24 Қаңтар, 2015

«Левиафан» фильмі: несі жақсы, несі жаман?

279 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

24-01-15-leviafan-1

АСТАНА. 24 қаңтар. Ресейлік режиссер Андрей Звягинцевтің «Левиафан» фильмі әлі прокатқа шықпағанына қарамастан, биылғы жыл басынан бері кең талқылауға түсіп жатыр. Бұл туралы Interfax хабарлады. Картина «Оскар» сыйлығына ұсынылған. Ол қазір Америка киноакадемиясы мамандарының қарауынан өтуде. Ал оның көшірмесі қарақшылық сайттарында жүр. Соның арқасында жұрттың талқысына іліккен. Дегенмен, көрермендер оны кең форматты экраннан көруге қатты ынтығып отыр. Осы аралықта «Левиафан» бірқатар халықаралық жүлделерді, соның ішінде «Алтын глобусты» да алып үлгерді. Жақында «Дождь» телеарнасына берген сұхбатында Андрей Звягинцев картинаға аттың атауының ол әбден түсіріліп болғаннан кейін берілгенін мәлімдеді. Сол кезде режиссер фильм протосюжетін Айюб (орысша - Иова) пайғамбардың «Көне өсиет» кітабынан кезіктірген. «Көне өсиет» мәтініне сай, Айюб – бүлінбеген, әділ және құдайдан қорқатын адам кенеттен Жаратқанның шапағатынан тыс қалады да, өзінің балалары мен барлық мүлік-мүкәмалынан, соңынан денсаулығынан айрылады. Ол қатты күйзеушілікке түседі. Сонда бұған әйелі Құдайды мансұқ етіп, өле қалуды ұсынады. Бірақ Айюб бұдан бірден бас тартады. Ал достары мұның бұған әлдеқандай бір күнәлары үшін беріліп жатқанын, оның сынақ екенін білдіреді. Осыған келіскен Айюб ақырында Құдайға жалбарынады. Сол кезде Жаратқан оны кешіріп, алып қойған нәрселерінің бәрін қайтарады.. XVII ғасырдың ортасында ағылшын философы Томас Гоббс «Левиафан, немесе Материя, пішін, шіркеу және азаматтық мемлекет билігі» деген шығармасын жариялайды. Онда Тәураттағы құбыжықтың образы қуатты мемлекетті білдіретін етіп көрсетіледі. Звягинцевтің түсіндіруінше, «Левиафанның» бас кейіпкері Николай тап осы Айюб туралы желінің көлеңкесінде қалып қояды. Фильм атауы, міне, Гоббстың жоғарыдағы еңбегінен алынады. Қазір фильм жөніндегі жұрт пікірлері екіге жарылып тұр. Бірі қараласа, екіншісі ақтауға тырысады. Картина әлі көрермен назарына шықпағанмен, онда әдепсіз лексиканың өте көп екені белгілі болып қалды. Ал өткен жылғы 1 шілдеден бастап көркем туындыларда боғауыз сөздердің пайлдаланылуына тыйым салынғаннан кейін фильмнің прокатқа жолдама алуы қиындады. Ал фильмді жасаушылар оның 1 шілдеге дейін түсіріліп қойылуына байланысты, жоғарыдағы тыйымның өздерінің туындыларына жүрмейтініне үміт артқылары келеді. Бұл – бір. Екіншіден, картинада арақ ішу оқиғасы тіпті көп. Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский осыған орай: «Біздегілер тап осылай ішпейді» дегенді айтады. Мұның бәрі жекелеген нәрселер. Ал желіде фильмнің қарақшылық нұсқасы пайда болғаннан кейін қасиетті нәрселерді аяққа таптады деген сарындағы сындардан гөрі кең ауқымда мінеу кең етек алып кетті. Олар негізінен фильмді жасаушыларды патриоттық сезімнен ада деген мазмұнда айыптамақ болады. Мұндай топтағылардың ұғымынша, картина Ресей билігін, православиені, тұтастай алғанда, Ресейдің өзін қаралауға арналған болып шығады. Тағы бірқатар көрермендер туындының осылайша Батысқа жағу, сөйтіп, олардың жүлделері мен бәйгелерін жеңіп ала беру мақсатында түсірілгенін де алға тартады. Енді біреулер фильмнің көркемдік деңгейі төмен деген тұрғыдағы сынын білдіреді. Бір айтарлығы, «Левиафанды» ұнатқан қауым да аз емес. Олар Ресей билігі мен православиені «қаралаудың» астарында шындық бар екенін жайып салады. Фильмде елдегі ең ауыр жағдайлар көрсетілген, дейді ондайлар. Өмірдің шындығын осыдан көреді. Осылайша аталмыш фильм экранға шықпай жатып-ақ үлкен рейтингке ие болып жатыр. Күні ертең шыға қалса, оның нағыз кассалы дүние болғалы тұрғанын енді пайымдау қиын емес. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: Interfax.