Пайдалы қазбалар • 30 Тамыз, 2024

Қарашүңгілден басталған мұнай қайнары

12663 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ жерінде табиғи байлық көп. Әсіресе ел экономикасының өркендеуіне серпін беретін, әлем­дегі алпауыт компаниялардың назарын аударып отырған мұнай мен газдың мол қоры бар. Қазір бірнеше мың адамды жұмыспен қамтып, өзге де салаларды өрге сүйреген мұнай-газ өнеркәсібі ел экономикасының драйверіне айналды. Ал қазақ мұнайы туралы сөз қозғағанда, алдымен Қарашүңгіл кен орны ойға оралады. Өйткені тарихи дерекке жүгініп айтар болсақ, 1899 жылы Жылыой ауданының аумағында орналасқан Қарашүңгілдегі №7 ұңғының 42 метр тереңдігінен мұнай бұрқағы атқылаған. Мұ­найшылар үшін өте тайыз саналатын тереңдіктен тәулігіне 22-25 тонна құрайтын «қара алтын» қайнары алынған. Сол жерден торсыққа құйылып, түйеге артылған 100 тонна мұнай Каспий теңізінің жағалауында күтіп тұрған тасымалдаушы кемеге жөнелтілген.

Қарашүңгілден басталған мұнай қайнары

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Кен орындарында қанша мұнай бар?

Міне, содан бері қазақтың кең жазиралы даласындағы табиғи байлықты өндіру әсте тоқтаған емес. Қазір еліміздің әр өңірінде мұнай өндіріп жатқан 289 кен орны бар. Бұл кен орындарынан алынатын мұнайдың қоры 4,38 млрд тоннаға бағаланып отыр. Мұнай қорының басым бөлігі батыс өңірлердегі кен орын­дарының қойнауында жатыр.

Әлемдік нарықта баррельмен баға­ланған құны сан құбылатын «қара алтынның» басым бөлігі Атырау облысы­ның аумағындағы кен орындарынан өндіріліп келе­ді. Қазір бұл өңірдегі «Теңіз», «Қа­шаған» секілді ірі кен орында­ры шетел инвесторларымен бір­ге игері­ліп жатыр. Атырау облысын­дағы осын­дай және өзге де кен орындарынан өндірілетін 3,2 млрд тонна «қара алтын» қоры бар. Бұл елімізде өндірілуге тиіс мұнай қорының 73 пайызын құрайды.

Бұдан кейінгі көмірсутекті шикі­заттың мол қоры мұнайлы түбек атанған Маңғыстау облы­сын­дағы кен орындарында бар­лан­ған. Мұндағы мұнайдың қоры – 0,56 млрд тонна. Ақтөбе облы­сында 0,36 млрд, Қызылорда өңі­рінде 0,12 млрд тонна «қара ал­тын» бар деп есептеледі. Ба­тыс Қазақ­стан облысының кен орын­да­рынан алынатын «қара алтынның» қоры 0,09 млрд тоннаны құрап отыр. Еліміздің өзге өңірлеріндегі табиғи байлықтың үлесі – 0,05 млрд тонна.

«ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызме­тінің мәліметінше, биыл 6 айда мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 1,1 пайызға артып, 11 млн 989 мың тоннаға жетті. Алайда «Теңіз» кен орнында мұнай өндіру 3,7 пайызға азайып, 2 млн 872 мың тоннамен шектелген. Бұл – тәулігіне 126 мың баррель. Аталған ке­ніште ілеспе газ өндіру көле­мі 4,2 пайызға тө­мен­деп, 1 млрд 587 млн текше метр­ді құрады. Кен орнындағы көрсет­кіштердің төмендеуі осы жылдың мамыр айында шикі газ айдау нысандарындағы күрделі жөндеу жүргізуге байланысты болды.

«Теңіз» кен орнында биылғы сәуірде ұңғы ернеуіндегі қысым­ды басқару жобасының нысандарын пайдалануға беру бойын­ша жұмыстар басталған. Жаңартыл­ған кестеге сәйкес келешек кеңей­ту жобасын іске қосу 2025 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр. «Теңізшевройл» компания­сы баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, серіктестер бұл жобаны іске асыру жөнінде шешімді 2016 жылы қабылдаған.

«Келешек кеңею және ұңғы ернеуін­дегі қысымды басқару жобасы мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 млн тоннаға арттырады. Сол кезде тәулі­гіне 260 мың баррельге дейін мұнай өндіріледі. Мұнай өндірудің жалпы көлемі жылына шамамен 39 млн тоннаға жетеді. Бұл тәулі­гіне 850 мың баррельді құрай­ды», деп мәлім етті компания­ның баспасөз қызметі.

 

Оңтүстік Ақсай, Шығыс Өріктау мен Рожков

Елімізде мұнаймен бірге өнді­рілетін ілеспе газдың қоры да баршылық. Газдың 85 пайыздан астамы батыс өңірдегі үш кен ор­нында өндіріледі. Кен ор­ны­­ның екеуі Атырау, біреуі Батыс Қазақстан облысында орна­ласқан.

Энергетика министрлігінің мәліметін­ше, «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес «QazaqGaz» ҰК АҚ-мен бірге 2030 жылға дейін газдың болжамды балансы қалыптастырылған. Газ өндірудің 85 пайыздан астамын «Теңіз» (27%), «Қарашығанақ» (38%) және «Қашаған» (20%) жобалары қамтамасыз етеді. Мәселен, былтыр газ өндірісі 59,063 млрд тек­ше метрді құрады. Оның ішінде «Теңіз» кен орнынан – 16,009 млрд текше метр, «Қарашығанақтан» – 22,385 млрд тек­ше метр, «Қашағаннан» – 11,856 млрд тек­ше метр, басқа кен орындарынан 8,813 млрд текше метр газ өндірілген.

Биыл газ өндіру 60,456 млрд текше метрге дейін өседі деп жоспарланған. Биылға арналған тауарлы газ өндіру жос­пары – 28,054 млрд текше метр. Газдың болжамды балансына сәйкес ағымдағы ішкі тұтыну 20,9 млрд текше метрді құрайды.

Отандық кен орындарындағы табиғи газ өндіру көлемі 2030 жылға қарай күрт артады. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы газ стратегиясын әзір­­леп жатыр. Жаңа стратегияда «Теңіз», «Қарашығанақ» және «Қашаған» кен орын­­­дарын игеруді есепке алмағанда, 2030 жылға қарай табиғи газ өндірісін жы­­лына 6,7 млрд текше метрге дейін артты­­ру қарастырылып отыр.

«Былтыр жаңадан үш кен орны өнер­кәсіптік пайдалануға берілді. Олар – Оңтүстік Ақсай, Шығыс Өріктау, Рож­ков кен орындары. «ҚазМұнайГаз» компания­сы алдағы 3-4 жылда Орталық Өрік­тау кен орнында өндіру жұ­мыс­тарын бастауды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз – жылына ша­мамен 1 млрд текше метр газ. Ал 2027 жылы Батыс Прорва және Қаламқас кен орындары пай­­далануға беріледі. Болжам бо­йын­ша газ өндіру көлемі жы­­лы­на 1,1 млрд текше метрге дейін жетеді. Халықара­лық компаниялармен бірге перспективалы 12 геологиялық барлау жобасы, сондай-ақ қолда­ныстағы кен орындарын жете барлау жұмыстары пысықталып жатыр», деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Өткен жылы бірнеше газ кен орны іске қосылды. Мәселен, Оңтүстік Ақсай кен орнында игеруге болатын газ қоры 1,7 млрд текше метрді құрайды. Мұнда жылына 100 млн текше метр газ өндіріледі. Былтырғы сәуірден бері бұл кен орнында өнеркәсіптік газ өндіру жүзеге асырылып жатыр. Сәуір-желтоқсан айларында 36,512 млн текше метр, биылғы қаңтар-мамыр аралығында 33,674 млн текше метр газ өндірілді.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауда­нындағы Шығыс Өріктау кен орны 2015 жылы ашылған. Мұнда өндірілетін мұнай қоры – 4,7 млн тонна. Ал мұнайда ері­ген газ қоры – 2,5 млрд текше метр. Кен орны былтырғы желтоқ­сан­да өнеркәсіптік пайда­ла­нуға берілді. Биыл кен орнынан газ өндіру көлемі 46 млн тек­ше метрді құрайды. Алайда маман­дар бұл кен орнындағы шикі­заттың құрамында күкіртсу­тектің көп мөлшерде екенін алға тартады. Шамамен 3,5 пайыз және одан да көп. Соған байла­нысты аталған кеніш көмірсу­тектерді өндіру бойынша күрделі жобалардың санатына кіреді.

Тағы бір газ қоры мол кен орнына Рожков атауы берілген. Ондағы иге­рілетін болжамды газ қоры – 26,9 млрд текше метр. Кен орнынан жылына 1 млрд текше метр газ өндіру жоспар­ланған. Биыл 346 млн текше метр газ өнді­рілмек. Сондай-ақ Анабай кен орнынан былтыр 6,847 млн текше метр газ алынған. Жыл соңына дейін 28,5 млн текше метр көгілдір отын өндіру көзделген.

 

Қара теңіз және басқа бағыттар

«Қара алтын» өндірісінің бір буыны – құбырмен тасымалдау. Бұрын ел мұнайы Атырау – Самара бағытымен ғана та­сы­малданған еді. Қазір қазақ жері­нен өндірілген «қара алтынды» тұтынушыға жеткізетін бірнеше бағыт бар. Соның бірі – «Теңіз» кен орнының көмірсутекті ши­кізатын Қара теңіз жағалауына дейін тасымалдайтын «Теңіз-Новороссийск» құбыры. Оған жетекшілік етіп отырған «Кас­пий құбыр консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбанның мәліметінше, былтыр Қазақстанның аумағынан 56 млн 51 мың 967 тонна мұнай тасымалданған.

«Каспий құбыр консорциу­мының құбыр желісімен мұнай­дың ең үлкен көлемі Қазақ­стан аума­ғынан тасымалданды. Мәсе­лен, Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнынан 27 млн 463 мың 81 тонна, «Қашаған» кен орны­нан 17 млн 897 мың 972 тон­на мұ­най жеткізілді. Ал Батыс Қа­зақ­стан облысында орна­лас­қан «Қарашығанақтан» тасымал­данған мұнай көлемі – 9 млн 619 мың 452 тонна», дейді Н.Горбан.

Оның дерегінше, «Теңіз-Новорос­сийск» мұнай құбы­рымен 2001 жылдан 2024 жыл­ғы 1 қаңтарға дейін әлемдік нарыққа 888 млн 76 мың 899 тонна мұнай жеткізіліпті. Енді аталған құбырмен Қазақстанның кен орындарынан жылына 72,5 млн тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ресей аумағы арқылы өтетін құбырмен жылына 83 млн тонна қазақстандық көмірсутекті шикізатты тасымалдауға дайын­дық жасалған. Консор­циумның құбырымен биылғы қаңтар-шілде аралығында «Теңіз» кен орнынан шамамен 16 млн тонна мұнай тасымалданды. Көмірсутекті шикізат танкерлерге тиеліп, тұтынушыға жөнелтілді.

Қазір «Теңіз кен орнында өндірілетін мұнай көлемін арттыратын екі жобаны іске асыру аяқталуға таяды. Оның бірі – келешек кеңею, екіншісі – ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы. Бұл жобалар іс­ке қо­сылған кезде кен орнынан Қара теңіз жағалауындағы Но­во­­рос­сийск айлағына дейін тасы­­мал­­данатын мұнай көлемі ұлғаяды.

«Осыған орай Каспий құбыр консорциумы акционерлердің шешіміне сәйкес теңіз терминалында, оның ішінде «Теңіз» кен орнынан мұнайдың ұлғайтылған көлемін қабылдауды, тасымал­дауды және жөнелтуді қамта­масыз ету мақсатында арнайы бағ­дарлама қабылданды. Консо­р­циумның мұнай құбыры «Теңіз» мұнайын тұрақты қабыл­дап, қауіпсіз тасымалдауды жалғас­тыруға толық да­йын», деп мәлім­деді Н.Горбан.

1997 жылы құрылған «ҚазТранс­Ойл» АҚ-ның құбыр­мен тасымалдаған «қара алтыны» 1 млрд 128 млн тоннаны құрап отыр. Бұл – 27 жылдағы көрсеткіш. Осы кезеңде компания жүк айналымының жалпы көлемі 825 млрд тоннадан астам шақырымды құра­ды. Ел аумағында 2 347 км учаскелер мен магистрал­дық мұнай құбырлары салынды және ауыстырылды. Сонымен қатар осы жылдары компанияның салық төлемінің сомасы 500 млрд теңгеден асты.

Қазір «ҚазТрансОйл» АҚ ұзындығы 5,4 мың шақырым магистралдық мұнай құбырының әртараптандырылған желісіне ие болып отыр. Компания шикізатты қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына және экспортқа 5 бағыт бойынша тасымалдайды:

  • Атырау – Самара;
  • Қазақстан – Қытай;
  • Ақтау порты арқылы танкерлерге мұнай құю;
  • «Каспий Құбыр Консор­циумы» АҚ жүйесіне ауыстырып тиеу;
  • Теміржол цистерналарына құю.

«Кейінгі 27 жылда магистрал­дық мұнай құбырының ұлттық операторы елімізде өндірілген өнімнің шамамен 40, отандық мұнай өңдеу зауыттарына жет­кізілетін шикізаттың 90 пайы­зын тасымалдады. Құрылған күннен бері құбыр жүйелері арқылы шикізат тасымалдау көлемі екі есе өсті. 1997 жылы шамамен 23 млн тонна мұнай тасы­малдаған болса, қазір бұл көр­сеткіш 44 млн тоннадан асып түсті. Биылғы 6 айда «қара алтын» тасымалдау мен мұнай өнімдерін ауыс­тырып тиеудің шоғырландырылған көлемі 23 млн 218 мың тоннаны құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1 млн 86 мың тоннаға немесе 5 пайыз­ға артық», деп хабарлады компа­нияның баспасөз қызметі.

Кейінгі жылдары қазақ мұ­найын тасымалдайтын балама бағыттар таңдалды. Соның бірі – «Дружба» құбырымен Германиядағы «Шведт» мұнай өңдеу зауытына мұнай экспорттау жобасы. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бұрнағы жылы Германия үкіметі Қа­зақстанға «РСК Raffinerie» мұнай өңдеу зауытына «Дружба» мұнай құбырымен қазақстандық мұнайды жеткізу туралы өтініш­пен жүгінген. Осыған байланысты қазақстандық, германдық және ресей­лік тараптар арасындағы «Транснефть» жүйесі арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау жөніндегі уағдаластық жа­салған. Тараптар уағдаластықтың шең­берінде Германияның Шведт қала­сындағы мұнай өңдеу зауытына жылына 102 млн тонна­ға дейін мұнай экспорттауды ұйғарды.

«Былтыр ақпанда Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына қазақстандық мұнайды жеткізу басталды. Жыл аяғында Германия бағытына 993 мың тонна мұнай тасымалданды. Биыл аталған бағытпен жылына 1,2 млн тонна мұнай тасымалдау үшін «ҚазТрансОйл» мен «Транснефть» арасында шарт жасалды. Соның аясында қаңтар-мамыр айларында 520 мың тонна шикізат жеткізілді», деп ақпарат берді министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақ мұнайын әлем нары­ғына экс­порттайтын тағы бір тиімді бағыт бар. Бұл – Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты. Дәл осы бағытпен мұнай жет­кізуді іске асыру үшін «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ мен «SOCAR» компаниясы арасында келісімге қол қойылған. Келісімге сәйкес Әзербайжан арқылы транзиттің қосымша маршруттарын дамыту шеңберінде Баку – Тбилиси – Джейхан арқылы жылына 1,5 млн тонна көлемінде мұнай тасымалдау жөніндегі уағдаластық қамтамасыз етілді. Соның қо­рытындысымен мұнай айдау көлемі шамамен 1 млн тоннаны құрады. Ал Әзербайжан елі қазақстандық мұнайды қабыл­дау көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға ниет білдіріп отыр. Ортақ меморандумды орындау шеңберінде «ҚазМұнайГаз» бен «SOCAR» компаниясының жол картасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – Әзербайжан Республикасының аума­ғымен қазақстандық мұнай транзи­тінің көлемін ұлғайту.

 

Атырау облысы