Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
31 тамыздан 30 қарашаға дейін қаз, үйректі, қасқалдақты, 1 қыркүйек – 15 қараша аралығында борсықты, 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін құрды, 2 қыркүйектен 30 қарашаға дейін шілді, 2 қыркүйек – 31 желтоқсан аралығында жабайы шошқаны, 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін Сібір елігінің аналығы мен лақтарын, 1 қарашадан 2025 жылдың 15 ақпанына дейін қоян, түлкі, қарсақты аулауға рұқсат беріледі. Ал итпен және жыртқыш құстармен саятшылық жасайтындар үшін қоян, түлкі, қарсақ аулау кезеңі 15 қазаннан 2025 жылдың ақпан айына дейін деп көрсетілген.
«Бекітілген квотаға сәйкес, 28 092 үйрек, 2 034 қаз, 2 086 қасқалдақ, 1 179 құр аулауға рұқсат етілген. Бұған қоса 130 қарақұйрық, 194 борсық, 1 730 суыр, 5 212 қоян, 354 түлкі, 87 қарсақ, 12 жабайы шошқа және 161 елік квотаға енді. Күзгі-қысқы аңшылық маусымы облыс аумағындағы 38 аңшылық шаруашылығының 28-інде рұқсат етіледі. 10 аңшылық шаруашылығында квота бөлінбегендіктен және резервтік қорда тұрғаны себепті, аң аулауға тыйым салынған. Сондай-ақ «Қызылтау» зоологиялық қорығы, Баянауыл ұлттық табиғи паркі, «Ертіс орманы» резерватында, «Ертіс өзенінің жайылмасы» қорығында аңшылық жүргізуге қатаң тыйым салынған», дейді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.
Мамандар ескерткендей, аңшылыққа шыққан адамда аңшы куәлігі, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы немесе жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттама, қару сақтауға және алып жүруге рұқсаттама, жыртқыш құстармен немесе иттермен аң аулау кезінде оларға тиісті төлқұжаттар болуы керек. Маусымдық жолдаманың орташа құны 14 мың теңгеден басталады.
Жануарларды заңсыз аулағаны немесе аңшылық ережесінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құстар мен қылшықты жануарлардың бір данасы үшін келтірілген залалға 5 айлық есептік көрсеткіш, тұяқты жануарларға 7,5-тен 750 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделген.
Ал арнайы қорғалған аумақтарда аңшылық жасағандардың ісі қылмыстық әрекетке теңестіріліп, бас бостандығынан айрылады. Жуықта павлодарлық қос аңшы Ертіс өзенінің жайылмасында, жабайы аңдарды аулауға тыйым салынған жерде елікті жайратып тастаған. Етін алып кеткелі тұрған жерден тәртіп сақшылары қолға түсірді. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша «Ерекше қорғалатын табиғи аумақта алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамдар атыс қаруын қолдана отырып, заңсыз аңшылық жасады» деп айыпталған екі азаматқа қатысты қылмыстық істі қарай келіп, бірін үш, екіншісін төрт жылға соттап жіберді. Сотталушылар қылмыстық әрекеттері арқылы мемлекетке 2,7 млн теңгеден астам залал келтірген.
Павлодар облысы