Пікір • 30 Тамыз, 2024

Конституция – тәуелсіздік темірқазығы: Дәстүрлі құқықтан демократиялық реформаларға дейін

116 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тарихқа бойласақ, еліміздің Еуразия кеңістігінде мемлекет болып қалыптасуында сақтар мен ғұндардан бастау алып, көк түріктер, Алтын Орда арқылы сабақтасқан Қазақ хандығы – дербес мемлекеттілігіміздің ең маңызды тұғырларының бірі.

Конституция – тәуелсіздік темірқазығы: Дәстүрлі құқықтан демократиялық реформаларға дейін

Серік ЕГІЗБАЕВ,

«Ауыл» партиясының төрағасы,

Мәжіліс депутаты

 

Ұлы далада билік құрған хандық дәуірінде заңдар жинағы маңыз­ды рөл атқарды. Заңдар жина­ғының ең бір жетілдірілген үлгісі Қасым хан тұсында болды. Ол билік жүр­гізген кезеңде қазақ қоғамындағы құқықтық нормаларды реттеу мақсаты­мен «Қасым ханның қасқа жолы» аталған заңдар жинағын шығарды. Бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қо­ғамдық және құқықтық заңдарын қа­лыптастырды, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін байып­тады. Жеке адам­дар, ру-тайпалар мен қоғамдық топ­тар арасындағы қатынас жүйесін рет­те­ді. Бұл жарғы бір ғасырдай қызмет ат­қарған соң, тиісті толықтырулар мен­ өзгерістер енгізіліп, «Есім ханның ескі жолы» аталған заңдық жүйе өмір­ге кел­ді. Есімнің немересі Тәуке хан­дық құр­ған кезеңде қағидалардың үлгілі нұс­қасы, халықтың тәртіп, салт-дәс­түрі­нің жүйелі жиынтығы – атақты «Жеті жарғы» қолданысқа енді. Сол кезде қазақ елі басқару жүйесі хандық билікке негізделген, саяси жағынан ор­талықтанған, біртұтас құқықтық мемлекетке айналғаны тарихтан белгілі. Дала дәстүріне негізделген хандық дәуір­дегі бұл заңдық қағидаттарды елдігіміз­дің, Ата заңымыздың тарихи тамыры, мемлекеттілігіміздің маңызды мұрасы деп қабылдаған абзал.

«Алаш» қозғалысы кезеңі­не келер болсақ, Әлихан Бө­кейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттанов «Қазақ елінің уставы» атты еңбек жазды. Бұл сол заманға сай жазылған тұңғыш қазақ елінің заңдар жиынтығы болатын.

Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында ел­дің басты құжатын екі рет қабыл­да­ды. 1993 жыл­ғы Конституция негізін­де еліміз парламенттік респуб­лика мо­де­лінде болса, 1995 жылы қабылданған Конституцияға сәйкес Қазақстан прези­денттік-парламенттік билікке көшті. Тәуелсіздік жылдарында негізгі құжатқа заманның ағымы мен талабына сай алты рет өзгеріс пен толықтыру енгізілді.

Конституцияға кейінгі жылдары ен­гізілген өзгерістер еліміздің саяси өміріне соны серпін берді. Өзгерістер алдымен сайлау жүйесінен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформалар туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында саяси өзгеріс­тер асығыс жасалмауы керек екенін айта келе, «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың ал­дындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сай­лаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көр­сетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз», деген болатын. Әкімдер сайлауын өткізу идеясын Мемлекет басшысы алғаш рет 2019 жылы Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында көтерді. Ал 2020 жылғы Қазақстан халқына ар­наған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Жолдауында аталған идеяны жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде әкімдер сайлауын 2021 жылы ауыл, кент, ауылдық және кенттік ок­ругтер, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар әкімдері деңгейінен бас­тауды ұсынды. 2021 жылы елімізде Мем­лекет басшысының бастамасымен «Қазақстандағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңға әкімдер сайлауын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қою арқылы ауылдық деңгейдегі, аудан­дар мен аудандық, облыстық ма­ңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді. Бұл қадам аза­маттардың конституциялық құқықтарын толық­қанды іске асырудағы белсенділігін арт­тыруға, халықтың билікке деген сені­мін және әр әкімнің халық алдында есеп бе­руін күшейтуге, халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық кө­лемде іске асыруға мүмкіндік береді. Әр тұр­ғын ауыл әкімін таңдауда тікелей дауыс беру құқына ие болды және ауыл әкімі лауазымына азаматтардың өзін-өзі ұсы­нуына жол ашылды.

Сайлау жүйесінің өзгеруі әкімдер мен халық арасындағы байланыстың нығаюына, жауапкершілігінің артуына, олардың қызметінің тиімділігіне тікелей әсер етеді. 2023 жылдың 5 қарашасында елімізде алғаш рет қанатқақты режімде 45 аудан мен облыстық маңызы бар қа­лалар әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл оқиға еліміздің саяси өміріндегі ма­ңызды сәт болды. Сайлауға «Ауыл» партиясы да қатысып, өз үміткерлерін ұсынды. Сайлау қорытындысы бойынша өз өңірінде еңбе­гімен елге танылған абыройлы азаматтар – 3 үміткер «Ауыл» партиясы атынан саяси додаға түсіп, жеңіске жетті. Бұл үрдіс 2025 жылдан бас­тап жаппай тұрақты түрде жалғасады.

Аудан әкімдерін сайлау еліміздің тарихындағы аса маңызды белестердің бірі болары анық. Әкімдер сайлауына өзін-өзі ұсынушылармен бірге саяси партиялар да кандидаттар ұсынатынын ескерсек, саяси аренадағы бәсекелестіктің бәсі арта түсетіні айдан анық. Бүгінгі күні «Ауыл» партиясының атынан рес­публиканың 3 ауданының әкімі ашық сайлауда жеңіске жетіп, өз қызметтерін атқарып келеді. Ал сайлау жүйесі мен саясат майданындағы ашық бәсекелестік – демократияға қадам басудың, қоғамның дамуы мен кемелденуінің кепілі. Жалпы, кейінгі жылдары Президент бастамасымен сайлау жүйесіне көп жаңашылдық енгізілді. Кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екені түсінікті. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, бейбіт шерулерді ұйым­дастыру тәртібі өзгертіліп, бұрын­ғы рұқсат алу қағидаты хабардар ету қа­ғида­тына ауыс­тырылды, сая­си партия­ларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талап 40 мыңнан 5 мың адамға азайтылды, сайлау кезіндегі пар­тиялық тізімде әйелдер, жастар және ин­клюзивті қоғам өкілдері үшін 30 пайыз­дық квота қарастырылды, пар­ламенттік оппозиция институты ен­гізілді. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен аралас сай­лау жүйесі енгізілді. Соған сай Мә­жіліс­тің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы ма­жоритарлық жүйемен жасақталды.

Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәс­лихаттар сайлауына да енгі­зіл­ді. Бұл – елдегі саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, демо­кратияландыруға бағытталған соны­ қадам. Яғни бұған дейінгі партия­лардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін қабылданған ше­шімнің заңды жалғасы. Ендігі жерде мажори­тарлық жүйе бойынша әрбір өңір Мәжіліске кемінде бір депутат сайлай алады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажо­ритарлық жүйеге көшірілді. Мұндай қадам аймақтарда бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашты. Бұл халық арасынан оза шауып, тұр­ғындардың мұң-мұқтажын толғап жүр­ген жаңа тұлғалардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік берді. Саяси партияларға да бір мандатты округтер бойынша кандидаттар ұсыну мүмкіндігі берілді. Сайлау туралы Конституциялық заңға енгізілген бұл жаңашылдықтың барлығы 2022 жылдың 19 наурызындағы Парламент Мәжілісі мен Мәслихаттар сайлауларында тұңғыш рет тәжірибеден өткізіліп сыналды. Нәтижесінде, сайлау қортындысы Әділетті Қазақстанның партиялық жүйесінің одан әрі дамуына айтарлықтай әсер етті. Парламентке алты партияның өтуі – бұрын-соңды болмаған бәсекелестік көрсеткіші. Бұл – партияларға берілген үлкен мүмкіндік әрі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың нақты саяси құралы. Енді пар­тиялар бұл мүмкіндіктерді Пар­ла­ментке өту және депутаттық ман­даттардың барынша көп санын алу үшін ғана емес, бағдарламалық ұста­нымдарды, азаматтармен жұмыс істеу жөніндегі әдістемелік тәсілдерді қолдануға тиіс. Бүгінгі күнге «Ауыл» пар­тия­сының әртүрлі деңгейдегі мәс­лихаттарда 228 мүшесі депутат және 38 партияластардың жергілікті атқару әкімі, ал 8 депутаттан құралған фракция Мәжілістегі барлық 7 комитеттің мүшесі екенін ескерсек, ел халқының бізге үлкен сенім артып, жауапкершілік жүктеп отырғанын аңғарамыз.

Бір сөзбен айтқанда, Президенттің Конституциялық заңды реформалау бастамасы еліміздегі саяси күштердің белсенділігін арттырып, серпінді істерді қолға алуына себепкер болып отыр. Жаңа бағдарламасын қабылдап, жаңғыру жолына түскен «Ауыл» партиясы, ең алдымен, жастар қауымына бет бұрды. Қазіргі таңда партияның әртүрлі деңгейдегі басқару органдарына жастарды тарту мақсатында білімі озық, сана сезімі терең, отаншыл және азаматтық ұстанымы биік кадрлар резервін жасақтау ашық түрде жүргізіліп келеді. Мұндағы ең бас­ты мақсат – партия қызметіне заманауи ойлау қабілеті бар, жауапкершілігі мен рухы жоғары, қазіргі талапқа сай трендтерді меңгерген жастардың кадрлық резервін іріктеу және Партия жұмысына жаңа серпін беретін жалынды, жасампаз жастарды қолдау үшін әлеуметтік лифтіні қолға алу.

Демократияландыру жолындағы ең басты қадам – Президент бастамасымен 2022 жылы 5 маусымда өткізілген бүкілхалықтық референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен то­лықтырулар. Референдумда қабыл­дан­ған Конституциялық реформа мем­лекетіміз үшін тағдыршешті мәнге ие болды. Ата заңға енгізілген бұл тү­зе­тулер мемлекетіміздің басқару мо­делін және саяси жүйесін түбегейлі өзгерт­ті. Қазіргі «геосаяси дауылға» тап бол­ған аумалы-төкпелі әлемде қазақ елі­нің қуаттануына, тұрақтылығының нығаюы­на, экономикасының өркен­деуіне қажетті жан-жақты жағдай жасалды.

Бұл өзгерістер не берді? Ең бастысы, жүйе жаңарды. Еліміз бүкіл маңызды ше­шімдерді бір тұлға қабылдайтын супер­­президенттік жүйеден толық бас тар­тып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» негізделген жаңа тұрпатты пре­зиденттік-парламенттік жүйеге көш­ті. Президенттік лауазымға бір рет сайланатын 7 жылдық мерзім енгі­зіл­ді. Бірқатар билік өкілеттігі қайта бө­лініп, Парламенттің рөлі күшейтілді. Конс­титуциялық түзетулер халықтың тек жер­гілікті билікке емес, тікелей Парла­ментке ықпал етуіне жол ашып, елді бас­қару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейт­ті және азаматтардың құқықтарын қор­ғау тәсілдерін жетілдіру үрдістеріне құ­­қық­тық негіз қалыптастырды. Жаңа түзету­лерге сәйкес ел үкіметі өз мойнына­ жаңа жауап­кершіліктер алып, сындарлы жағдай­да заң күші бар актілер қабылдау құзырына ие болды. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқару құқынан айырылды.

Мәжілістің депутаттық корпусы ара­лас сайлау жүйесі бойынша құрыл­ды. Сенаттағы президенттік квота қыс­қартылды. Парламент Мәжілісіндегі Қазақ­стан халқы Ассамблеясының квота­сы және тұңғыш президенттің Конс­ти­туциядағы ерекше рөлі мен артық­шылықтары туралы ережелер алынып тас­талды. Жергілікті мәслихаттардың маңызы мен рөлі күшейтіліп, облыс әкім­дерін бірнеше кандидат арасынан сол өңірдің халық қалаулылары таңдайтын болды.

Мемлекет басшысы: «Елімізде іске асырылған реформалар екі жылға да жет­пейтін аз уақытта халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті. Енді жұр­тымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол», деген еді. Бүкіл жарқын істеріміздің, тәуелсіздігіміз бен тұтас­тығымыздың, ынтымағымыз бен бейбіт өміріміздің бас­тауы Ата заңымыздың арқасында екені сөзсіз.