Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2024

Жайылымның жайы

64 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысы аумағында шешімін таппай келе жатқан мәселе жетерлік. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласын өрісте­тетін жайылымдық жерлер жайы. Облыс аумағы 18,5 млн гектарды жерді құрайды. 9,2 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің негізгі алаңын жайылым (7,9 млн гектар), егістік (812,9 мың гектар) және шабындық пен тыңайған жер (334,4 мың гектар) алып жатыр. Бұл аумақта 9,8 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді.

Жайылымның жайы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Өңірдегі Абай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар және жаңадан құрылған Жаңасемей, Мақаншы аудандарының тұр­ғындары жайылым жетіс­пеу­шілігін жыр қылып айтып отыр. Аймақтағы жайылымдардың жалпы көлемі 2,4 млн гектарды құраса, кейінгі жүргізілген мал санағының нәтижесіне сәйкес жайылымдық жер жетіспеушілігі 287,9 мың гектарға жеткен.

«Қазір жайылымдық жер тап­шылығын жою үшін шалғайдағы мал шаруашылығы үшін бос жер­лерден жер учаскелерін беру жұ­мыстары атқарылып жатыр. Өңір тұр­ғындарының өтінішін орындау бойынша қайтарылған немесе пайдаланылмайтын жерлерді айналымға тарту ісі бақылауға алынды. Жетіспеушілік туғызып отыр­ған жерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін елді мекендерге жақын жер учаскелерінің берілуіне байланысты. Яғни қол­даныстағы заңнамаға сәйкес елді мекенге жақын орналасқан жер учаскесі жергілікті тұрғындардың малын жаю үшін пайдаланылуы керек. Бірақ мұндай аумақтардың ауыл шаруашылығы мақсаты үшін пайдаға асатын тұстары бар. Сол себепті, мал шаруашылығына ар­нал­ған жайылым аумағы қысқа­рып жатыр», дейді облыстық Сәу­лет, қала құрылысы және жер қаты­настары басқармасының басшысы Анзор Абаев.

Ведомство басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай пайдаланылмайтын ауыл шаруа­шылығы жерлерін ел игілігіне қай­тару жұмыстарын жүргізіліп жатқанын алға тартты.

Жыл басынан бері пайдаланыл­май жатқан ауыл шаруашылы­ғы жерлерін қайтару туралы жер комиссиясының төрт отырысы өткізілген. Нәтижесінде, 111,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Өткен жылы пайдаланылмай жатқан 255,5 мың гектар жер ауыл шаруашылығын дамыту мақ­­­сатында мемлекет меншігіне қай­тарылған көрінеді.

 

Абай облысы