27 Сәуір, 2015

Тұңғыш рет туған елінде

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Без имени-6Ақтау қаласында сайлаудың сағаты соғып, халық бірі келіп, бірі кетіп жатқан шақта ұлттық нақыштағы  бешпет киген жылы жүзді апаға көзім түсті. Жанына жақын барып, сөзге тартудың сәті түсті. Ақ жаулықты ана – өткен жылы ғана шет мемлекеттен оралған қандасымыз, бірнеше перзент тәрбиелеп-өсірген Ақбала ҚИЯҚБАЕВА екен. – Апа, дауыс беруге ертелетіп келіпсіз ғой... – Иә, «ерте тұрған жігіттің ырысы, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, әрдайым ерте тұрып, шаруамды шаруалаған­ды дұрыс көремін. Ал бүгінгі­дей еліміздің Президентін сайлау сәтінде күн ұзақ қой деп арқаны кеңге салып жатып алмай, ертелетіп келген бетім еді. Сөйтсем, өзім дауыс беретін 28-ші сайлау учаскесіне ең бірінші келіппін. Әнұран шырқалып, сайлаудың салтанатты ашылуына куә болдым. – Жасыңыз нешеде? Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз? – Жасым 75-ке таяп қалды. Өмірге сегіз бала әкеліп, олар­дың барлығын да аяғынан тұр­ғыздық. Құдайға шүкір, қазір әрқайсысы бір үй, немерелер өсіп келеді. Бұған дейін отбасымыз Қа­рақалпақстанда тұрып келген болатын. Ержеткен балалардың алды бірінен соң бірі Қазақстанға қоныс аударып, ата жұртта шаңырақ көтере берді. Ең соңында өткен жылы өзіміз де келдік. Қазақстанның азаматы, Ақтау қаласының тұрғыны ретінде биыл атамекеніміз – Қазақстанның сайлауына алғаш рет қатысып, дауыс беру қуанышына ие болып тұрмын. – Демек, өз таңдауыңызды жасадыңыз ғой? – «Сырт көз – сыншы» дейді ғой атам қазақ, іші-бауырымыз туған елім деп елжіреп, Қазақстан туралы сырттай оқып-біліп, естіп жүреміз ғой. Тыныштық, халық бақуатты, балалар өсіп келеді. Зәулім үйлер бой көтеріп, жолдар салынуда. Бәріне шүкір деуіміз керек және бүгінгі тірлігімізге қанағатпен, барға да, жоққа да сабырмен қарағанымыз жөн. Қазақстанның болашағы бұдан да жақсы болатынына сенемін. Бізден бұрын Қазақстанға кеткен балаларымның бәрі де үйлі-күйлі, жағдайлы. Бүгінгі күніміз­ге ризамыз. Тыныштық үшін, бала­ларымның амандығы мен берекесі үшін өз таңдауымды жасадым. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.