13 Маусым, 2015

Кең өріс

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
image89560Астанада «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат инс­титуты «SarapTime» cарапшылар клубымен бірлесіп, «Ұлт жоспары – «Мемлекет құрылысының одан арғы дамуының 100 нақты қадамын іске асырудың қоғамдық тетіктері» деген тақырыптағы екінші отырысын өткізді. Басқосуға «Нұр Отан» партия­сы Қоғамдық саясат институты­ның директоры Саясат Нұрбек, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов, «Стратегия» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Елеуова, саясаттанушы Ерлан Сайыров және тағы басқалар қатысты. Қазақстан Азаматтық альянсының төрағасы Нұрлан Ерімбетов отырыстың модераторы болды. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асыру мақсатында белгілен­ген «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында қарастырылған орташа таптың үлесін арттыру, бірыңғай ішкі нарықты дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, жаңа жұмыс орындарын құру және бірлікті нығайту мәселелері сөз етілген бұл жиында сарапшылар ел алдына қойылып отырған осы ауқымды міндеттерді атқару ісіне қатысты ойларын жеткізді. Бірінші кезекте сөз алған «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек қазіргі таңда ел алдында маңызды міндеттер тұрғанын, оларды еңсеруде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бес институттық реформаның өз деңгейінде жүзеге асырылуы еліміздің жаңа белес­ке көтерілуіне толық мүмкіндік береді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бес институттық реформасында атап көрсеткендей, мемлекеттік органдардың мөл­дір­лігі мен есептілігін, заңдар үстемдігінің күшейтілуін, эконо­микалық өсімді қамтамасыз ету, ел бірлігін нығайта түсу Қазақ­станның бүгінгі жетістігін одан әрі ұлғайтуға кепіл бола алады, деді ол. Бұдан бөлек, Саясат Нұр­бек бүгінде халықаралық сарап­шылардың Қазақстанда әлемдегі өте жоғары мақсатты көздеген бағдарламалардың бірі бастау алды деп есептейтінін жеткізді. «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының сөзіне қарағанда, еліміздің мейлінше жоғары нәтижеге қол жеткізуі үшін азаматтық қоғам мен мемлекеттің ынта-жігерін жұмылдырудың маңызы зор. Сонымен қатар, ол «100 нақты қадам» бес инс­ти­туттық реформаны жүзеге асы­рудың нақты алгоритмі екенін, осы басымдықтарға байланысты «Нұр Отан» партиясының 50 ұсыныс әзірлегенін атап өтті. Ал Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов халықаралық қаржы институттары экономикалық проблемалары шешімін тапқан, саяси тұрақтылық орныққан елдермен бірге жұмыс істеуге мүдделі екенін айта отырып, Қазақстанда шетелдіктерге күмән тудыратын жағдаяттар, келеңсіздіктер жоқ екеніне тоқталды. Жиын барысында сарапшылар Ұлт жоспары талаптарын орындауда тиімді қоғамдық тетіктер бірінші кезекте азаматтардың әл-ауқатын, мемлекет дамуын одан әрі өрістетуге бағытталған күрделі институттық өзгерістердің бас­таушысы ретінде халықтың билік­ке сенімін күшейте түсетініне де назар аударды. Сонымен қатар, сарапшылар отырыста мемлекеттік қыз­мет­керлердің кәсібилігін түбегейлі арттыруға, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмы­сын модернизациялауға, ел тұтасты­ғын нығайтуға, «Ашық Үкімет» жұ­мысының меха­низмде­рін же­тілдіруге, мемле­кеттік аппа­раттың мөлдірлігіне, есептілігіне, қоғамдық бақылауды күшейтуге және басқа да жағ­дайларға қатыс­ты ойларын ортаға салды. Жалпы, жиынға қатысушы­лар Президент Нұрсұлтан Назар­баев ұсынған бес институттық реформаның артықшылықтарын талдай келіп, онда көрсетілген бастамалардың барлығы заман талабынан туындап отыр деген пікірге келді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».