Президент Жарлығымен наградаға ие болып, мерейі өскендердің бәрі – қарапайым еңбек адамдары. Мәселен, «Құрмет» орденімен «Атырау жолдары» ЖШС механизаторы Қайрат Айтмұхамбетов пен «ЭрЛи» ЖШС сарапшысы Сілемғали Смағұлов марапатталды. Екеуі де біраз жылдан бері құрылыс саласын дамытуға қосқан елеулі үлес қосып жүр.
«Бұл – менің бірінші марапатым. «Атырау жолдары» ЖШС-да механизатор болып жұмыс істегеніме 22 жыл толды. Біз жол саламыз. Бұл іске менің қосқан еңбегім пияз қабығындай ғана болуы мүмкін. Сол еңбегім бағаланды», дейді Қайрат Айтмұхамбетов.
Ал ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «БатысАльянсСтрой» ЖШС машинисі Рахымжан Қазиевке берілді. «ТSG Construction» ЖШС учаске басшысы Бауыржан Жұмағалиев, «БатысСтройСервис» ЖШС инженер-құрылысшысы Сырым Молдағалиев пен «Павлодар өзен порты» АҚ учаске шебері Бауыржан Нұрғалиев, еңбек ардагері Төлеп Орынбасаров «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Сондай-ақ Жылыой аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Гүлжайна Дүйісова, Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов пен облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы Марфуға Шапабаева «Үздік мемлекеттік қызметші» атанды. Атырау облыстық перинаталдық орталығының аккушер-гинекологі Мақсат Туғанбаевқа, орталық директорының орынбасары Меруерт Айдархановаға, аталған орталықтың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Әлішер Абатовқа «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі берілді.
Атырау облысы