Фото: senate.parlam.kz
Сенатор Жолдауда халық көкейіндегі мәселер көтерілгенін айтты.
«Мемлекет басшысының Жолдауы - бағыт-бағдарды айқындайтын негізгі құжаттың бірі. Астана қаласында орта және шағын кәсіп иелерімен кездестім. Кездесуде Салық кодексіне қатысты мәселе қозғалды. Кәсіпкерлер Салық Кодексінің жобасымен танысып, әлі де шикі тұстары көп екенін айтқан еді. Ашық хат әзірлеп, Салық кодексін қабылдауды кейінге қалдыру туралы бастама көтергілері келетінін де жеткізген еді. Жолдау шағын және орта кәсіпкерлердің сұранысына жауап болды. 1 жылдың ішінде бұл құжатты кәсіпкерлердің өзімен бірлесе отырып талқылап, тиімді жұмыс істейтін құжатқа айналдыруымыз керек деп ойлаймын. Бұл аса маңызды шешім болды», деді Бибігүл Жексенбай.
Сондай-ақ Президент Жолдауда медицина саласына бөлінген 3,3 триллион теңгенің нәтижесі жоқ екенін атап өтті. Бұл тұрғыда депутат МӘМС-тің әр тиынын бақылауды күшейту ұсынысын қолдайтынын айтты.
«Еліміздегі өткір, халық көп шағымданатын мәселе - медициналық сақтандыру қорының жұмысы. Астана қаласында жекелеген адамдардан түсетін жарна биыл төмендеп кеткені айтылды. Бұл МӘМС-ке деген халық сенімі азайғанын көрсетеді. Сондықтан МӘМС жұмысын ашық ету, әр тиынының дұрыс жұмсалуын қадағалау аса қажет. Президент мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен қор тарапынан көрсетілетін медициналық көмектің аражігін ажыратып халыққа ашық көрсете алсақ, халықтың медициналық-профилактикалық шараларды алуына мүмкіндік ашылатын еді», деді сенатор.
Бибігүл Жексенбай АЭС-тің орасан зор мүмкіндіктеріне қатысты халыққа көбірек ақпарат беру маңызды екенін тілге тиек етіп, ақпарат аз болған соң, адамда фобия пайда болатынын ескертті.