Бейбіт атомды саясиландырмау керек
Мәжіліс депутаты Никита Шаталов АЭС құрылысы, қоғамның алаң көңілі туралы ашық айтты.
«АЭС-ке күмән келтіретіндердің негізгі уайымы стансаның экономикалық тиімділігіне қатысты. Халық қазірдің өзінде электр энергиясы тарифінің қандай болатынын білгісі келеді. Бірақ ол референдумнан кейінгі технологияны таңдауға байланысты ғой. Референдум арқылы біз экономиканың болашағы тәуелді болатын белгілі бір даму бағытына келісіп, бойдағы үрейді жеңіп, елде атом энергетикасын дамыту бойынша түбегейлі шешім қабылдауымыз керек. Қоғамды даму жолына тарту ләзім. Бұл саяси жүйеміз үшін ерекше жағдай. Мен Топардағы ГРЭС-2 қанша қалдық түзетінін мысалға келтірдім. Оның қуаты АЭС-тен 4 есе әлсіз болады. Жыл сайын миллиондаған тонна күл жерге төгіледі және мұның бәрі ауаға, үйлерге және өкпеге түседі», деді Н.Шаталов.
Мелиорация ескі технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады және ауадағы зиянды заттардың таралуын қоздыратын үйінділерді дренаждау қажет. Көмірдің де, күлдің де өзіндік радиациялық фоны бар екенін ұмытпаған жөн. АҚШ-тың бүкіл ядролық өнеркәсібі 60 жылда бір дүкен көлеміндей ядролық қалдық шығарды. Шыққан қалдық өңделіп, қайталама отынға айналады.
«Болашақта елде атом электр стансасы салынса, бізде толық отын циклі болады. Бұл өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге, қосылған құны жоғары өнімді экспорттауға мүмкіндік береді. Бейбіт атом саяси мәселе болмауы керек. Әлемнің ірі экономикалары осы жолмен жүріп, тиімділігін арттырып, жаңа технологияларды жасауға одан әрі зерттеуді жетілдіріп, жеделдетіп жатыр», деді Мәжіліс депутаты.
Бәрін дер кезінде шешкен дұрыс
Талқылаудан саясаттанушы Ғазиз Әбішев те тыс қалмады. Электр энергиясы тапшылығы энергия балансының көрсеткішінен де, жарықты мерзімді сөндіруден де айқын көрінетінін меңзеген ол, қарсы тарап АЭС-тің қауіп-қатері туралы тезистерді нақты дәлелсіз, эмоционалды деңгейде алға тартатынын, ал ядролық жобаны қолдаушылар оның апат қаупін қарсыласына қарағанда тиімді түрде жоққа шығарып жатқанын жеткізді.
«Референдум оң шешім қабылданса да АЭС әп-сәтте пайда болмайды. Әуелі байқау жариялайтын үкіметтік комиссия құрылады. Әлеуетті мердігерлер тендерлік құжаттарды дайындайды. Ол құжаттар зерттеледі. Одан кейін шешім қабылданады. Әрі қарай мердігер техникалық, қаржылық жобалардың толық пакетін әзірлеуге кіріседі. Бұған бір жарым немесе екі жыл уақыт кетуі мүмкін. АЭС-ке орын дайындап, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, ғимарат салып, реактордың құрылысын жүргізіп, іске қосу үшін 10-11 жыл уақыт керек. Бұл ретте бүкіл үдеріс бірден бірнеше тараптан бақыланады. Мердігер компанияның мамандары, МАГАТЭ инспекторлары, Үкімет сарапшылары және оның арнайы жалдаған тәуелсіз кеңесшілері әр қаданың қағылуын жіті қадағалап тұрады», деп түсіндіреді сарапшы.
Айтуынша, АЭС-ті іске қосу – ұзақмерзімді күрделі жоба. Қоғам оны жіті бақылап, құрылыстың қауіпсіз жүргізіліп жатқанын әр кезеңде тексере алады. Мәселе басқада, егер қазір бейбіт атом энергиясынан бас тартсақ, жаңа көмір зауытын, жел қондырғысын, күн панельдерін салуға арналған жобаларға қаржы құюға, соларға сенім артуға мәжбүр боламыз.
«Бұл жағдайда 10-15 жылдан кейін мұнай өндіру ісі құлдырап, газ тапшылығы орнап, электр энергиясына өнеркәсіптік және тұрмыстық сұраныс артса, біз ядролық жобаны жүзеге асыра аламыз ба? Егер солай болса, оның бағасы қанша тұрады, оған қол жеткізу жолында қандай шығындарға ұшыраймыз? Ол жағы тағы беймәлім», деді Ғ.Әбішев.
Қоршаған ортаға қолайлы
«Байтақ» жасылдар партиясы аппарат басшысы, эколог Бекберген Керейдің айтуынша, АЭС-ке қарсы болып жүрген азаматтардың басым көпшілігі – мәселенің байыбына бармай, дәлелденбеген ақпараттарға сеніп, бос даңғазаға еріксіз ілесіп кеткендер. Қоғамға энергетикалық тапшылықтың қаупі мен салдары туралы түсіндіру жұмыстарын әлдеқайда бұрын бастап, АЭС-тің маңызы мен мәнін де тереңдетіп ұғындыру керек еді.
«Эколог, инженер-жерге орналастырушы маман ретінде айтарым, АЭС-тің қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Реакторлар ауаны ластайтын қалдықтарды мүлдем шығармайтынын зор сеніммен айта аламын. Энергия тапшы заманда көрші мемлекеттерге тәуелді болмау аса маңызды. Бүгінде күллі әлем елдері көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуға тырысып жатыр. Бұл ретте атом электр стансаларының да маңызы зор. АЭС-тің экологияға тигізер кері әсері болмағандықтан, әлемде 415 реактор үздіксіз қуат көзін өндіріп, тоқтаусыз жұмыс істеп тұр», дейді.
Расында, АЭС қоршаған ортаны мұнай өнімі, түтін газы, күл сияқты зиянды заттармен ластамайды. Оған дәлел – АЭС қолданатын елдерде станса маңында балық аулаудан жарыс ұйымдастырылуы. Радиациялық әсердің жоқтығына көз жеткізу мақсатында жарыс кезінде балықты аулап қана қоймай радиологиялық зерттеу жұмыстары да жасалады. Міне, әлемдік тәжірибе осыны анық көрсетті.
«Тек эколог ретінде ғана емес, ел азаматы ретінде де мені өскелең ұрпақ болашағы қатты алаңдатады. Ел экономикасының дамуына халықтың әл-ауқаты артуына да үздіксіз қуат көзі қажет. Энергетиктердің алда энергия тапшылығы болады деп дабыл қағуы бекер емес. Сондықтан ел келешегі мен болашақ ұрпақтың қамын ойласақ бүгіннен бастап энергия қорын үнемдеп, АЭС салуға келісім беруіміз керек. Эколог ретінде АЭС көмірқышқыл газы мен түрлі ілеспе газдарды ауаға шығармайтынын тағы бір мәрте зор сеніммен мәлімдеймін», дейді Б.Керей.