Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2024

Сібір жарасы: Ұйғыр ауданы қатаң бақылауға алынды

104 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысының Ұйғыр ауданында тұрғындар сібір жарасын жұқтырғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап, елді үрейлендірген еді. Осыған байланысты Ұйғыр аудандық ветеринариялық бөліміне хабарласып, төмендегідей мәлімет алдық, деп хабарлайды Egemen.kz

Сібір жарасы: Ұйғыр ауданы қатаң бақылауға алынды

Фото: aqtobegazeti.kz

Ұйғыр ауданында 2024 жылдың 1 қыркүйек күні сібір жарасы ауруының белгілері анықталды деген күдікпен 2 тұрғын ауруханаға жатқызылды. Екі науқасқа да сібір жарасы ауру малды сойған кезде жұққандығы анықталды.

Аудандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты сол күні жедел штаб құрылып, нақты шаралар атқару бойынша жедел отырыс өтті. Штаб отырысының хаттамалық шешіміне сәйкес ең әуелі ауру ошағы ретінде Үлкен Ақсу ауылдық округі белгіленіп, округ аумағы және көршілес елді мекендердегі барлық үйлерді денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ветеринария саласының мамандары аралап, тұрғындарға алдын алу шаралары мен денсаулықтарына қандай да бір шағымдар болса дәрігердің көмегіне жүгіну қажеттігі ескертіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал ветеринар мамандар әр үйдің қорасындағы малдарды тексерді. Сонымен қатар қаңғыбас ит, мысықтарды аулады.

Алғашқы анықталған тұрғынның үйіндегі, яғни ауру ошағында сойылған сиырдың қалған қалдық терілері және сойған кезде қолданған құрал-саймандар (балта, пышақ, ет шапқан ағаш) барлығы аудандық ветеринарлық станциясының жылжымалы инсенираторында күйдіру әдісімен жойылды. Ауру ошағында санитарлық ағарту шарасы жасалып, қазіргі таңда қосымша қадағалау, бақылау жұмыстары күшейтілді. Сібір жарасына қатысты жағдайды зерттеу мақсатында ветеринарлық қызмет және санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы сыртқы қоршаған ортадан сынамалар, тоңазытқыштағы сойып алған малдың еті мен бауырынан, терісінен сынамалар алып, облыстық зертханаларға жіберілді. Ауру ошағына, мал қорасына, үйдің ауласына толық залалсыздандыру жұмыстары «Дезстройлайт» препаратының 1 пайызды ерітіндісімен жүргізілді.

Биылғы жылдың 2 қыркүйек күні аулаларды аралау барысында науқастармен байланыста болған 2 тұрғыннан аурудың белгілері анықталып, аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне оқшауланды. Олардан тиісті сынамалар алынып, зертханаға жолданды.

Қауіпті індеттің алдын алу шараларына сәйкес жергілікті атқарушы орган штаб жұмысын жедел ұйымдастырып, бақылау, қадағалау жұмыстарын күшейтті. Аудан аумағынан сыртқа ет және малды тасымалдау немесе сырттан ауданға тасымалдау әрекеттеріне аудандық полиция қызметкерлерімен шектеу қойылды.

Аудан тұрғындарына ет, сүт өнімдерін сатып алу барысында тексерілген және рұқсат құжаттары бар арнайы белгіленген орындардан алу қажеттігі, денсаулықтарына шағым болса дәрігердің көмегіне жүгіну, мал ұстайтын тұрғындар малда ауру белгілері немесе басқа да ауытқулар пайда болса бірден ветеринар мамандарға хабар беру қажеттігі ескертілген хабарландырулар таратылды. Сондай-ақ жалған ақпараттар мен алыпқашпа пікірлерге құлақ аспай, ресми БАҚ беттері мен жергілікті атқарушы органның ресми хабарламалары мен әлеуметтік желі парақшаларында берілетін ресми ақпараттардан мәлімет алу қажеттігі де ескертілді.

Жағдай толықтай аудандық әкімдіктің және басқа да құзырлы мекемелер мен құқық қорғау органдарының бақылауында.

«Үлкен Ақсу ауылдық округінің тұрғынынан сібір жарасының белгілері анықталуына байланысты Ұйғыр ауданы ветеринариялық бөлімінің 14 ауылдық округ ветеринариялық пункттерінің 90 ветеринар маманы күшейтілген режимде Үлкен Ақсу ауылдық округіндегі 139 жеке аулаларға ақпарттық түсіндіру, ауруға күдікті малдардың бар-жоғын анықтау және сібір жарасына қарсы егу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үлкен Ақсу ауылында ауру жұқтыру ықтималдығы бар деген күдікпен 47 ит пен 4 мысық ауланды.

Ауру шыққан үй ошағына, мал қорасына, ауласына жалпы көлемі 324 шаршы метр аумаққа, ал Жырық тума учаскесінде 141 бас ірі қара малға сібір жарасына қарсы екпе салынып, аталған учаскедегі 1800 шаршы метр қоражайға залалсыздандыру жұмыстары «Дезстройлайт» препаратының 1 пайыз ерітіндісімен жүргізілді», – дейді аудандық ветеринариялық бөлімі басшысының орынбасары Елнұр Досымбеков.
Аурудың шыққан ошағын анықтау, табу үшін, Үлкен Ақсу ауылдық округі аумағындағы егістік алқаптан, жайылымнан және ал Жырық тума учаскесіндегі қоражай маңынан топырақ, қи сынамалары алынып зерттеуге жіберілген.

Бүгінгі күнге ауылшаруашылық малдары арасында күдікті ауру белгілері тіркелмеген, эпизоотологиялық ахуал бірқалыпты, аталған жағдай аудандық ветеринария мамандарының қатаң бақылауына алынған.

Ұйғыр ауданында сібір жарасына күдікті жағдайлардың анықталуына байланысты, ветеринарлық-санитарлық уақытша шектеу шаралары енгізілгенмен, карантин жарияланбағаны туралы Алматы облысының әкімдігі хабардар етті.

«Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында мал мен ауылшаруашылық жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттауға шектеу қойылды. Сібір жарасы адамнан адамға жұұқпайтындықтан, азаматтардың жүріп-тұруына ешқандай шектеулер қойылған жоқ», делінген.