрса ызғар қонар.

Есі адасқан ессіздің ескерткіші

мұздан болар, болмаса тұздан болар...»

Енді аталған оқиғаның танымдық тамырына герменевтикалық, семиотика­лық барлау жасап көрелік. Уахила неге шайтан шаһарын қимай қалды? Ол пайғамбардың жары бола тұра, неге құт­қарылмай қалды? Уахила мен құдайдың арасындағы байланыс қаншалықты берік еді? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін оқиғадағы бірнеше мезеттерге көңіл аялдатайық.

Аңдасаңыздар, Лұттың отбасын күнәһарлар кентінен періштелердің өзі алып шықты. Бұл Лұттың үй-ішіне ғана бұйырылған бақ еді. Уахила қолын періштенің өзі ұстаған бақытты жанның бірі еді. Жалт бұрылып қарағанға дейін. Бұдан біз нені ұғынамыз? Тәңірдің алдында ешкімде жайдан-жай артықша құқық болмайды. Мейлі пайғамбардың жары немесе ұлы болсаң да, тозақ отынан құтқарылдың деген сенімнен алшақ болған жөн. Христиандарда «құдайдың «немерелері» болмайды» деген тәмсіл бар. Құдайға апаратын баспалдағын әркім өзі қашау керек деген мағына жатыр мұнда. Әйтпесе сондай ұлықтардың жақын адамы бола тұра, тәңірдің кешірімінен тыс қалған пенделер аз емес. Мәселен, Елисей пайғамбардың қызметшісі Гиезий, Апостол Павелдің шәкірті Димас, Иисус Христостың он екінші шәкірті Иуда Искариот.

Екінші, бұл тәмсілде құдайдың қанша сүйікті досы болғанымен, оның шарттарын бәрібір орындау керек деген мазмұн менмұндалайды.

Үшінші, арға қиғаш келетін барлық істен жиіркену. Қолыңмен қарсы келе алмаған күннің өзінде, іштей жек көру керегі – осы сюжеттің басты нысаны. Уахила Содомнан шыққанымен, Содом оның жүрегінен шықпаған еді.

«Ақ қараның арасы» атты поэманың қорытынды бөлігінде ақын қаланың қызыл-жасыл шамдарынан жан ұшыра безінеді. Сақ-сақ күлген сайтандар салтанатынан қашып келіп ақиқаттың ақ шұғыласынан пана іздейді. Тіпті күнәһарлар кентін тып-типыл еткен жаратқан әміріндей, ақында тәңірлік диапазонда әлемге үн қатады. Артынша өзінің екі-ақ түсті: ақ пен қараны ғана мойындайтынын ашып айтады.

Иә, Содом мен Гоморра – инсаният пен сайтаният некесінен туған қос шаһар. Оның аты тарихта күнәһарлар кенті деп мәңгілік бәдізделіп қалады.

Тозақы тастардың астында қалған тозған қалалар адамзат санасында ұлы ес­керту болып сақталары хақ. Лұт­тың пайғамбарлық миссиясы мен Уақи­ланың уақиғасы – ешқашан біт­пейтін ғибрат ғазалы. Ғ.Жайлыбайдың ва­риациясындағы «Содом мен Гоморра» поэ­масы – әдебиетіміздің жауһар туындылары санатындағы салуалы шығарма.