БАҚ өкілдері алдында «Green Kazakhstan» қоғамдық қорының құрылатынын ресми жариялаған Азаматхан Әміртаев бұл шешім өзекті экологиялық сын-қатерлерге берілер жауап және Мемлекет басшысының жақында халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Green Kazakhstan» қоры еліміздің экологиялық саясатын іске асыруда, орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуде негізгі құрал болуға арналған. Қордың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне мыналар жатады. Біріншіден, экологиялық бастамаларды қаржыландырады. Ол үшін Қор елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жобаларды қолдау үшін әртүрлі көзден қаражат жинайды. Екіншіден, экологиялық құзыреттер орталығын құру арқылы «Green Kazakhstan» экология саласындағы жетістіктер, білім және әлемдік үздік тәжірибелермен алмасу алаңына айналады. Үшіншіден, экологиялық ақпараттық күн тәртібін басқару жолымен Қор экология мәселелері бойынша қоғамдық пікірді белсенді қалыптастырады және халық арасында экологиялық мәдениетті ілгерілетеді. Төртінші, «Green Kazakhstan» ұлттық ESG-платформасын дамыту еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ете отырып, ұлттық ESG-стандарттарын әзірлейді және енгізеді. Бесіншісі, экономиканы декарбонизациялауға жәрдемдесу. Яғни Қор Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға белсенді қатысқалы отыр.
Партия төрағасының айтуынша, «Green Kazakhstan» қорын құру – жаһандық экологиялық сын-қатерлер мен дамудың ұлттық басымдықтары контекстінде уақтылы және қажетті қадам болып отыр.
Сондай-ақ Қор экологиялық проблемаларды шешуде мемлекеттің, бизнестің және қоғамның күш-жігерін шоғырландыруға, экологиялық жобаларды қаржыландыру мен іске асырудың ашық тетігін қамтамасыз етуге, еліміздің «жасыл» экономикаға және тұрақты дамуға көшуін жеделдетуге әрі экологиялық ахуалды, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, сонымен қатар экология және орнықты даму мәселелеріне жауапкершілікпен қарайтын ел ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға мүмкіндік бермек.
Жолдау жүктеген міндетті арқалаған Қор өз жұмысын жақын арада бастағалы отыр. Партия аталған Қордың алға қойылған мақсаттарға жетуі үшін мемлекеттік органдармен, бизнес-құрылымдармен, халықаралық ұйымдармен және жұртшылықпен тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуді жоспарлаған.