«Кемшіліктеріңіз – ауа райын реттей алмадыңыздар»
Журналистермен жүздесуде халықаралық байқаушы айтқан әзіл көпшілікті ду күлдірген. Расында, айтса айтқандай. Сәуірдің 25-інен 26-сына қараған түнде долы жел көтеріліп, төңіректің әптер-тәптерін шығарды. Артынан жаңбыр жауды деу сыпайылық, аспан түбі тесіліп кетердей нөсерлетті. – Біз сайлау учаскелерінен жақсы ұйымдастырылған жұмысты көрдік, – деді Сергей Бабуркин. – Комиссияның дайындығы жақсы, материалдық-техникалық базаға сын айта алмайсың. Учаскедегі қызметкерлер сайлаушыларға керекті жәрдемді көрсетіп жатыр. Алғашқы сайлаушылар азаматтық парызын өтеп, таңдауын жасай алды. Сонда да бір айып кетті сіздерден. Сайлауды ұйымдастырушылар бүгін сәулесін шашқан ашық күн жасай алмады. Далада жаңбыр шелектеп құйып тұр. Мен бұл сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуіне кесірін тигізеді деген ойдамын. Басқадай ескертпе жоқ. Әттеген-айы, халықаралық байқаушы біздің халықты жақсы білмейді екен. Әзілдесе де ойындағысын айтты. Сайлаудың бітуіне екі сағат қалғанда оңтүстік ағайынның 93,55 пайызы өз таңдауын жасап қойды. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.Халықаралық талапқа сай өтті
ТМД Байқаушылар миссиясының өкілі, Қырғызстан Орталық сайлау референдумдар жөніндегі комиссиясының мүшесі Ришад БЕКБАСАРОВпен әңгіме. – Ришад Бердібайұлы, негізгі міндеттеріңіз байқауды қай жерден, қалай бастадыңыздар? Не байқадыңыздар? – Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің байқаушылар миссиясының өкілдері 24 сәуір күні Алматы облысы Жамбыл ауданынан сайлауға дайындық барысына бақылау жүргізе бастадық. Қарасай, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов, Кербұлақ, Көксу аудандарын аралай, Талдықорғанға да жеттік. Сайлаудың жүргізілуіне біздің тарапымыздан ешқандай наразылық, тіпті, шөкімдей де кемшілік айту болған жоқ. Барлығы белгіленген уақытында, ретіне сай жүргенін көріп, тәнті болдық. Кандидаттар туралы мағлұматтар белгіленген жерде тең үлгіде тұр. Кеше таңертең Жаркент қаласындағы сайлау учаскелерінің ашылғанын, кабиналардың талапқа сай екендігін көріп, бюллетеньдерді салатын жәшіктерге қойылған мөртаңбаларды да тексердік. Бюллетень санының туралығын да көрдік. Жалпы, халық бұл сайлауға жақсы қатысқандығы сол, ешкімге міндеттеу секілді мәселелер қойылмағанының анықтығына көзіміз әбден жетті. Елдің сайлауға қатысудағы белсенділігі өте жоғары болды. Жол бойындағы шағын ауылдарға да бұрылып жақсы істі көріп, разы болыстық. Облыстық, республикалық байқаушыларды еш жерде шетқақпайламағанына да көңіліміз толды. Баса айтар жайт, сайлаушылардың ауылда да, қалада да сайлауға қатысуында ерекше белсенділік болды. Сайлау учаскелерінің барлығында қалай кіріп, кімге жолығып, қайдан шығуды анық көрсетіп қойған нұсқамалар көрнекті жерлерге ілінгендіктен, сайлаушылар сауаттылықтарын танытып әрі мәдениеттің мәйегін де аңғартқаны үлгі тұтарлық екен. Жалпы, бұл сайлауда тек жақсы істі көргендіктен, аталған саяси науқан туралы тек жақсы сөз ғана айту – азаматтық парызымыз. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан».Байқағанымнан таңғалғаным асып түсті
Галина ЛОПАТИНСКАЯ, ТМД Байқаушылар миссиясының мүшесі. Біз таңертең №2 сайлау учаскесінде дауыс берудің салтанатты ашылуынан бастап болдық. Таңғы 7.00-ден сайлаушылардың сайлау учаскесіне ағылып келгені таңғалдырды. Әдетте, бұрынғы көріп жүрген сайлауларда таңертеңгі уақытта негізінен қарт, егде кісілер келуші еді. Сіздерде әп дегеннен-ақ барлық жастағы, қарттар да, орта жастағылар да, жап-жас қыздар мен жігіттер де ерте келеді екен. Далада ақ жаңбыр сүмектеп тұр, ал олардың сайлау учаскесіне асыққаны білінеді. Қолшатырын сілкіп жинап, бюллетенін алуға, кабинаға кіруге ұмтылысында жасандылықтан ада, бір шынайылық есіп тұр. Сайлаушылар белсенділігі өте жоғары болды. Әр сайлау учаскесінде бір сағаттан отырдық, ешқандай дөрекі ереже бұзушылық, ұйымдастырудағы кемшіліктер байқағаным жоқ. Көрші Челябі мен Қостанай облыстары қашаннан аралас-құралас. Биыл да ынтымақтастыққа қол қойылды. Сайлауда ұқсастықтарымыз да бар екен. Бірақ, Челябіде өткен соңғы сайлауда бюллетень электронды урнаға тасталды. ҚОСТАНАЙ.Елдің бірлігіне сүйсіндім
Айнура ШАЙЫМҚҰЛОВА, ТМД Байқаушылар миссиясының өкілі (Қырғызстан). Ең алдымен Қазақстандағы сайлауда байқаушы болу мен үшін зор мәртебе екенін айта кеткім келеді. Бұл сайлауда халық елдің тұрақтылығы үшін дауыс бергеніне сенімдімін. Менің сүйсінгенім, Қазақстанның қай азаматы болмасын, сыртта жүрсе де, жарқын болашақ үшін дауыс беріп, елдің дамуына атсалысқысы келетінін байқадым. Бұл – өте қуанышты жағдай. Меніңше, бұл елдің бірлік-ынтымағы, ұйымшылдығының мол екенін білдірсе керек. Өзім көрген сайлау учаскелерінде елдің белсенділігі өте жоғары болды. Тіпті, бүкіл отбасымен кеп дауыс беріп жатқандарды жиі көрдім. Және бәрінің осынау науқанға атсалысқандарына қуанышты екендіктері бал-бұл жанған жүздерінен байқалып тұр. Бұл, әрине, қазақстандықтардың саяси науқанға өте жауапкершілікпен қарағандарын білдіреді. Сайлау учаскелерінде ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ. Жамбыл облысы.Жоғары бағаға лайық
Олег СОСКОВЕЦ, ТМД елдері миссиясының басшысы. Біз Қазақстандағы сайлаулардың қалай өтетініне әрдайым назар салып отырамыз. Ал өзім еңбек етіп, өскен жерім болғандықтан осынау саяси маңызды шараның халықаралық талаптарға сай ұйымдастырылуын қалайтындығым рас. Айта кету керек, сайлау мен сайлау аралықтарында бұл үдеріс үлгілі бола түсіп, жоғары дәрежеде өтуі дәстүрге айналып келеді деуге болады. Бұған Қарағанды облысындағы бірнеше сайлау учаскелерінде болғанымызда толығымен көз жетті. Байқалғандай, дауыс берушілер белгіленген уақыттан ерте жиналды. Олардың өз азаматтық парызын өтеуге деген белсенділігі көрінді. Миссия өкілдері тарапынан сайлау учаскелерінде заңнамаға сәйкес қандай да бір заң бұзушылық болған жоқ. Қайсысында болмасын таңдауын жасаушыларға жоғары мәдениеттілік пен тәртіпті қызмет көрсетілуін атап айтпасқа болмайды. Бұл сайлаудың өсіп-өркендеу үстіндегі елдің одан әрі дамуы үшін зор мәнге ие болатындығы сөзсіз. ТМД елдеріне Қазақстанның ауызбірлікті, татулықты, достықты нығайтудағы салиқалы саясаты, экономикадағы қол жеткізген табыстары, алға басқан қарышты қадамы үлгі. Халық қалауы соның өрлей түсуін күтетінін білеміз. Үміт ақталып, сенім биіктеуін тілейміз. Петр ФРИЗЕН, ТМД байқаушылар миссиясының өкілі: ӨСКЕМЕН.Таза да ашық сайлауға куә болдық
Генрих ЦЕРТИК, Германия Бундестагының депутаты. Біз Қазақстандағы сайлау туралы бұған дейін де естіген едік. Қай жағынан десеңіз, әрине, жалпы, адамзаттық тұрақтылық тұрғысынан. Шынын айту керек, сіздердің мемлекеттеріңізде нағыз демократиялық сайлау бар. Бұған дейін біздің басқа да байқаушыларымыз келіп көз жеткізгеніндей, қазір де біз бұл елдегі президенттік сайлаудың қалай өткізіліп жатқанына куә болдық. Рахмет, біз шынтуайтында таза да ашық азаматтық қоғамның сайлау үрдісіне куә болдық. Айтпағым, біз бұл сайлау турасында күні ертең халықаралық тұрғыдан есеп береміз, сонда біз өзіміз куә болған сайлаудың өткізілу барысын шынайы суреттеп береміз. Біздің топ біршама сайлау учаскелерінде болып, таза, азаматтық және демократиялық дауыс беру әрекетін өз көзімізбен көрдік. Бұл – дамуға бет алған Қазақстан елі үшін үлкен жетістік, үлкен қадам. Қашанда сіздердің алға басқандарыңызға тек оң сапар тілеуде боламыз деп ойлаймын. АЛМАТЫ.Ұйымдастыру жоғары деңгейде
Ольга БЛАГО, Ресей Федерациясы. Қазақстанда өтіп жатқан сайлауда халықаралық байқаушылар үшін де барлық жағдай жасалғанын атап өту керек. Яғни, телефон, факс, ғаламтор, барлық қажетті құрылғылардың бәрі бар. Бір сөзбен айтқанда, сайлауды өткізуді ұйымдастыру жағы жоғары деңгейде. Сондықтан, біз халықаралық байқаушылар жұмыстарымыздың еш кедергісіз, сәтті өтетініне сендік. Екінші айтарым, сайлауға келушілер белсенділігі жоғары болды. ПАВЛОДАР.Халықаралық байқаушыларды қанағаттандырып отыр
«Қазақстан» қонақ үйінің «Алтынемел» баспасөз залында Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауын қадағалайтын халықаралық байқаушылар тобының литвалық өкілі Дайнюс Радзявичюс қазақстандық журналистермен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Литва журналистер одағының төрағасы әрі мемлекеттік радио-телевидение комиссиясының мүшесі Дайнюс Радзявичюс мырза мәслихат барысында Қазақстанда кезектен тыс өткізілген Президент сайлауының сайлауалды үгіт-насихат үдерісі заң аясында және халықаралық талаптарға сай өткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралық байқаушылар жүргізген зерттеулерге сәйкес, сайлауалды үгіт-насихат пен үміткерлердің өз бағдарламаларын кеңінен жария ету, сайлаушылармен кездесу, теле-радио және баспасөз беттерінде үгіт-насихаттық жобаларын ұсынып, сайлауалды бағдарламаларын жариялауда ешқандай заң бұзушылықтар мен олқылықтар байқалмаған. Және де халықаралық байқаушы ретінде барлық үміткерлердің сайлауалды штабтарында сенімді өкілдермен кездесу барысында тараптардан ешбір арыз-шағым түспегенін, мемлекеттік құқықтық және заң орындарында да бұл саяси үдеріс негізінде заң бұзушылық деректері тіркелмегендігін айтты. Литвалық байқаушы журналист ретінде бұл сайлауды бақылау және зерттеу жұмыстарының өте жемісті болғанын, Қазақстанда өткізілетін саяси науқандардың мейлінше заң аясында әрі ашық түрде жүргізілетінін тілге тиек етті. Дәл осы күні аталмыш баспасөз залында Орталық Азия және Қазақстаннан шыққан шетелдік азаматтардың халықаралық орталығының жетекшісі Мордехай Кимёгар мырза да баспасөз өкілдерімен кездесті. Әлемде жүріп жатқан барша саяси үдерістерге тәуелсіз байқаушы ретінде қатысатын бұл ұйымның белді өкілі де Қазақстанда өткен сайлаудың заңдық тұрғыдан барлық тараптар үшін жемісті де тыңғылықты жүргізілгенін, қазіргі таңда елімізде демократиялық талаптардың нақты сақталатыны мен азаматтық қоғамның бекігені жөнінде баяндап берді. Мордехай Кимёгардың айтуынша, жексенбіде Қазақстан халқы өз таңдауын жасаумен қатар, мемлекет ретінде алға қойған биік мақсаттарына нық қадам жасады және сайлаушылар өз ынталылығы мен демократиялық құқықтарын толықтай пайдалана алу мүмкіндігіне ие екендігін айғақтады. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.Халықтың саяси белсенділігі жоғары екен
Карин ШТРЕНЦ, Германия. Мен көркейген Қазақстанға қызығушылықпен қараймын. Еңселі елге бірнеше рет келдім. Әр сапарымда жедел өзгерістерге куә болып, қуанып жүремін. Осы Көкшетауға, көркем Бурабайға да жолым түсті. Тәуелсіз Қазақстанның барлық салалардағы табысы көп ұлтты халықтың ынтымақ-бірлігінде, республика басшылығының салиқалы саясатында, болашақ жоспарларының баяндылығында деп білемін. Қазір бұл елдің халықаралық қауымдастықтағы беделі жоғары. Осы сапарымда, жанымдағы серігім дипломат Бертольд Ханс-Фридрих фон Плетцпен бірге халықаралық байқаушы ретінде Көкшетау қаласындағы №6 және №16 сайлау учаскелерінде болдым. Жұртшылыққа разы көңілдемін. Олар сайлауды, әсіресе Президент сайлауын мемлекеттік маңыздағы оқиға деп санайды. Ешкім ертеңіне бейжай қарамайды. Сондықтан, электораттың саяси белсенділігі өсіп отыр. Бұл болашақтың нұрлы болатындығын көрсетеді. Қазақстанда үлгі алатын жайлар көп. Біз оған тілектеспіз. Арамыздағы байланыс нығая беруіне тілестеспін. Ақмола облысы.Ертеңге деген сенімділік
Николай ТАУШКАНОВ, Ресей Федерациясы. Қазақстанда өтіп жатқан президенттік сайлаудың барысына өз пікірімді білдірсем, халықаралық байқаушылар ретінде негізгі міндетіміз сайлаудың шынайы әрі ашық өту барысын бақылау болып табылады ғой. Павлодар қаласында біз таңғы 7.00-ден бастап 20 шақты сайлау учаскелерін аралап, көріп шықтық. Қазір келіп тұрған №75 сайлау учаскесінде де өзіміз көрген басқа учаскелердегі сияқты ашықтық, тұрғындар белсенділігі, жалпы, сайлаушылардың көңіл-күйлерінің жақсы екенін байқадық. Ерекше бір байқалғаны, сайлаушылардың ашық, жарқын көтеріңкі көңіл күйлері, сол арқылы ертеңге деген сенімділіктері бар екенін білесіз. Дауыс берушілерге қатысты құпия ақпарат толық қамтамасыз етілген. Сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және жоғары деңгейдегі белсенділігін ерекше атауға болады. Павлодар.Болашақ алдындағы жауапкершілік
Өзінің сөзін қандай да бір заң бұзушылықтарды біз байқамадық, деп бастаған литвалық кәсіпкер Мұрад Мирзоянц әуелде кейбір техникалық кемшіліктер кездескен сияқты көрінгенін де жасырмады. Оның айтуынша, тексере келгенде, ешқандай да өрескел кемшілік емес екеніне көз жеткізіліпті. «Кейбір азаматтардың өз аты-жөндерін тізімнен таба алмауы, әрине, әртүрлі себептерге байланысты болуы да мүмкін. Түптеп келгенде, Қазақстандағы өтіп жатқан сайлауға тұрғындар белсенді қатысатындығына көз жеткіздік. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да туысқандарының қолдауына сүйеніп келіп жатуы ертеңіне деген жауапкершіліктен деп түйіндеуге болады», деді литвалық кәсіпкер. М.Мирзоянц Литвада да сайлаулар өтіп жататындығына, бірақ оларға деген тұрғындардың қызығушылығы төмен екендігіне назар аудартты. Қазақстанмен өзін бизнес байланыстыратынын алға тартқан кәсіпкер қазіргі таңда Қазақстан бүкіл әлемге танылып үлгергендігін, әлемді өзінің түрлі саладағы үлкен жетістіктерімен таңғалдырып келе жатқандығын, тіпті, қазақтардың қонақжай халық екенін ерекше атады.Бәрі ойдағыдай
Қазақстанда өтіп жатқан саяси шаралар Ресей тарапынан әркез зор қызығушылық танытып келе жатқаны белгілі. Бұл жолғы Президент сайлауына көрші елдің Омбы, Түмен және Қорған облыстарынан 50-ге жуық байқаушы қатысып, сайлау барысын бастан-аяқ бақылады. Біз солардың бірі Михаил КАРАКОЗДЫ әңгімеге тартып, алған әсерлерімен бөлісуді өтінген едік. – Бұл–менің Қызылжар өңіріне екінші сапарым. Мұның алдында Парламент Мәжілісі сайлауына байқаушы ретінде қатысып, көп тәлім алып қайтқан болатынбыз. Омбылық делегацияны Омбы үкіметі төрағасының орынбасары Владимир Компанейщиков бастап келді. Делегация мүшелері шетінен тәжірибелі, кәсіби білікті мамандар. Кең құшағын айқара ашып, қонақжай пейілмен қарсы алған қазақ еліне ризамыз. Енді негізгі тақырыпқа ойысатын болсақ, кезектен тыс Президент сайлауына жер-жерлердегі тыңғылықты дайындығы, солтүстікқазақстандықтардың көтеріңкі көңіл-күймен, саяси белсенділікпен қарсы алғаны бірден байқалды. Оған сайлау учаскелерін аралау барысында анық көз жеткіздім. №635 сайлау учаскесінде болғанымда сайлаушылармен әңгімелесіп, пікірлерін сұрастырдым. Қай-қайсысын болсын Қазақстанның болашағы, ертеңгі тағдыры бейжай қалдырмайды екен. Бәрінің ойлары «айтулы оқиғаға өз қалауымызбен келдік. Өйткені, Отанымыз – біреу, бізді ортақтастыратын – бір мүдде, бір мақсат. Еліміз күн өткен сайын көркейіп келеді. Осындайда әр дауыстың қаншалықты маңызды екені білінеді. Сол себепті қоғамдық саналылық таныту – әр қазақстандықтың асыл парызы», деген пайымдармен үндесіп жатты. Мені осында 80-нен асса да, таяғына сүйеніп келген Әлпеш деген кейуананың қайсарлығы таңғалдырды. Денсаулығын сылтауратып, үйде дауыс беремін деп сылтау табуға болар еді. Бірақ дімкәстігіне қарамастан күйректікке салынбаған батыр кейпі керемет сүйсіндірді. Ол маған «келесі сайлауға келуге де күш-қуатым жетеді», деп қалжыңдап қояды. № 636, 639, 642, 630 сайлау учаскелеріндегі сайлау үдерісімен танысқанда да демократиялық талаптар мен заң нормалары сақталуының куәсі болдым. Байқаушы ретінде сайлау учаскелерінде жүрген президенттікке үміткерлердің сенімді өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелері бұра тартушылықтардың кездеспегенін, әділ де ашық өтуі қамтамасыз етілгенін жеткізді. Қазақстан–біздің ежелгі көршіміз. Біртұтас экономикалық кеңістікке қосылғалы интеграциялық байланыстарымыз тереңдеп, нарық көкжиегі кеңейіп келеді. Алыс-берісіміз артты. Бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы Қазақстанның ұмтылысы мен әлемдік аренадағы беделі жоғары. Өркениетті 30 елдің қатарына кіру қадамына сәттілік тілеймін. Мен бұл пікірлерімді халықаралық байқаушылармен өткен брифингте де мәлімдедім. Бұл жолғы президенттік сайлау да халықаралық қауымдастық тарапынан оң баға алары даусыз. Жазып алған Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.Азаматтық борышқа адалдық
Қазақстандықтардың сайлауға белсенді қатысуы, әсіресе, ұлттық киімдерімен баруы мені тәнті етті, дейді литвалық байқаушы, Литва Сеймінің (парламенті) депутаты Гедиминас Якавонис. «Жастар мен қариялар да сайлауға мерекеге бара жатқандай көтеріңкі көңіл күйде барып дауыс берді. Азаматтардың жаппай сайлауға баруын мен олардың өз азаматтық борыштарын орындауға деген адалдығы деп түсінемін. Егер өз билігін сайлап алмаған халық қалайша оны сынамақ», деді литвалық депутат. Осы тұрғыдан ол мұндайды дұрыс деп бағалайтындығымен де бөлісе кетті. Ал өзге елдермен, соның ішінде Литвамен салыстырғанда Қазақстандағы сайлау барлық стандарттарға жауап беретіндей деңгейде өтті, дей келе, Г.Якавонис Литвадағы сайлауға анау айтқандай халық белсенді қатыса бермейтіндігін де жасырмады. «Сол азшылық таңдаушылар өз билігін сайлап алады. Әрине, Қазақстанның өзіндік қалыптасу жолдары бар. Маған бұл өте ұнайды. Астана қаласындағы бірнеше сайлау учаскесін аралап көргенімізде заң бұзушылықтарды байқай алмадық. Иә, кейбіреулер өз аты-жөндерін таба алмады, деген сияқты кемшіліктер кездесті. Бірақ бұл мәселе табанда шешіліп, сайлаушыларға дұрыс бағыт-бағдар беріліп жатты», – деп аяқтады сөзін литвалық байқаушы.