ЖОЛДАУ • 02 Қыркүйек, 2024

Енді аудан әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланады

87 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметін сілтеме жасап. 

Енді аудан әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланады

фото: kaztag.info

«Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды», деді Президент. 

Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайлана бастады. 

«Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам», деді Қ:Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы саяси реформа – бір реттік науқан емес екендігін атап өтті. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса беруі тиіс.