Аймақтар • 03 Қыркүйек, 2024

85 отбасы баспаналы болды

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Конституция күні қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 85 отбасыға «Sun City» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтер кілттерін табыс етті. Баспана 10 жылдан аса уақыт үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді.

85 отбасы баспаналы болды

Пәтерлер қаланың ком­мунал­дық тұрғын үй қорынан баспана сатып алу бағдарламасы аясында табысталды. Жарық та жайлы пәтерлер «KazSMU» ЖШС-ның 360 пәтерлі кешенінен сатып алынды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік саясат­тағы басымдық екенін, бұл мәселе жіті назарында болатынын айтты. Осы бағытта Алматы облысында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл әлеуметтік осал топтарға арналған 1 304 пәтерді сатып алу жоспарланған. Оның 55-і бүгінде сатып алынды. Облыс орталығында қосымша 145 пәтер сатып алынып, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға бері­леді. Жалпы, облыс бойынша 61 көппәтерлі тұрғын үй (1 618 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық облыс тұрғыны жаңа бас­панаға ие болады деп күтіліп отыр», деді Марат Елеусізұлы.

Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі – Анар Алмұратова. Күміс алқа иегері бес қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ол он жылдан бері Қонаев қалалық ауруханасында медбике болып жұмыс істейді.

«Қонаевта тұрып жатқаны­мыз­ға он жыл болды. 2012 жылы көшіп келдім.  Конституция күні қарсаңында үй беріп жатыр, балапандарымыз осы жерден сабаққа барады. Екі бөлмелі үй, 78 шаршы метр, іші үлкен», деді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған А.Алмұратова.

«Sun City» тұрғын үй кешені қаланың жайлы әрі қолайлы бөлі­гінде орналасқан. Ғимараттың құрылысы екі жыл бұрын басталып, биыл пайдалануға берілді. 12 қабатты нысанның ауласы толық абаттандырылған. Балаларға ар­налған спорттық, ойын-сауық алаң­дары да орнатылыпты.

«Қонаев қаласында баспана кезегінде 1 834 адам тұр. Олардың арасында көпбалалы аналар,  жетім балалар және мүгедектігі бар адамдар бар. Жыл соңына дейін 165 пәтерді Үкімет тарапынан беру жоспарланып отыр», деді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов.

Конституция күні Алматы облысында кеңінен аталып өтті. Ата заңымыз ардақталған мерейлі мереке аясында барлығы 45 мың­нан аса адамның қатысуымен 230 іс-шара ұйымдастырылды. Өңір­дің әр түкпірінде осы атау­лы күнге арналған салтанатты жиын­, мерекелік концерт, көр­ме, флэшмоб, мәдени іс-шара, спорттық жарыс өтті. Сонымен қатар тақырыптық кездесулер мен конференция­ ұйымдастырылды. Онда конс­ти­туциялық нормаларды іске асы­руға байланыс­ты жетістік тал­қыланды. Бұл іс-шараларда жас­тар ерекше белсенділік танытты.

Конституция күнін мерекелеу аясында облыс орталығында «Ата заңым – айбыным!» атты мерекелік жиын өтіп, онда облыс әкімі М.Сұлтанғазиев өңір жұртшылығына жылы лебі­­зін жолдады. Салтанатты іс-ша­ра­да қоғамдық ұйымдар мен шы­ғар­машылық ұжым­дар­­дың өкіл­­дері сөз сөйлеп, Консти­ту­ция­­ның мемле­кетіміздің негізі ре­тіндегі маңызын атап өтті, оның қағидаттары негізінде елдің одан әрі дамуына сенім білдірді. Ме­ре­келік іс-шара барысында өңірдің түрлі саласы мен қо­ғамдық өмі­рінің дамуына елеулі үлес қос­қан азаматтар марапатталып, бірқатарына мемлекеттік наградалар табыс етілді. Олардың ішінде белгілі актер Бекжан Тұрыс та бар. Өнер майталманына «Алматы облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар