Қоғам • 02 Қыркүйек, 2024

«Ортекемен» рекорд орнатты

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік көшпелілер ойыны қарсаңында павлодарлық оқу­шылар ұлттық «Ортеке» биінен еліміздің рекордын орнатты. Бір мезетте 100 домбырашы ортекелерді билетіп, Ер­тіс жағасын күмбірлеген күйге бөледі.

«Ортекемен» рекорд орнатты

«Ортеке» арнайы жа­салған тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, перне басқан саусақтардың қозғалысымен қуыршақ та тықылдап билей жөнеледі.

Былтыр қазақтың «Ор­теке» биі ЮНЕСКО-ның ма­териалдық емес құнды­лық­тар тізіміне қосылған болатын. Бұл да ұлттық мәдениетіміздің туындыларын әлем мойындай бастағанының көрінісі. «Ортеке» биінен ел рекордын ор­нату идеясын Павлодар қаласының әкімдігі ұсынған.

– «Ортеке» биін жас­тар арасында, соның ішін­де оқушыларға таныту мақ­сатында Конституция кү­ніне орай әрі Дүниежүзілік көшпелілер ойыны қарсаңында 100 балғын домбырашыны шақырып, осындай игі мәдени шараны ұйымдастырдық. Бұл жерге кәсіби домбырашыларды да тартуға болар еді. Дейтұрғанмен, таңдауымыз өнерде жолын енді бастап жатқан жас өрендерге түсті. Әкімдіктің тапсырыс беруімен шеберлер 100 ортекені арнайы жасап берді. Бұл бұйымдар кейін жер­гілікті музыкалық мектептер мен музы­ка­лық кол­леджге, өзге мектептер мен балалар клубтарындағы дом­быра үйір­ме­леріне таратып беріледі, – дейді Павл­одар қаласы әкімінің кеңесшісі Да­нияр Жұмаділов.

Жас домбырашылардың өнерін жер­гілікті көрермен Ертіс өзені жаға­лауында ор­наласқан «Ertis Promenade» сах­насында тамашалады. Ел рекордын орнатуға Пав­лодар қаласындағы Құр­манғазы атындағы балалар музыка мектебі, музы­калық колледж-дарын­ды ба­лаларға арналған музы­ка­лық-мектеп интернат кеше­ні, «Жігер» балалар-жас­­өспірімдер клу­бының өнер­паздары қатысты.

Музыкалық колледж-дарынды бала­ларға арналған музыкалық-мектеп интер­нат кешенінің басшысы Серік Сыздықовтың сөзінше, «Ор­теке» – күйшілік өнердегі тартымдылық әрі көрнекілік үшін қолданылатын жанр.

– Күйшілік өнерде жүрген ше­бер домбырашылар «Ор­текені» көнеден бері шебер билете білген. Екінші жа­­ғы­нан, балаларға арнал­ған шы­ғармаларды дә­ріп­теуге таптырмас өнер түрі. Хал­қымыздың та­би­ғат­қа жақындығын, жа­байы жа­нуарларға деген қам­қор­лығын танытатын ерекшелігі де бар. Білім ұйымдары өнерлі балалардың басын қо­сып, ортекелерді билете отырып, «Қа­­ражорға», «Салкүрең», «Секіртпе» күйлерін сахнада сәтті орындап шықты. Мұн­дай рекордқа көшпелілер ойы­ны қарсаңында қол жет­кізіп отырғанымызға қуа­ныш­­тымыз. Ертістің Пав­лодар өңірі үшін бұл – тарихи іс-шара, – дейді Серік Қа­сымханұлы.

(КИНЭС) Қазақстан рекордтар кі­табының ресми өкілі Қуандық Құдай­бергенов пав­лодарлықтарды жаңа рекордпен құттықтап, аталған мектеп­тер­дің өкілдеріне сертификат табыс етті.

 

Павлодар облысы