...МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен “ҚазТрансГаз” АҚ бас директоры Серік Сұлтанғалиев облыс әкімдігі жүзеге асыратын, 2015 жылға дейін өңірді газдандырудың кешенді бағдарламасын іске асырудың тиімді және екіжақты ұтымды байланысын, стратегиялық әріптестікті және оны ұзақ мерзімді орнықтыруды қарастыратын өзара қызмет туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға сәйкес, тараптар облыстағы 140-қа жуық елді мекенді газдандыруды (құны 5 миллиард теңгеден астам) одан әрі жалғастыруға келісті. Жұмыс істеп тұрған газ үлестіру жүйесін республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан жаңғырту және қайта құру жобаларын газдандыруды қаржыландыру және бірлесіп қаржы бөлуді қамтамасыз ету шараларын қолдану, инвестиция мен басқа да қаржы көздерін тартуды, бекітілген заңнамалық тәртіпте жаңадан салынған нысандарды газдандыру үшін, оларды одан әрі пайдалану міндеттері айқындалды. Сондай-ақ “КазТрансГаз” АҚ жабдықтау және аймақтағы 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын ескере отырып, облыстағы газ тұтынушыларының болжауын беру туралы өзара келісім жасалды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.
______________
...ӨҢІР КӘСІПКЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ
Кеше “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында семинар өткізіліп, оған Экономикалық даму және сауда министрлігі Инвестиция департаментінің директоры, облыстағы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының және банк төрағалары мен жер-жерден келген кәсіпкерлер қатысты.
2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру бағытында арнайы бағдарлама әзірленіп, үдемелі индустриялық-инновациялық құрылым механизмін дамытуға пайыздық үстемесі аз қаржы бөлінгені ортаға салынды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы екі кезеңмен жүзеге асырылатын болса, олар 2010-2014 және 2015-2020 жылдарды қамтып, жобалы жұмыстар қолға алынатындығы айтылды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін өңірде биыл 973 млн. теңге қаржы бөлініп, бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, шетелге тауар шығарушыларды қолдау бойынша қанатқақты жұмыстар жүзеге асырылатын болды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
______________
...10 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ
Мәдениетті қолдау жылы Петропавл қаласында облыстық қазақ-сазды драма театры отау тігіп, тұсауын Елбасы Н.Назарбаев кескен болатын. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы театр факультетінің 25 түлегі өнердегі алғашқы қадамдарын Қызылжардың қасиетті жерінен бастап, бүгінде шығармашылық ұжымның негізін құрап отыр. Ұжым мүшелерінің есімдері бүгінде үлкен құрметпен аталады. Бұлардың бірқатары – түрлі байқау лауреаттары. Театр труппасының жеңісті жолдары – өз алдына бір төбе. Республикалық, халықаралық фестивальдерде жоғары орындардан көрініп жүр. Театр жанында камералық оркестр, ұлттық би тобы, жас режиссерлер клубы жұмыс істейді.
Мерейлі оқиғаға орай облыс әкімі Серік Біләлов құттықтау хат жолдап, сый-сияпат көрсетті. А.Қапезов, Б.Шаймерденов, Б.Әбілмәжінов секілді кәсіпкерлер де мырзалық танытты.
Осы күні петропавлдықтар театр әртістерінің өнерін қызыға тамашалады.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.