Аймақтар • 03 Қыркүйек, 2024

Кәсіпкер тартуы

57 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екібастұз қаласына қарасты Зеленая роща ауылының оқушылары жаңа оқу жылында тамаша сыйлыққа кенелді. «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров өз қаражаты есебінен ауыл мектебінің бастауыш сыныптарына арналған қосымша ғимарат салып берген. Бұдан былай ауыл балалары бір ауысымда оқиды.

Кәсіпкер тартуы

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Зеленая роща ауылындағы мектептің негізі 1964 жылы қаланған. Бірақ нысан әбден ескіргеніне байланысты 2018 жылы жергілікті бюджет есебінен жалпы аумағы 1020 шаршы метр болатын жаңа ғимарат тұрғызылған. Пешпен жылытылатын ескі жүйенің орнына модульдік қазандық орнатылды. Сол кезде «Табыс» ШҚ қолдауымен спорт залы да салынған болатын. Енді биыл кәсіпкер Манат Алғамбаров мектепке кезекті сыйлығын жасады. Оның жеке қаражатына аумағы 143 шаршы метр қосымша ғимарат тұрғызылды. Онда бастауыш сынып балалары оқиды деп күтіліп отыр.

Осы уақытқа дейін орын жетіспеушілігіне байланысты мектептің бастауыш сыныптары екі ауысымда оқып келген. Енді бастауыштағы 19 бала оқуын жаңадан салынған кең әрі жарық кабинеттерде бастайды. Ал жоғары сыныптар 2018 жылы тұрғызылған мектеп ғимаратында оқуын жалғастырады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кәсіпкердің тартуы мақтауға лайық бастама екенін атап өтті.

– Туған ауылына, оның тұрғындарына, келешегіне жауапкершілікпен қарап, өскелең ұрпақтың болашағына ой жүгіртіп отырған кәсіпкер азаматтың ісі құрметке әбден лайық. Туған өңірінің тағдырына бейжай қарамай, көмек қолын созған барлық меценат пен демеушіге алғысымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан азаматтарымыздың әл-ауқатын және облыстың өркендеуін арттыру үшін бар күшімізді саламыз, – деді өңір басшысы.

Жаңа ғимаратпен танысқан Асайын Байханов роботтехника кабинетінің жабдықтары мен спорт құралдарын сатып алу үшін Зеленея роща мектебіне 30 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Жалпы, қазіргі уақытта Ертіс – Баян өңіріндегі мектептерде 6 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Жаңа оқу жылында 7 мектеп оқушылары үш ауысымда оқитын болады. Мектептердегі орын тапшылығы мәселесін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешу көзделген.

Мәселен, облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданының оқушылары биылғы қараша айынан бастап жаңа мектепте оқиды. Аумақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 200 балаға арналған заманға сай білім ұясы пайдалануға беріледі. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталу шегінде. Өңірлік білім беру басқармасының мәліметінше, жаңа ғимарат қаланың аталған бөлігіндегі орын тапшылығын шешеді. Ал мектеп заманға сай оқу жабдықтарымен қамтылады. Ал жалпы Павлодар облысында барлығы бес жайлы мектеп салынады деген жос­пар бар.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы,

Зеленая роща ауылы