Бұл үйлер «Eurasian Resources Group»-тың (ERG) негізін қалаушы-акционерлері бөлген қаражат (40 млрд теңге) есебінен салынған. Жаңа үйлерді беру рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Рахматуллаев қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға заң аясындағы тиісті көмек көрсетілді. Бүгін біз Орал қаласының саяжайлар алқабында тұрып, тасқында баспанасынан айырылғандарға жаңа үйлердің кілтін табыс етіп жатырмыз. Бұл – жалпы өңір үшін үлкен қуаныш. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсеткен «ERG» компаниясының өкілдеріне шын жүректен алғыс айтамын», деді Н.Төреғалиев.
«Оралдағы осы үйлер де «Eurasian Resources Group» (ERG) компаниясы бөлген қаражатқа сатып алынған. Компанияның негізін қалаушы-акционерлері тасқыннан зардап шеккендер үшін көмекке 40 млрд теңгеден аса қаражат бөлген еді. Барша қоныс иелерін бүгінгі қуанышымен құттықтаймын», деді Д.Рахматуллаев.
Оралдағы «Нұрлы жол» саяжайының тұрғыны Марал Оралованың үйі тасқын кезінде су астында қалған еді. Ол мемлекеттің көмегі арқылы бүгін сапалы баспанаға ие болғаны үшін алғыс айтты.
«Кезінде «Нұрлы жол» саяжайынан үй салған едік. Көктемде үйіміз суға кетті. Президентке рахмет, бізді далада қалдырмады. Бүгін Деркөл кентінен 3 бөлмелі үй бұйырды. Үйдің ішін қарап шықтық, керемет деп айтсақ болады. Сапасы да жақсы», дейді М.Оралова.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, биыл су тасқынынан зардап шеккендер үшін Батыс Қазақстан облысында 775 үй салынған. Оның 375-сі – Орал қаласында, 400-і – аудандарда.
Батыс Қазақстан облысы