Білім • 30 Тамыз, 2024

Жаңа оқу жылы: жаңалық пен дайындық

197 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тамыз тәмамдалғалы тұр. Күн санап білім алушылардың жүрегі лүпілдей түседі. Бәрі аңқыған жұпар гүлін алып, бірінші қыркүйек күнін атап өтпекке білім ұясына ағылады. Тәрбие мен білім ордалары да дәл осы күні ерекше түрленіп, педагогтердің де кеудесі қуанышқа толады. Ата-ана да тағы бір жылға есейген перзентін оқуға жөнелтіп, тақымын қысады.

Жаңа оқу жылы: жаңалық пен дайындық

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Иә, барлығының мақсаты – елдің болашақ тәрбиелі, танымы терең, білімді буынын қалыптастыру. Бұл белесті бағындыруға әлбетте оң өзгеріс, тың әдіс, кез келген сәтке сақадай сай әзірлік пен жауапкершілік қажет. Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы басталғалы жатыр. Балабақшалар тәрбиеленушілерін, мектептер оқушыларын, колледждер студенттерін қабылдауға толық дайын ба? Биыл қандай өзгерістер бар? Қыркүйек қарсаңында білім жүйесінің әр сатысында жаңа оқу жылына байланысты жаңалықтар мен дайындық деңгейіне шолу жасап көрген едік.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Елімізде 2-6 жас аралығындағы шамамен 1 млн баланы қамтитын 11 472 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Мектепке дейінгі білім беру департаментінің дерегіне қарағанда, 2024 жылдың соңына дейін мектепке дейінгі ұйымдарда 77 мыңнан аса жаңа орын ашу жоспарланған. 2024 жылдың үш айында 8 849 орынға арналған 125 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді. Жаңа орындарды ашу жұмыстары мектепке дейінгі ұйымдарды салу, жұмыс істеп тұрғандарын қайта жаңғырту және кеңейту, жалпы білім беретін мектептер жанындағы, тұрғын үй кешендерінің бірін­ші қабаттарындағы шағын орта­лықтар желісін кеңейту, же­ке­меншік мектепке дейінгі ұйым­дарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы көзделіп отыр. Соңғы 5 жылда балабақшаға жолдама алудың кезегі екі есеге төмендеді. Бүгінгі таңда 2-6 жастағы балаларды қамту 91% құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 92,5%-ға жеткізу жоспарланған. Осы білім сатысындағы жаңалыққа келсек, еліміздің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мектеп жасына дейінгі балалардың даму картасы енгізілді. Бұл карта балалардың дамуын бақылауға, олардың бойында дағдылардың қаншалықты қалыптасқанын бағалауға мүмкіндік береді.

Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова атап өткендей, аталған карта бастауыш сынып педагогтеріне балалардың мектеп бағдарламасын одан әрі мең­геруінде маңызды құрал болмақ. Карта цифрлық формат­қа ауыстырылып, Ұлттық білім беру деректері базасымен интег­рацияланған, мектептерге ақпа­рат­ты беруде мектепке дейінгі және бастауыш білім арасын­да­ғы үздіксіз байланысты қам­тамасыз етеді.

«Мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасы әр баланың қажеттіліктерін тереңірек түсінуге, оны мектепте сәтті білім алуға дайындауға мүмкіндік береді. Картада дамудың барлық маңызды қырлары көрсетілген: физикалық жағдайы, Типтік оқу бағдарламасын меңгеру барысында қалыптасатын комму­никативтік, танымдық, зият­керлік, шығармашылық, зерттеу, әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары. Мұндай жүйелі тәсіл сапалы білім алуына, бала­лар­дың бастауыш мектепке сәтті бейімделуіне ықпал етеді», деп толықтырды М.Адамова.

Біз балабақшаға бармайтын балалардың да мектепке дайындығын, тәрбие мен қажетті білім дағдысын игеруін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Мектеп жасына дейінгі баласы бар ата-аналарға осы оқу жылындағы тағы бір жаңалықты айта кеткіміз келеді. Алдағы қараша айында «Беске дейін үлгер» мобильдік қосымшасы іске қосылады. Мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына арналған бұл қосымша үйде бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға денсаулық, тамақтану, тәрбие, дағдыларды қалыптастыру мен дамыту, өзара қарым-қатынас құру бойынша танымдық ақпа­рат береді. Қосымшаның маз­мұ­ны әлемдік институттардың нейро­био­логиялық зерттеулерінің ғылы­ми деректері негізінде әзір­ленген және біздің мәдени-тари­хи құндылықтарымыз ескеріл­ген. Департамент директоры М.Адамованың айтуынша, аталған қосымша қазір Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан, Қызылорда, Ақ­төбе облыстарының мектепке дейін­гі ұйымдарымен бірлесіп қанатқақты режімде сынақтан өтіп жатыр. Оны толық масштабтау қараша айында жүзеге асырылады. Сондай-ақ оның мазмұны сабақтарға арналған идеялар мен тәжірибелік кеңестер ұсыныла отырып, консультациялық орта­лықтарда пайдаланылады. Мо­бильді қосымша мектепке дейінгі ұйымдардың кон­суль­тациялық пункттерінде қол­же­тімді болады. Ата-аналар мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, дамыту мәселелері бойынша тәулік бойы әдістемелік және психологиялық көмек ала алады.

 

«Жайлы мектептер» – қазақтілді

Орта білім. Білім саласының бұл сатысына келгенде ата-аналар мен оқушыларды «Алғашқы қоңырау қай күні соғылады?» деген сұрақ көбірек мазалайды. Өйткені 1 қыркүйек – Білім күні жексенбіге тұспа-тұс келіп тұр. Ең алдымен осы сұрақтың басын ашып алайық. Аталған мәселеге Оқу-ағарту министрлігі: «Білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте болады. 1 және 11-сынып үшін 1 қыркүйекте «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты жиын өтеді. 2 қыркүйекте – жаңа оқу жылының бірінші күні – «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында Бірыңғай сынып сағатымен басталып, сабақ кестесіне сай жалғасады», деп жауап берді.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, педагогтердің еңбегіне ақы төлеуге қатысты Еңбек кодексінің 79-бабы бойынша жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытының есебін жүргізуге міндетті. Демалыс және мереке күндері жұмыс істеген қызметкердің қалауына қарай басқа демалыс күні беріледі немесе қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі бойынша кемінде екі есе мөлшерде ақы төленеді.

Бүгінгі таңда республика бо­йынша 7 859 мектеп жұмыс істейді. Қолайлы орта құру мақсатында 280 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 20 тамызына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында алғаш рет 20 мектеп іске қосылды. Министрліктен «жайлы мектептердің» оқыту тілі тура­лы арнайы сұрағанымызда, «қазақ­тіл­ді болады» деген жа­уап алдық. 2024 жылы 536,0 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептің проб­­­лемаларын шешуге мүм­­кін­дік ­ береді. Биыл 1 383 роботтехника (214), химия (290), биология (307), физика (313), STEM (259) пәндік кабинеттерін сатып алу жоспарда бар. Сондай-ақ шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 7 бағыт бойынша (кі­тап­­ха­наларды, асханаларды, жи­һаз­­дар­ды жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеу, пәндік каби­нет­­тер, қауіпсіздік шарттарын жақсарту) 1 000 мектепті жаң­ғыр­ту жоспарланған.

Қазіргі уақытта Starlink спут­­ник­тері 1 879 мектептің 1 731-де орнатылған. Мемлекеттің басым міндеті балалардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, олар­дың құқықтарын қорғау болып қала береді. Өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қам­та­масыз ету, дабыл түймесінің, бейне­бақылау жүйесінің, турни­кеттердің, лицензияланған кү­зет­тің міндетті болуы жөнін­дегі талаптар күшейтілді. Алғаш рет білім ұйымдарын қауіпсіздік жүйе­лерімен барынша жарақ­тандыру қамтамасыз етілді. Бұл үшін жергілікті атқарушы орган­дар­дың 2024-2025 жылдарға ар­налған өңірлік жоспарлары бекі­тілді.

Жаңа оқу жылында 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала оқытылады. 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанады. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 510 мың баланы мектепке дайындауға тиісті көмек көрсетілді. Осы мақсатта бюджеттен 22,6 млрд теңге қарас­тырылған.

Қосымша білім. Балалар, әсіресе мектеп оқушыларының жан-жақты дамуында қосымша білімнің маңызы зор. Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында 100 қосымша білім беру нысанының құрылысы жоспарланып отыр, мұның 37-сі – оқушылар сарайы және 63-і – өнер мектебі. Оның ішінде 2023 жылы 9 оқушылар сарайы салынды, жоспарға сәйкес 2024 жылы 13, 2025 жылы 20, 2026 жылы 24, 2027 жылы 34 нысан пайдалануға беріледі. Бұл нысандар оқушылар мен жас таланттарды дамытуға қосымша мүмкіндік ұсына отырып, мәдени және білім кеңістігін кеңейтуге жол ашады.

Инклюзивті білім. Қолданыс­тағы «Білім туралы» заңында жазылғандай, барлық бала өзінің әлеуметтік, экономикалық, тұр­ғылықты немесе денсаулық жағ­да­йына қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Осы ретте ерекше білім беруді қажет ете­тін оқушылар да назардан тыс қалмауға тиіс. Бұл бағыттағы жа­ңа­лықтар мен дайындыққа келсек, Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беру жағдайында пси­хологиялық-педагогикалық қол­даудың үш деңгейлі моделін енгізіп жатыр.

Бірінші деңгейде сынып жетек­шілері мен мұғалімдер балаға сыныпта немесе топта сабақ кезінде қолдау көрсетеді. Екінші деңгей психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қыз­метінің мамандарын, оның ішінде педагог-психологтерді, әлеуметтік педагогтерді, арнайы педагогтер мен педагог-ассистенттерді тартуды көздейді. Қажет болған жағдайда үшінші деңгейде сурдо­педагогтер, тифлопедагогтер, басқа да сарапшылар, бейінді мамандар қосылады.

Оқу-ағарту министрлігіндегі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева: «Бұл шаралар оқуда қиындықтары бар барлық балаға білім беру қызметінің сапасын жақсартуға байланысты қабылданған. Психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделінің нәтижесінде балалар өздерінің қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктеріне барынша сәйкестендірілген қолдау алады. Сонымен қатар бұл әрбір баланың өз әлеуетін арттыруына мүмкіндік беретін инклюзивті білім ортасын қалыптастырады», деді.

Бас-аяғы еліміздің мектеп­те­рінде 1 051 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Аталған кабинеттерде психологтер, арнайы және әлеуметтік педагогтер, сондай-ақ педагог-ассистенттер ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасап, оларды мектеп ортасына бейімдеуге көмектеседі.

Техникалық-кәсіби бі­лім. Бү­гінгі таңда елімізде 772 колледж бар. Оқу-ағарту министр­­лігі таратқан ақпаратта көр­се­тіл­гендей, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қоры­тын­дысы бойынша 104 коллед­ждің материалдық техни­калық базасы жақсарды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 64 колледжге артық. Еліміздегі колледждерде 542 мың студент оқиды, олардың 344 мыңы тегін, яғни грант негізінде білім алады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы сұранысқа ие мамандықтар 100% тегін қамтамасыз етіледі. Оқу жылының басында бұл көрсеткіш 90%-ды құрауға тиіс. 2024-2025 оқу жылында республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс 60 мың орынға артты, осылайша мемлекеттік тапсырыс­пен 145 мың адамды қамту жос­парда бар. Жалпы, жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тапсырысты ұлғайту арқылы жас­тарды, бірінші кезекте 9-сынып түлектерін тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды биыл 90%-ға дейін, 2025 жылға қарай 100%-ға жеткізу жос­пар­ланған.

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледждердің 278 мың студентіне стипендия мөлшері тағы 50 пайызға ұлғаяды. Яғни екі жыл ішінде студенттерге сти­пендия 2022 жылғы стипен­дия мөлшерінен 2 есе өсті. Шәкіртақы мөлшері орта буын маман­дықтары бойынша 31 мың тең­­­­ге­ден 41 мың теңгеге дейін, жұмыс біліктілігіне қарай 32 мың теңгеден 43 мың теңгеге дейін артады.

Қазіргі таңда кәсіптік-тех­ни­калық білім ұйымдары студент­терді жатақханамен 85 пайыз қамтып отыр. Колледж студент­тері үшін 2024-2025 жылдары 2003 орындық 7 жатақхананы іске қосу жоспарланған: 189 орындық 1 жатақхана пайдалануға берілді (Павлодар облысында).