Пікір • Кеше

Ғылым мен технология – өсіп-өркендеу кепілі

93 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы ең алдымен ел экономикасын жақсартуға негізделген ауқымды міндеттерді қамтиды. Мұнда кешенді жоспарларды іске асырудың жаңартылған салық заңнамасы жетекші рөл атқаруға тиіс екені айтылды. Жаңартылған Салық кодексі кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауды және мемлекет экономикасына инвестиция тартуды арттыруды көздейді.

Ғылым мен технология –  өсіп-өркендеу кепілі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Президент «көлеңкелі» экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді, қаржы саласындағы құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою қажеттігін баса айтты. Соңғы онжылдықтарда елімізде қомақты капитал тапқан кәсіпкерлерді өз қара­жаттарын мемлекет пайдасына жұм­сап, мектеп, балабақша, аурухана және қарапайым адамдарға қажетті басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шақырды. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу кезек күттірмес күн тәртібіне қойылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атом электр стансасы туралы рефе­рендумға қатысты Үкімет ұсы­ны­сын қолдай­тынын айта келе, жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін нақты жеткізді. «Ал­дағы референдум кең ауқымды жал­пы­ұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», деп ел қол­дауына сенім артты. Бұл – ұзақ мерзімдік мүмкіндіктеріміз бен болашағымызды қалыптас­ты­ратын ел дамуының негізгі жос­пар­ларының бірі.

Атом электр стансасы өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және экономиканың басқа да салалары үшін аса маңызды электр энергиясымен тұрақты және ұзақ мерзімді қамтамасыз етуге қабілетті. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – оның экономикалық тәуелсіздігі мен саяси тұрақты­лы­ғының кепілі. Уранның қомақты қоры бар Қазақ­станның электр энергиясын өндіру үшін өз ресурстарын пайдалану мүмкіндігі зор. Бұл импортқа тәуел­ділікті азайтып, ұлттық қауіп­сіздікті ны­ғайтады.

Атом электр стансасының құры­­лысы – энергетикалық мәселе­лер­дің шешімі ғана емес, қуатты экономикалық ынталандыру. Атом электр стансасына құйылатын инвестиция мультипликативті әсерге ие. Жобаға салынған әрбір теңге экономиканың сабақтас салаларында қосымша табыс табуға ықпал етеді. Жұмыспен қамтып, салық түсімдерін өсіріп, елдің жалпы әл-ауқатын арттырады. Атом электр стансасын салу және пайдалану мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл стансаның өзінде ғана емес, сонымен қатар құрылыс, металлургия, көлік және логистика сияқты сабақтас сала­лар­да­ғы жұмыс орындарын ашады. Атом энер­гетикасы саласында білім беру бағдарламалары мен ғылы­ми зерттеулерді дамытуды ынталандыратын білікті мамандар қажеттілігін тудырады.

Атом энергетикасын дамыту міндетті түрде еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін көтеру қа­жет­тігімен байланысты. Атом электр стансасын салу және пайдалану ядролық физика, энергетика, материалтану және сабақтас пәндер саласындағы білім мен зерттеулердің дамуын ынталандырады. Қазақстан халықаралық ынтымақтастық пен ғылым мен технологияға инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын атом энергетикасы саласындағы елеулі елдердің бірі болады. Же­текші халықаралық ғылыми орта­лықтармен бірлескен зерттеулер, атом энергетикасын дамы­тудың халықаралық бағдар­ла­ма­ла­рына қатысу және басқа елдермен тәжірибе алмасу еліміздің озық ғылыми орталық ретінде әлемдік аренадағы орнын нығайтады.

Еліміздің атом өнеркәсібін кадр­лық ресурстармен қамтамасыз ету жүйесінің тиімді жұмыс істеуі қажет­тігін де атап өту маңызды. Бұл жерде әңгіме тек ядролық физик­терді ғана емес, сонымен қатар атом электр стансаларын жобалауға, салуға және одан әрі пайдалануға қатысатын инженерлерді, экологтарды, химиктерді, конструкторларды, IT мамандарын, операторларды, техниктерді даярлау туралы болып отыр. Сонымен қатар осы салада қазірдің өзінде даярланған мамандардың білікті­лігін арттыруға ерекше назар ауда­ру қажет. Елімізде атом электр стансаларын салу туралы оң шешім қа­был­данған жағдайда атом энер­гетикасы саласын дамыту үшін радиациялық қауіпсіздіктің жоға­ры стандарттарын сақтауға және реттеуге қабілетті білікті маман­дарды белсенді дайындау қазірден басталуы тиіс.

Бүгінгі таңда Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың физика-тех­ни­калық факуль­тетінің Теория­лық және ядро­лық физика кафедрасында бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша «Ядролық физика», «Теориялық ядролық физика», «Ядролық медицина» және «Ядролық инженерия» білім беру бағдарламалары бар. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін атом саласына 580 бакалавр, 265 магистр және 58 PhD даярланды.

Қосдипломдық бағдарлама бо­­йынша Ресей Федерациясының Дубна университетімен «Ядролық физика» бакалаврлары (65 түлек); Ресейдің MИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетімен «Теория­лық ядролық физика» және «Ядролық медицина» ма­ман­дықтары бойынша магис­тра­тураға (27 түлек) және Жа­понияның Хоккайдо уни­вер­ситетінде «Ядролық медицина» мамандығы бойынша докторантурада білім алды. Осы білім бағдарламаларының түлектері Ядролық физика институтында, еліміздегі Ұлттық ядролық орталығында, Біріккен ядролық зерттеулер институтында, «Қаз­атомөнеркәсіп» ҰАК-да, «Ecoservice-S» компаниясында, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инсти­тутында және басқа да маман­дандырылған мекемелерде жұмыс істейді. Елі­мізде атом энергетикасын дамыту келешегіне байланысты атом электр стансалары үшін жоғары білікті отандық кадрларды даярлау мақсатында «Ядролық инженерия» білім беру бағдарламалары басталды. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі практи­калық-бағдарланған оқытуға баса назар аудара отырып, былтырдан бастап – бакалавриат, биыл­дан – магистратура ашылды. Уни­верситетімізде Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтымен бірлесіп «Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша диссертацияларды қор­ғау және философия докторы (PhD) дәрежесін беру жөніндегі дис­сертациялық кеңес жұмыс істейді.

Мұның барлығы атом электр станса­ларының сенімді, тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін, экология­лық және радиациялық қауіпсіздікті сақтайтын заманауи технологияларды қолдануға қабілетті жоғары білікті кадрларды даярлауға ықпал етеді. Бұл болашақта атом энергетикасы тұрақты жасыл энергетиканың негізгі элементіне айналуына жол ашады.

Жолдауда көтерілген тағы бір тақырып – ғылым және жо­ға­ры білімді дамыту, үздік уни­­вер­ситеттердің нақты сектормен байланысын нығайту, инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басым­дық­та­рымен үйлестіру, жоғары оқу орын­дарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыру.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның қабылдануын зор ықыласпен қабылдады. Заң жобасын талдау оның ғылым мен инновация арасындағы ажырамас байланыстың болуын растайтын осы саладағы заманауи зерттеулерді ескере отырып дайындалғанын көр­сетеді. Заңда іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға, ғылы­ми қызметкерлердің мәртебесін арт­тыруға және ғылымды өндіріспен интег­рациялауға, сондай-ақ ғы­лымды кадрлық, материалдық-техникалық, ғылыми-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Салалық уәкілетті органның, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісінің құзыреттері егжей-тегжейлі сипатталған. Ғылыми білімді, ғылыми-ағар­ту­шылық қыз­метті насихаттау мәселелеріне де үлкен мән бе­рілген. Заңның маңызды жаңа­лықтарының ішінде ғылыми ұжымдардың – заңды тұлғалар болып табылмайтын ғалымдар бірлес­тік­те­рінің мәртебесін реттеуге ерекше назар аударуға болады. Бұл өз кезегінде ғалым­дарды гранттық қолдауды жеңіл­детеді.

Заңда ғылыми, ғылыми-тех­ника­лық және инновациялық қызметті болжауға ерекше назар аударылды. Осылайша университетте ғылыми-инновациялық қыз­меттің негізгі көрсет­кіш­теріне уақтылы мониторинг жүр­гізуге мүмкіндік беретін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған бағ­дар­ламасы» бекітілді.

Қазіргі қоғамда ақпараттың ерекше құндылығы бар екенін және ғылым мен инновация саласында көбінесе негізгі капитал болып табылатынын ескере отырып, заң жобасы ғылыми ақпаратқа қол жеткізудің негізгі мәсе­лелерін шешеді. Атап айтқанда, бюджет қаражаты есебінен құрылған ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің нәтижелері туралы ақпараттың өзектілігі мен мони­торингіне, сондай-ақ ғылымның, бизнес пен қоғамның ақпараттық өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету мәселесіне ықпал етеді. Ғылыми-техникалық ақпа­ратты жинау, өңдеу және талдау жөніндегі жаңа механизм енгізуге Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құру арқылы қол жеткізуге болады.

Жаңа заңда жас ғалымдарды қолдау­ға ерекше көңіл бөлінеді. ҚазҰУ-дың кадрлық саясаты нәтижелі жұмыс іс­тейтін жас ғалымдарды мақсатты қол­дау, жас ғылыми кадрлардың нақты зерттеу нәтижелерін ынталандыру қағидатына негізделген. Университетте жас ғалымдарды ынталан­дыру жүйесі құрылды және жас ғалым­дарды белсенді ғы­лыми қызметке ынта­лан­ды­ру­дың барлық жолдары жасалды. Соның бірі жас ғалымдарға шетелде жаңа технологияларды игеруге септігін тигізеді.

Осылайша «Ғылым және техно­ло­гиялық саясат туралы» жаңа заң қо­сымша бюджеттен тыс қаражат тар­туға ықпал етіп қана қоймай, университет ғылымының алдында тұрған маңызды міндет­терді шеше бастады.

Көпшілік көңіліне жылы ұялаған тағы бір жайт – 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау жайында маңызды бастама айтылды. Бұл мәлімдеме техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің кең реформаларын, еңбекқорлық пен кәсіпқойлыққа баса назар аударуды, сондай-ақ әртүрлі жұмысшы кәсіптерінің мәртебесі мен беделін арттыру шараларын қамтиды.

Қорыта айтқанда, Жолдаудың бар­лық тапсырмасы нақты тұжы­рым­далған, атқарушы және заң шы­ғару­шы билік тармақтарын қатаң тәртіпке келтіруге арналған. Жолдауды орын­дауға қоғамның барлық құрылымдық буыны, соның ішінде еліміздің әрбір азаматы атсалысады деген ойдамыз.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректор