Өндіріс • 04 Қыркүйек, 2024

Кәсіпорын ішкі сұранысты толық өтейді

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бизнес өрісін кеңейту бағытындағы мемлекет бағдарламасының шарапатын көріп отырған кәсіпорынның бірі – «Жас қанат-2006» құс фабрикасы. Бүгінде өндіріс үдерісін түгел дерлік цифрландырып, толықтай жаңа технологиямен жарақтанып алған ірі кәсіпорын бірталай жылдан бері өңірді сапалы әрі экологиялық таза өніммен қамтамасыз етіп отыр.

Кәсіпорын ішкі сұранысты толық өтейді

Сұраныс бағыты сұрыптаудан аңғарылады

Фабрика таяуда 135 мың тауығын етке жіберіп, бір тәулік ішіндегі өнім көлемін 500 мыңға дейін азайтты. Мұның өз қайтарымы бар, өндірісте мекиендерді осылай жаңартып, ауыстырып отырамыз дейді кәсіпорын маман­дары. Құс фабрикасы шығарып жат­қан өнімнің шамамен 60 пайызы – бірінші санатқа жатады. С2 сұрып­ты және іріктелген жұмыртқалар бір­ден саудаға шығарылады. Кәсіпорын бұл са­наттағы өнімінің біраз бөлігін Ресей, Қыр­ғызстан, Ауғанстан елдеріне жөнелтеді.

«Жас қанат» тәулігіне ішінде бір­неше сарыуызы бар 5 мыңдай жоғары сұрыпты жұмыртқа шығарады. Үшін­ші сұрыпқа жататын ең ұсақ жұмырт­қаларды кондитерлік цехтар сатып алып, қамыр илеуге пайдаланады немесе ұнтақ жасауға жаратады.

Өндірістік цехтан шыққан жұмырт­қа ең алдымен анаконданың (конве­йер) бойымен жылжып отырып, сұрып­тау цехына келіп түседі. Жұмыртқа осы жерде сұрыпталып, тазартылады, сон­дай-ақ сәл жарылған өнім де жеке бөлініп алынады.

Одан әрі көзге көрінбейтін сызаты бар-жоғын тексеру үшін овоскопқа келіп түседі. Содан кейін мемстандартқа сәйкес жоғарғы, іріктелген, бірінші, екінші, үшінші сұрыпқа бөлінеді.

Бір ауысымда желінің бойында 13-15 адам тұрады. Жұмысшылар жұ­мырт­қаны алдымен қолмен сұ­рып­тап алады. Одан кейінгі шаруаны автомат тындырады.

«Қай жұмыртқаның қандай са­натқа жататынын көзбен-ақ анық­тай аламын. Біздің тұтынушылар көбіне ірі әрі ішінде бірнеше сарыуызы бар жұмыртқаларды таңдайды. Ал ауғанстандық тұтынушылар ара­сын­да керісінше, майда жұмырт­қалар жоғары сұранысқа ие. Майда жұ­мырт­қада ағзаға пайдасы мол заттар көбірек болады», дейді сұрып­таушы Анастасия Рузавина.

 

Өндірістік циклдің өзіндік ерекшелігі бар

Толық автоматтандырылған желі­дегі жапон құрылғысы жұмырт­қаның салмағын анықтап, соған орай санатын ажыратып, үш-төрт тарамға бөлініп кететін таспа жол­дарға сұрыптап салып отырады. Сырттай қараған адамға әр жұмырт­қа өз теңін өзі іздеп тауып, басқа­лар­дан бөлініп, өз жөндерімен кетіп жатқан сияқты болып көрінеді. Сұ­рып­тау құрылғысының операторы Виталий Мыткин тек осы бір қызық көріністі сырттай тамашалап, техниканың жұмысын бақылайды. Кейде әлденелерді шұқылап, ретке келтіріп қояды.

Сұрыптаудан өткен жұмыртқа 10-30 орындық ұяшықтарына қонып, қоймаға аттанады. Қоймадағы ауа тем­пературасы 16-18 градустан аспайды. Өнім осы жерден жүк көлік­те­ріне тиеліп, сатылымға жібе­ріледі.

«Құс әбден бабына келгенде күніне 700 мыңға дейін, ал жай кездері 450-500-ге дейін өнім өндіріледі. Қазір тоғызыншы цехты союға жібереміз. Сәйкесінше, өнім көлемі де 10 мыңға кемиді. Бұлардың орнын басатын балапандарды технологиялық кестеге сәйкес қыркүйекте отырғызамыз да, желтоқсанға қарай тәулігіне 700 мың жұмыртқа өндіруге қайта көшеміз. Әдетте, бір мекиен 60 күн жұмыртқалайды. Одан кейін жұмыртқасы азая бастағанда союға жібереміз. Бір тәулік болған балапанды алдымен құс өсіру алаңында бағып, 99 күннен кейін күркеге отырғызамыз. Ол балапан 130 күн өткен соң жұмыртқа бере бастайды. Бізде күнделікті балапандар жас өсу аймағында отырғызылады, 99 күнде үйге қоныс аударылады. 130 күннен бастап құс жұмыртқа бере бастайды. Алдымен бұл C1, C2, C3 санатындағы жұмыртқаларды береді. Құс өскен сайын, жұмыртқа көлемі де ұлғая береді. Құс не­ғұрлым жас болса, аталық без соғұр­лым аз болады», дейді кәсіпорын­ның өндірістік директоры Данияр Әлғожин.

 

Өнімнің 10 пайызы шетелге сатылады

Фабрикада 9 өндірістік цех, 5 құс өсіру алаңы жұмыс істеп тұр. Мұндағы 1 құс өсіру алаңына 135 мың балапан жіберіледі. Балапандар мен жұмыртқалайтын мекиендер «Техно» фирмасының торлы батареяларына қонақтайды. Құстардың жейтін жемі, ішетін суы, күркенің ауасы түгелдей онлайн режімде бақыланады. Құс ішетін су арнайы түтікше арқылы келіп тұрады. Кәсіп­орын аумағында екі шыңырау құдық бар. Құдықтағы су алдымен сүзгілеу жүйесіне өткізіліп, содан соң құстарға жіберіледі.

Кәсіпорын Ресейдің Свердлов асыл тұқымды құс зауытынан жылына 700 мың балапан әкеліп, мекиендерін жаңартып отырады. Сойылған құстың еті сатылып кетеді. Алай­да оны жергілікті дүкендер емес, алыс-жақын елдердегі құс етін өңдейтін кәсіпорындар сатып алады. Данияр Әлғожинның айтуын­ша, фабрикада өсетін құстар аса ірі емес, тірі салмағы 1 700 гр болады. Сойылған соң олардың дені экспортқа жөнелтіледі. Құс етін өңдеушілер одан көбіне тартылған ет, шұжық жасап шығарады.

Кәсіпорын басшыларының сөзін­­­ше, бүгінде өңірде жұмыртқа өні­­мінің көлемі халық сұранысын толықтай қамтып отыр.

«Елімізде жұмыртқа бағытын­дағы 34 құс фабрикасы бар. Бұл кәсіп­орын­дар былтыр 3,6 млрд жұмыртқа шығарды. Біз ел тұрғындарының сұ­ранысын 100 пайызға өндіріп отырмыз. Мұның сыртында, өнім экспорттап жатырмыз. Мәселен, қазір біздің өнімнің 10 пайызы шетелге сатылады. Әрине, шешілмей жатқан мәселелер де жоқ емес, бірақ біз оларды бірте-бірте еңсеруге, тығырықтан шығаратын жол іздеп табуға төселіп алдық», дейді «Жас қанат-2006» компаниясының бас директоры Қайрат Майышев.

 

Қостанай облысы