Кино • 03 Қыркүйек, 2024

«Бауырына салу» – дәстүрге құрмет

55 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық кино орта­лығы» қолдауымен түсірілген «Бауырына салу» фильмі халықаралық фестивальдарда топ жарып келеді. Жақында режиссер Асхат Кучинчерековтің фильмі Аустрия мен Санкт-Петербургте екі беделді марапатқа ие болды.

«Бауырына салу» – дәстүрге құрмет

Аустриядағы «Der Neue Hei­mat­­film» халықаралық кинофес­­ти­­ва­лінен туынды «Үздік көркем фильм» сыйлығын жеңіп алды. Атал­ған фестиваль жүздеген кәсі­би ма­манның басын бірікті­ріп, ма­ңызды деректі картиналар­ды ұсы­нады.

23-27 тамыз аралығында Санкт-­Петербургте өткен «Lendoc Film Festival» фестивалінде «Бауы­рына салу» тағы биіктен көрі­­ніп, Ерсұлтан Ерман «Үздік актер» ата­лымын еншіледі. Халық­аралық фестивальды бес жылдан бері «Лендок» ашық киностудиясы «Кинокультура» АҰО-мен бір­лесіп өткізіп келеді.

«Бауырына салу» фильмі әже­сінің қолында өскен жеткін­шек­тің оқиғасын баяндайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол өзінің ата-анасына оралуға, бөтен адамдармен жаңа ортада қарым-қаты­нас құруға мәжбүр болады.

«Бұл – ішінара жеке өмірім­нен алынған оқиға. Мен де әжем­нің қолында өстім, мені тәрбие­леген сол кісі. Осы мәселені жіті зерттедім. Мұндағы басты нәр­се – ата-ана мен ба­ланың қарым-қатынасы. Ата-әжесінің қо­лында өскен кез кел­ген бала өз ата-анасын «әке» не «ана» деп ата­майды. Неге олай? Әр сондай бала­ның ішінде «мені тас­тап кет­кен» деген реніш бар. Фильм­нің драматур­гиясы – отбасынан айы­рылған­нан кейін әлі де жаңа от­басы ­табу мүмкіндігі бар екенін көрер­мен­ге жеткізу», дейді режиссер.

Кучинчиреков бұл жобада режиссер, сценарист және продюсер ретінде жұмыс істеді.

Фильмнің тұсаукесері ірі халық­­­ара­лық кинофестивальдар­да өткен. Сонымен қатар жа­қында картина прокатқа шы­ғып, көрер­меннің ықыласына бө­ленді. Режис­сердің ай­туын­ша, бұл туын­ды – қазақ хал­қы­ның салт-дәстүріне деген ерек­ше құрмет.