Аустриядағы «Der Neue Heimatfilm» халықаралық кинофестивалінен туынды «Үздік көркем фильм» сыйлығын жеңіп алды. Аталған фестиваль жүздеген кәсіби маманның басын біріктіріп, маңызды деректі картиналарды ұсынады.
23-27 тамыз аралығында Санкт-Петербургте өткен «Lendoc Film Festival» фестивалінде «Бауырына салу» тағы биіктен көрініп, Ерсұлтан Ерман «Үздік актер» аталымын еншіледі. Халықаралық фестивальды бес жылдан бері «Лендок» ашық киностудиясы «Кинокультура» АҰО-мен бірлесіп өткізіп келеді.
«Бауырына салу» фильмі әжесінің қолында өскен жеткіншектің оқиғасын баяндайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол өзінің ата-анасына оралуға, бөтен адамдармен жаңа ортада қарым-қатынас құруға мәжбүр болады.
«Бұл – ішінара жеке өмірімнен алынған оқиға. Мен де әжемнің қолында өстім, мені тәрбиелеген сол кісі. Осы мәселені жіті зерттедім. Мұндағы басты нәрсе – ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Ата-әжесінің қолында өскен кез келген бала өз ата-анасын «әке» не «ана» деп атамайды. Неге олай? Әр сондай баланың ішінде «мені тастап кеткен» деген реніш бар. Фильмнің драматургиясы – отбасынан айырылғаннан кейін әлі де жаңа отбасы табу мүмкіндігі бар екенін көрерменге жеткізу», дейді режиссер.
Кучинчиреков бұл жобада режиссер, сценарист және продюсер ретінде жұмыс істеді.
Фильмнің тұсаукесері ірі халықаралық кинофестивальдарда өткен. Сонымен қатар жақында картина прокатқа шығып, көрерменнің ықыласына бөленді. Режиссердің айтуынша, бұл туынды – қазақ халқының салт-дәстүріне деген ерекше құрмет.