Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тәуелділік төмендейді
«Біздің елде ұлттық рейтинг агенттігі жоқ. «Ұлттық рейтингтік агенттік туралы» заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әзірленді. «Ұлттық рейтингтік агенттік 2025 жылы жұмысын бастайды» делінген құжатта. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері отандық рейтинг агенттігін құру үшін қаражат керек емес дейді. Рейтинг агенттігіне мемлекеттік даму институттары, қаржы ұйымдары, қор биржалары, несиелік бюролар қатысады. Олардың бәрі рейтинг агенттігінің капиталын құрайды. Рейтинг агенттігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бір акционердің үлесі 10 пайыздан аспайды.
ҚНДРА сарапшылары рейтингтік қызметтер нарығына қатысушылардың санын кеңейту олардың қызметтерінің орташа құнының төмендеуіне әкеледі деп есептейді.
«Бүгінде халықаралық рейтингтік агенттіктердің эмитент рейтингінің орташа құны шамамен 85 мың долларды (50 мыңнан 120 мың долларға дейін), эмиссиялық рейтинг 20 мың долларды құрайды. Рейтингтік агенттіктер үшін заңнамалық база әзірленгеннен кейін рейтингтік қызметтер нарығына қатысушыларды кеңейту үшін жағдай жасалады. Бұл рейтингтік қызметтердің құнын төмендетуге, демек олардың қолжетімділігін арттыруға әкелуі мүмкін», екені жазылған құжатта.
Тәуелсіз сарапшылар мұндай агенттіктің қажет екенін біраздан бері айтып келеді. Жекелеген қаржы институттары, компаниялардың инвестициялық тартымдылығы халықаралық рейтинг агенттіктерінің берген бағасымен бағаланады. Олардың бағалауы қаржылық тұрақтылықты, ашықтықты, инвестициялық тартымдылықты және басқа да көрсеткіштердің деңгейін көрсетеді. Біздің елде дегені жүріп тұрған ең танымалдары – «Fitch Ratings», «S&P Global Ratings», «Moody's», «S&P», «Fitch» халықаралық рейтинг агенттіктерінің дерегінше, 2022 жылдың қорытындысында құнды қағаздарын, облигацияларын шығарып сататын эмитенттердің ішінде 14 банк пен 20 мемлекеттік компания ғана халықаралық рейтингтермен 100% қамтылған. Ал биржадағы 18 микроқаржы ұйымының 33%-ының, қаржылық емес 42 компанияның 14%-ының рейтингі жоқ екен.
Ұлттық мүдде ескерілсе...
«Халықаралық рейтинг агенттіктерінен кредиттік рейтинг алу үшін жұмсалатын шығын көп. 2020-2022 жылдары микроқаржы ұйымдары мен қаржылық емес компаниялар облигациясының едәуір бөлігі «KASE»-де кредиттік рейтингісіз орналастырылып сатылды. Бұл білікті емес инвесторлар үшін тәуекелдер туғызып, құнды қағазын өткізетін эмитенттер өзіне қаражат тарту бойынша нарықтың әлеуетін толық пайдалана алмайды», деп түсіндірді ҚНРДА.
Өткен жылдың қараша айының басында ҚНДРА-ның «Астана» халықаралық қаржы орталығында аккредиттелген ресейлік «Acra» агенттігінің рейтингтік зерттеулерін мойындайтыны айтылды. Сарапшылардың сөзінше, ҚНДРА-ның Ұлттық рейтинг агенттігін құру туралы шешіміне тап сол «Acra» себеп болуы мүмкін. Себебі ЕАЭО-ға ортақ рейтинг құру мәселесі 2022 жылдан бастап ашық айтыла бастады. Ресейлік сарапшылар одақ аясында «Moody’s», «S&P», «Fitch»-тің қызметіне тыйым салайық дегенді арагідік айтып қалып жүр. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2020 жылғы 20 қазандағы №148 құжаты «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекітті. Аталған жоспардың 27-тармағына сәйкес 2024-2029 жылға дейінгі аралықта одақ елдері рейтинг агенттіктерінің қызметін жүзеге асыруға қойылатын талаптарды үйлестіреді. Кесімді мерзімге бес жыл қалды. Оған дейін өз агенттігіміздің жұмысын үйлестірмесек, біраз мүмкіндікті уыстан шығарып аламыз.
Отандық мәртебені қалай белгілеген жөн?
Қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, ЕАЭО-ға мүше елдер «ЕАЭО: Қаржы нарығындағы заңнамаларды унификациялау» туралы келісімге 2018 жылы Ереванда қол қойды. Бұл құжат ЕАЭО елдеріндегі банк өкілдіктерінің жұмысын үйлестіреді. Себебі ресейлік «Acra» агенттігі ішкі нарықта мойындалды. Күні ертең ЕАЭО-да рейтинг агенттігі ашылса, тізгін тағы да өзгелердің қолында кетіп, мүмкіндігімізді бағалау тетігінен айырылып қалуымыз мүмкін.
«Бізге тек халықаралық агенттіктердің бағасы ғана емес, бағалаудың ұлттық жүйесі де керек. Бастапқы кезде қиын болуы бек мүмкін. Рейтинг агенттігі халықаралық нарыққа шыға алмайды. Нарықтың сыйымдылығы небәрі 22 банктен, 27 сақтандыру ұйымынан, 21 брокерлік ұйымнан, 237 МҚҰ-дан, 92 корпоративтік облигация эмитентінен, жалпы қорытындысында 399 нысаннан құралған. Бізде көп жайт Ұлттық банктің ұстанымына байланысты. Мұндай агенттіктердің кем дегенде банк, бизнес және биржа өкілдерінен жасақталған 10 акционері болу керек. Сол кезде ғана ол Ұлттық банктен немесе Үкіметтен тәуелсіз болады. Болмаса шығар-шықпас жаны бар, әлсіз ұйым болып шыға келеді. Дәл қазір бізге ішкі нарықтың беталысын тынысынан танитын ұйымдар керек. Олардың негізгі міндеті ішкі нарық пен тәуекелдерді, оның ішінде саяси тәуекелдерді тереңірек түсінуге бағытталуы керек. Оған көп салмақ салуға болмайды. Сонымен бір мезгілде жас агенттікті халықаралық рейтингтік ұйымдармен салыстырып немесе бәсекеге түсіріп, «шаршатып» алуға да болмайды. Ол бастапқы кезде еліміздің ішінде ғана мойындалуға тиіс. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауы да әрқашан идеалды және бейтарап бола бермейді. Рейтингі өте жоғары компанияның құнды қағаздары құлдырап, ұйымның өзі банкротқа ұшыраған оқиғалар тарихта көп болған. Сондықтан халықаралық агенттіктер болжамын нақтылайтын кезде отандық рейтинг агенттігінің зерттеуін де қаперге алу керек. Бұл олардың құзыретін күшейтіп, қаржылық-экономикалық мүмкіндігін әртараптандырады», дейді І. Исаев.
Бір жағынан шығынды азайтады
Сарапшы Расул Рысмамбетов бізге өз агенттігіміз ең бірінші кезекте рейтингтік бағалауды алуға кететін жергілікті эмитенттердің шығынын азайту үшін керек деген пікірді қолдайды.
«Екіншіден, елдегі юрисдикциядағы корпоративтік қарыз нарығы кейінгі 3-4 жылда тұрақты дами бастағанын төмендегі деректер нақтылайды: 2023 жылы «KASE»-де 28 эмитент жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 62 облигация шығарылымын орналастырды. Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен үш есе жоғары. Жоғарыда айтып өткен «үлкен үштіктің» рейтингін негізінен мемлекет қатысатын компаниялар, сондай-ақ қаржы секторының ұйымдары сатып алады. Шетелдіктердің үлесі бар компаниялардың бәрінің рейтинг агенттіктері бар. «KASE»-де орналастырылған ішкі корпоративтік облигациялар нарығына халықаралық рейтинг агенттіктері қызмет көрсетеді. Сонымен бірге Ұлттық агенттік көмегімен ішкі нарықтың ерекшеліктерін шетелдік агенттіктер терең зерттей алады. Бұл банктердің шетелдік қаржы институттарымен интеграциясын тереңдетеді. ШОБ өкілдерінің биржаға жолын ашады», дейді Р.Рысмамбетов.
ҚНДРА ұлттық рейтинг агенттігін құру туралы ұсынысты қолдайтынын және оның жұмыс істеуіне мүдделі екенін ашып айтып отыр. Бұл ішкі нарықтың тынысына, отандық компаниялардың жай-күйін зерттеп жүрген тәуелсіз сарапшыларымыз бен экономистерімізге жақсы мүмкіндік. Мәселеге дайындығымыздың қандай екені алдағы бірер жылда белгілі болады.
АЛМАТЫ